29 сәуір. Туған күн иелері

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 29 сәуірде тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

117 жыл бұрын (1906-1968) композитор, дирижер, этнограф, Қазақстанның халық әртісі, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың және Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Ахмет Қуанұлы ЖҰБАНОВ дүниеге келген.

Ақтөбе облысының Темір ауданында туған. 1929-1932 жылдары - Ленинградтағы М.Глинка атындағы музыка техникумының скрипка сыныбына оқуға қабылданып, кейін Римский-Корсаков атындағы консерваторияда гобой сыныбы бойынша және Ленинград консерваториясының тарихи-теориялық факультетінде қосымша білім алады.

1932-1933 жылдары Ленинград өнертану академиясының аспиранты. 1933 жылы Алматы музыка-драма техникумында сабақ беріп, қазақ тілінде алғашқы «музыка әліппесін» құрастырады. А.Жұбановтың жетекшілігімен 20 ғасырдың 30-жылдары қазақ музыкасын зерттейтін ғылыми кабинет, музыка-тәжірибелік шеберхана, КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы төралқасы жанынан өнертану секторы (қазіргі Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімі) ашылды. 1934 жылы А.Жұбанов алғаш 11 адамнан құралған домбырашылар ансамблі негізінде Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрін ұйымдастырды. 1935-1945 жылдары Қазақ филармониясының көркемдік жетекшісі әрі дирижері болды. 1945-1951 жылдары - Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) ректоры, 1954-1961 жылдары осы консерваториядағы өзі ашқан халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі болып, қазақ халық музыкасының тарихынан, дирижерлік өнер мен аспаптанудан сабақ берді. 1961-1968 жылдары А.Жұбанов Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімін басқарды. А.Жұбанов - қазақ халқының қазіргі заманғы кәсіби музыкасының негізін қалаған аға буын композиторлардың бірі. Ол қазақ музыкасын күрделі аспаптық симфониялық шығармалармен байытты. Олар: «Тәжік биі», «Қазақ билері», «Төлеген Тоқтаров», «Ария», «Абай сюитасы», т.б. соғыс жылдарындағы оның «Серт», «Қалғанынша қасық қан», «Москва», «Майданнан хат», «Қарлығаш» сияқты вокалдық туындылары қазақ халқының ұлттық музыка мәдениетіне соны өрнек қосты. Бұдан соң ол Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбет» (М.Иванов-Сокольскиймен бірге) пьесасына, «Аманкелді» фильміне музыка жазды, «Отаным», «Ақ шолпан», «Біздің ел», «Жылқышы», «Лирикалық ән», т.б. әндер шығарды. Алматы қаласы көшелерінің біріне, Республикалық музыка мектеп-интернатына А.Жұбанов есімі берілген.

77 жыл бұрын (1946) көрнекті физик-теоретик, кванттық хромодинамикадағы жаңа ғылыми бағыттың негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткері, әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының ғылым мен техника саласындағы лауреаты ҚОЖАМҚҰЛОВ Төлеген Әбдісағиұлы дүниеге келді.

1988 жылы І.Жансүгіров атындағы Талдықорған университетінің ректоры болып тағайындалып, университетті І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне ауыстырды.

1970-1998 жылдар аралығында физика факультетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор, теориялық физика кафедрасының меңгерушісі, факультет деканы, Ғылыми зерттеу институтының директоры болып қызмет атқарды.

1990-1991 жж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де елімізде ең алғаш рет ЖОО-да құрылған тәжірибелік және теориялық физика Ғылыми-зерттеу институтын ашып, сонда тұңғыш директоры болып қызмет атқарады.

1994 жылы Халықаралық жоғары мектеп Академиясының толық мүшесі болып сайланады. Қазақстандағы жоғары мектеп Академиясының бөлімшесі болып табылатын Қазақстанның жоғары мектеп Академиясының Президиум мүшесі мен Вице-президенті. Осы Академияны құруға деген өзінің зор үлесін қосқан бастаушылардың бірі болған.

2001-2008 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттінің ректоры. 2008 ж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының кеңесшісі.

Негізгі ғылыми еңбектері атом ядросы мен элементар бөлшектер теориясына, кванттық хромодинамикаға арналған. Ол жарық физикасы саласында «Торланған калибрлік өрісті стохастикалық кванттау» атты жаңа ғылыми бағытты қалыптастырды. 100-ден аса ғылыми еңбектің авторы.

