29 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі
2022 жылғы 29 маусым 07:00

29 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 29 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық тропика күні

Бұл күнді тропикалық аумақтарда кездесетін қиындықтардың барлық деңгейлерінде және Бейбітшілік аймағына әсер ететін проблемалардың ұзаққа созылған салдарларымен танысу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы құрған. Сонымен қатар, ол тропикалық елдердің тұрақты дамуы мақсаттары мен бағыттарына жетуінде маңызды рөлді айқындауға бағытталған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1932 жылы КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комиссариаты Балқаш мыс балқыту комбинатының құрылысы туралы қаулы қабылдады. Негізгі өндірістік құрылыстар мен қаланың орналасқан жері Бертіс шығанағының жағалауы болып бекітілді.

1964 жылы «Мақат-Ақтау» темір жолының құрылысы аяқталды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Шри-Ланка Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Гвинея Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы нота алмастырылды.

1998 жылы Тараз мемлекеттік университетінде XVI ғасырда өмір сүрген белгілі тарихшы, әдебиетші, философ, «Тарихи Рашидидің» авторы Мұхамед Хайдар Дулатиге мүсінтас қойылды.

2001 жылы ҚР Президентінің «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарлығы шықты.

2009 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананың болашақ мешіт құрылысының орнына ескерткіш капсуласын орналастырды және оны «Әзірет Сұлтан» деп атады. Мешіттің сәулет жобасының бәйгесіне 26 жұмыс түскен. Соның ең үздігі болып «KAZGOR» жобалау академиясы таңдалған.

2010 жылы Маңғыстау облысындағы Баутино портында республикадағы жалғыз кеме жөндейтін зауыт іске қосылды.

2011 жылы Қазақстанда еліміздің Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуіне арналған номиналы 1000 теңге болатын естелік банкноттар шығарылды. Банкноттың алдыңғы жағында «Ислам Конференциясы» Ұйымының логотипі және Қазақстанның Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің күмбезі бейнеленген. Келесі жағында кесененің жалпы көрінісі орналастырылған.

2018 жылы Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында домбыраға арналған ескерткіш қойылды. Ескерткіштің биіктігі – 7 метр, ұзындығы – 3 метр. Авторы жас мүсінші – Нұрбол Қалиев. Аудан әкімі Нұрлан Сыдықов салтанатты шарада сөз сөйлеп, ескерткіштің ұлттық мұраны жаңғыртып, төл өнеріміздің насихатталынуына бар күшін салатынын айтты.

2018 жылы Женевада (Швейцария) Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ядролық зерттеулер жөніндегі еуропалық ұйымның (CERN) ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі халықаралық ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылды. Қазақстанның CERN шеңберінде ғылыми ынтымақтастығы біздің еліміздің әлемдік қоғамдастықта оң имиджін ұстап тұру үшін үлкен маңызға ие, бұл елдің ғылыми және инновациялық әлеуетін дамытуға әсер ететінін атап өту керек. Өзара ынтымақтастықты нығайту жөніндегі келісім қолданыстағы келісімді нығайтып, ғалымдардың, инженерлердің, студенттер мен техникалық мамандардың Қазақстаннан CERN зерттеу жобаларына ұзақ мерзімді негізде қатысуына мүмкіндік беретін базаны құру мақсатын көздеді.

2021 жылы ҚР Ұлттық музейінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Астана күніне «Материалдық емес мәдени мұра» көрме залы ашылды. Жаңа зал ЮНЕСКО тізіміне енген Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларына арналған. Экспозиция 8 бөлімнен тұрады, мұнда қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасының элементтері, қолөнершілер мен аудиожазба ұсынылған.

2021 жылы Осло қаласындағы Әдебиет үйінде Абай Құнанбайұлының Қара сөздері мен таңдамалы поэзиясының («Abais dikt og visdomsord») норвег тіліндегі аудармасының тұсаукесері өтті. Бұл еңбек – норвег тіліне аударылған қазақ классикалық әдебиетінің алғашқы үлгісі. Абай шығармаларын норвег тіліне тәжік-норвег жазушысы және әдебиеттанушы Лютфия Бобоёрова аударды. Кітапты «Sirkel Forlag» баспасы шығарған, бас редакторы және Абай жайлы өмірбаяндық тарау жазған – норвег ғалымы және баспагері Осхильд Кюлос. Кітап 1500 данамен басылып, Норвегия кітапханаларында және кітап дүкендерінде, сондай-ақ цифрлік платформаларда таратылды. Аудио нұсқасы да жазылған. Басылым Лондондағы кітап көрмесінде де таныстырылды.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT