29 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер.

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 29 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

29 маусым, ЖҰМА

Сейшел аралдары Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1976)

Сейшел аралдары мемлекеті Мадагаскар аралының солтүстік-шығысында, Үнді мұхитындағы 115 аралда орналасқан. Әкімшілік-аумақтық жағынан 23 округке бөлінеді. Астанасы - Виктория қаласы. Ресми тілі - креол, ағылшын және француз тілдері. Ұлттық ақша бірлігі - сейшел рупийі.

Монреальда халықаралық джаз фестивалі

30 жылдан бері жыл сайын дүниежүзілік джаз мерекесі атап өтіледі. Фестиваль әлемдегі ірі мереке ретінде Гиннес рекордтар кітабына енгізілді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1932 жылы КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комиссариатының алқасы «Балқаш маңы мыс қорыту комбинатының құрылысы туралы» қаулы қабылдады.

1964 жылы «Мақат - Ақтау» темір жолының құрылысы аяқталды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Люксембург Ұлы Герцогтығының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Шри-Ланка Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Гвинея Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы нота алмастырылды. 

1998 жылы Тараз мемлекеттік университетінде XVI ғасырда өмір сүрген белгілі тарихшы, әдебиетші, философ, «Тарихи Рашидидің» авторы М.Х. Дулатиге мүсінтас қойылды.

2001 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

2005 жылы Мемлекет басшысы «Балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

2005 жылы Оралда Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішіндегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, Батыс Қазақстан облысы әкімшілігі және «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы арасында өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

2005 жылы Семейде қазақ ғалымы, абайтанушы, профессор, жазушы, драматург, Абай атындағы сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедхановтың (1916-2004) шығармалар жинағының бірінші томы жарық көрді.
Шығармалардың бірінші томына «Абайдың әдебиет мектебі», «Абай шығармаларының текстологиясы» еңбектері және танымал адамдар туралы мақалалары енді. Саяси қуғын-сүргін жылдары бұл зерттеулерге тыйым салынған, ал авторды «халық жауы» деп айыптап 25 жылға түрмеге қамаған. Жинаққа кірген Қайым Мұхамедхановтың хаттары мен суреттері ғалымның отбасылық мұрағатынан алынған.

2009 жылы Астанада өткен Қала құрылысын салушылардың «Қазақстан-2009» VIII форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қала құрылысын салушылар одағының Алтын медалімен марапатталды.

2009 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананың болашақ мешіті құрылысының орнына ескерткіш капсуласын орналастырды және оны «Әзірет Сұлтан» деп атады.
Мешіттің сәулет жобасының бәйгесіне 26 жұмыс түскен. Соның ең үздігі болып «KAZGOR» жобалау академиясы таңдалған. 

2010 жылы Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен толеранттық және кемсітпеушілік жөніндегі ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі конференциясы болып өтті.

2010 жылы Маңғыстау облысындағы Баутино портында республикадағы жалғыз кеме жөндейтін зауыт іске қосылды.

2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында ылғал жұтқыш мақта, мақта целлюлозасын және техникалық карбоксиметилцеллюлоза шығарумен айналысатын еліміздегі алғашқы кәсіпорын пайдалануға берілді.

2011 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңға қол қойды.

2011 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) төрағасы Мевлют Чавушоглумен кездесіп, тараптар Қазақстан мен ЕКПА ынтымақтастығының жағдайы мен перспективаларын талқылады.

2011 жылы Президент жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қоры Астана қаласында «Елбасы және мемлекеттік тіл» жинағының тұсауын кесті.

2012 жылы Астана қаласында қоғамдық келісім және әлеуметтік жаңғырту саласындағы Сараптама кеңесінің бірінші отырысы өтті.

2012 жылы Өскеменде Астана мен Протозанова көшесін біріктіретін Үлбі арқылы автомобиль көпірін салуды бастады.

2012 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қобыз сарайы» көпфункционалды концерт залына барды. Ғимарат қазақ музыкалық фольклорын насихаттау мақсатында, сондай-ақ, шетелдік және қазақстандық туристерді тарту үшін жеке инвестордың қаражатына салынды.

«Тілеп қобыз сарайының» көрермен залы қазақы киіз үй түрінде жасалған, ал залдың іші қазақтың ұлттық нақыштарымен безендірілген. Акустикасы жапониялық мамандардың көмегімен іске асырылды.

2014 жылы Ақтауда шетелдегі алғашқы әзербайжандық логистикалық орталық салына бастады, оның көмегімен Әзербайжанда шығарылатын өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы өнімі Қазақстанға және кері экспортталатын болады.

2015 жылы Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкін құру бойынша Келісім Баптарына қол қойды.

2015 жылы Мәскеуде, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының елшілігінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевты Ресейдің Еркін экономикалық қоғамдастығының Үлкен Алтын медалімен марапаттау рәсімі өтті. Елбасы ЕЭҚ-тың алғашқы шетелдік кавалері атанды.

2015 жылы Татарстан Республикасындағы қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы С.Жақсыбаевтың өтінішхаты мен Қазанның муниципиалдық топонимика жөніндегі комиссиясының ұсынымдарына сүйене отырып, қала әкімдігі Вахитовский және Приволжский аудандарының аумағындағы Эсперанто көшесін Нұрсұлтан Назарбаевтың атына өзгертті. Көшедегі мекенжайдың нөмірлері сол күйі сақталып қалды.