«Парасат», «Барыс» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

69 жыл бұрын (1954) – Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Ұлықбек Оразбайұлы ЕСДӘУЛЕТдүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, А.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курсты бітірген. «Қазақстан пионері» газетінде, «Жазушы» баспасының поэзия редакциясында редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1988-1991 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. 1991-1993 жылдары - «Жас қазақ» газетінің бас редакторы. 1993-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бас маманы. 1997-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Тілдерді дамыту департаментінің бөлім меңгерушісі. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің сектор меңгерушісі. 2002-2008 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 2008 жылдан «Жұлдыз» журналының бас редакторы. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы. Ақынның «Қанат қақты», «Жаратылыс», «Көздеріңе ғашықпын», «Жұлдыз жарығы», «Алтайдың алтын тамыры», «Заман-ай», «Киіз кітап», т.б. жыр жинақтары жарық көрген. Оның өлеңдеріне белгілі сазгерлер ән жазған. Бірқатар өлеңдері шет ел тілдеріне аударылған. Өзі де көркем аударма саласында М.Лермонтов, А.Блок, Н.Рубцов туындыларын қазақ тіліне тәржімалаған.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

67 жыл бұрын (1956) Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының президенті Раушан Біргебайқызы СӘРСЕМБАЕВАдүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты, әлеуметтану ғылымдарының докторы. Гендерлік теңдік мәселелеріне арналған монография мен оқу құралының, сондай-ақ 50-ден астам мақаланың авторы. «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің мүшесі.

Қазіргі қызметінде 1995 жылғы қазаннан бері.

62 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі, танымал журналист Нұртөре Байтілесұлы ЖҮСІПдүниеге келді.

Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің тілшісі, көлік және коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі, бас редакторының орынбасары қызметін атқарған. 1990-1996 жылдары - «Егемен Қазақстан» газеті экономика бөлімінің меңгерушісі, бас редакторының орынбасары. 1996-2002 жылдары - «Жас алаш» газетінің бас редакторы. 2002-2005 жылдары - «Ақ Жол Қазақстан» газетінің бас редакторы. 2005-2006 жылдары - «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры. 2006-2008 жылдары - «Астана хабары» газетінің бас редакторы. 2008-2019 жылдары – республикалық саяси-қоғамдық «Айқын» газетінің бас редакторы. 2019 жылдан бастап – қазіргі қызметінде. Оның «Біз кімнен кембіз», «Қазақтың қызы», «Елес пен белес» атты публицистикалық жинақтары жарық көрген.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

39 жыл бұрын (1984) актер, әнші, композитор, жүргізуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Баянғалиұлы ӘЛІМЖАНОВдүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Музыкалық театр мен кино актері» факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 2003-2008 жылдары - Ғ. Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық театрының актері. «Хабар» телеарнасындағы «Жұлдызды дода» телевизиялық шоуының жүргізушісі. 2021-2023 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының бастығы болды. Оқу ордасында жүріп Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық «Ағайынды» телесериалындағы Қуаныш рөлі және «Елбасы жолы», «Менің балалық шағымның аспаны» киноэпопиясындағы елбасы Н.Ә.Назарбаевтың рөлдері арқылы жалпақ жұртшылыққа аса танымал болды. Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алды. «Нұр Отан» партиясының «Жас тұлпар» жастар сыйлығының иегері. ҚР мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік степендияның лауреаты.

37 жыл бұрын (1986) «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Қанатұлы ЖАНҒОЗИН дүниеге келді.

Қарағанды ​​қаласында туған. М.В. Ломоносов атындағы

Мәскеу мемлекеттік университетін (2008); «Назарбаев Университеті» автономдық білім беру ұйымын (2015) бітірген.

Еңбек қызметі: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымындағы жұмыс (2008 ж.); оқу процесін әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, директордың орынбасары; Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры, математика пәнінің мұғалімі (2011-2016); Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары (2016-2017); Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы (04.2017-08.2017); Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы (2017-2019); «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры директорының орынбасары (2020-2021). «Халықаралық бағдарламалар орталығы» (Болашақ)» АҚ президент (2022-2023).

Қазіргі қызметін 2023 жылдың наурызынан бері атқарып келеді.


Соңғы жаңалықтар