29 наурыз. Тұлғалар туған күн

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 29 наурызда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

127 жыл бұрын (1896-1986) қазақтың атақты шопаны, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек ҚУАНЫШБАЕВ дүниеге келген.

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында туған. 1936-1967 жылдары – Жамбыл облысы Көктерек, Айдарлы қой өсіретін ұжымшарларында аға шопан. 1948 жылы –әр жүз саулықтан 130-дан төл алған, ал 1958 жылы әр жүз саулықтан 145-тен қозы алған. Ол өсірген қаракөл қойларының елтірілері халықаралық көрмелерде, жәрмеңкелер мен Дели (Үндістан), Бухарест (Румыния), Познань (Польша), Нью-Йоркте (АҚШ) өткізілген аукциондарда көрсетілді. Оның есімі Қазақстанның Алтын Құрмет кітабына жазылған. Айдарлы ұжымшарында оның қой өсіру жөніндегі тәжірибесін үйрететін алғашқы мектеп ұйымдастырылып, Бірлік ауылында гранит тұғырға бюсті орнатылған. 3-4-ші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған. Ленин орденімен, «Орақ және балға» алтын медалімен және басқа да медальдармен марапатталған.

52 жыл бұрын (1971) кескіндемеші, ҚР Көркемсурет академиясының мүшесі, ЮНЕСКО жанындағы сыншылар мен өнертанушылар халықаралық қауымдастығының мүшесі Ботагөз Амандосқызы АҚАНАЕВА дүниеге келді.

«Тоқыма, керамиканы енгізе отырып рельефтік кескіндеме жасауға» патенті бар (1997). Бейнелеу өнерінің түрлері – кескіндеме, графика, мүсін, дизайн. 1990-1993 жылдары – Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының декораторы. Отандық және халықаралық «Жігер» (Алматы қаласы, 1991), «Рождественские сказки» (Мәскеу қаласы, 1993), «7 галерея» (Мәскеу қаласы, 1995), «АРТ-МИФ» (Мәскеу қаласы, 1993), «ҚР суретшілері» (1998), «Ботагөз Монреалда» (Монреаль қаласы, 1999), «Ұлы көшпенділердің алаулары» (Астана қаласы, 2001), «Реализм шектері» (2004), «Адамдар мен қоныстар» (БҰҰ желісі бойынша, Алматы қаласы, 1994) көрмелеріне қатысқан. Еңбектері «Шығыс галереясында» (Мәскеу қаласы), «Ұласу Артта» (Алматы қаласы), Третьяков галереясында (Мәскеу қаласы), «NordTa» (Монреаль қаласы, Канада), «ОЮ-да» (Алматы қаласы), «Ұмай Тәңіріде» (Алматы қаласы), «Шежіреде» (Астана қаласы), Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында қойылған. Шығармаларының басым көпшілігі әртүрлі техникалар мен материалдарды пайдалану арқылы рельефтік кескіндеме техникасында орындалған. Еңбектері Третьяков галереясы (Мәскеу қаласы), Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы (Алматы қаласы), Виллафамес қазіргі өнер мұражайы (Испания), Монреаль қаласының муниципалдық мұражайы (Канада), Канада генерал-губернаторының мұражайы (2000) жинақтарында, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, АҚШ, Канада, Франция, Испания, Италия, Израиль, Германия, Түркия, Мысыр және басқа да елдердің жекеменшік коллекцияларында сақталған. ҚР Суретшілер одағы жастар бірлестігінің мүшесі. ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық сыншылар және өнертанушылар қауымдастығының (АІСА) толық мүшесі (1996). БҰҰ желісі бойынша арнаулы сыйлықтармен марапатталған. Мәдениет қайраткері.

42 жыл бұрын (1981) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасы Дархан Жұмақанұлы АХМЕД-ЗАКИ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Мемлекеттік Техникалық университетін бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласындағы Республикалық медицина колледжінде физика және математика пәндерінің оқытушысы болып бастаған. 2003 жылы Жаңаөзен қаласында «Қазақойл» ЖАҚ технологиялық зерттеулер орталығының инженер-бағдарламашысы болып жұмыс істеді. 2004-2012 жылдары – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультетінің ассистенті, оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, деканның оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, «Информатика» кафедрасының меңгерушісі. 2012-2013 жылдары – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультетінің деканы. 2013-2016 жылдары – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқу жұмысы жөніндегі проректор. 2016-2017 жылдары – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры. 2017-2020 жылдары – Халықаралық бизнес университетінің президенті. 2020 жылғы тамыздан бастап 2022 жылғы қазанға дейін Astana IT University ректоры.

2022 жылғы 1 қарашадан бастап ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы.


Соңғы жаңалықтар