1855 жылы Лондонда «The Daily Telegraph» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді.

1916 жылы «Боинг» ұшағы алғаш рет әуеге көтерілді.

1964 жылы теледидарды алыстан басқару пульті жасалды.

ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1908-1978) әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі СМИРНОВА Нина Сергеевна дүниеге келді.

Мәскеу мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. 1939-1945 жылдары - Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) оқытушысы, кафедра меңгерушісі. 1945 жылдан Қазақстан Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкер болған. Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ фольклортану ғылымы мәселелеріне: қазақтың ауызша тараған поэтикалық шығармаларының тарихи даму жолдары, эпос, айтыс және қазақ ауыз әдебиетінің басқа жанрлары, фольклор мен жазба әдебиетінің байланысы мәселелеріне, қазақ фольклортану тарихына, т.б. арналған. «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ фольклористикасы», т.б. еңбектерді шығаруға атсалысқан. М. Әуезовпен бірге эпикалық туындылардың («Қамбар батыр», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек») ғылыми басылымдарына басшылық жасаған. Жамбыл шығармалары туралы зерттеу еңбек, Қазақстандағы орыс мектептері үшін қазақ әдебиеті оқулықтарын (М. Сильченкомен бірге), қазақ ауыз әдебиеті жөніндегі бағдарламалар, ауыз әдебиетін жинау жөнінде әдіснамалық нұсқаулар жазған.

null 99 жыл бұрын (1919-1944) Кеңес Одағының Батыры НҰРЖАНОВ Қазбек Бисенұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Ол 1942 жылдың 5 сәуірінен атқыштар дивизиясына қарасты 61-ші жойғыштар дивизионының құрамында бұзғыштар бөлімшесінің, кейін барлаушылар взводының командирі болып ұрысқа қатысты. Волга, Орел, Зуш, Десна, Сож, Днепр, Березина өзендерінен өту кездерінде асқан ерлік көрсетті. Волковск қаласын алу кезіндегі шайқаста асқан ерлік көрсетіп қаза тапты. Қазір Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында Қ. Нұржанов атындағы орта мектеп бар.

«Ленин», «Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, медальдармен марапатталған.



null 79 жыл
 бұрын (1939-1987) биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Лениндік сыйлықтың лауреаты АЙТХОЖИН Мұрат Әбенұлы дүниеге келді.

Петропавл қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1978-1983 жылдары - Ботаника институтының директоры. 1983-1987 жылдары - Молекулалық биология және биохимия институтының директоры. 1986-1987 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті қызметін атқарған.
М. Айтқожин клеткалық макромолекулалардың синтезі саласында аса құнды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Эукариоттық клеткаларда кездесетін клеткалық бөлшектердің жаңа класын, ақпараттық рибонуклеин қышқылдарының рибонуклеопротеидтік түрін - информосоманы ашқан. Айтхожин бидай дәнінің эмбриогенезі, пісіп-жетілуі, тұқымнан өнуі кезінде оның клеткаларында жүретін құбылыстарды: ақпараттық рибонуклеин қышқылдарының биогенезін, түзілуін, сақталуын және оның құрылымдық ерекшеліктерін зерттеді. Өсімдік рибосомаларының физикалық-химиялық қасиеттерін анықтап, олардың жануар рибосомаларына ұқсас екенін байқады. Жануар мен өсімдік клеткаларының суббөлшектерінен тұратын әрекеті күшті будан рибосомалар алуға, оларды зерттеуге болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Бұл зерттеулердің эволюциялық теорияны дамытуда үлкен маңызы болды. Биохимиялық тәжірибелерді автоматтандыру саласында белсенді басшылық жасады. 1983 жылы Қазақстан Ғылым академиясы жанынан Молекулалық биология және биохимия институтын ашқан. Осы институт құрамында клеткалық және генетикалық инженерия, трансгеноз лабораторияларын, Биотехнология орталығын ұйымдастырған.

М.Айтқожин есімі молекулалық биология және биохимия институтына, Петропавл қаласындағы орта мектепке берілген. Алматыда ғалым тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған. Оның есімі Қазақстанның Құрмет кітабына енгізілген.

«Халықтар достығы» орденімен, Халықаралық бейбітшілік қорының Алтын медалімен марапатталған.

null 77 жыл бұрын (1941) химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі сыйлығының және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлықтың иегері ПІРӘЛИЕВ Қалдыбай Жайлауұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында туған. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1965-1994 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының Бектұров атындағы Химия ғылымы институтының аға зертханашысы, инженері, кіші, аға, жетекші, ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі. 1994-2005 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты директорының орынбасары. 1994 жылдан Қазақстан Ғылым академиясынының Бектұров атындағы химия ғылымдары институты дәрі-дәрмек химиясы зертханасының меңгерушісі, Алматы үздіксіз білім университетінің ректоры қызметтерін атқарып келеді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармакопеялық комитетінің мүшесі, Диссертациялық кеңес төрағасының орынбасары, Республикалық іргелі зерттеулер кеңесінің мүшесі болып табылады. Сондай-ақ «AAPS» Америка фармацевтика ғалымдары қауымдастығының мүшесі, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің мемлекеттік ғылыми стипендиясының жеңімпазы. Соңғы жылдары Америка азаматтық зерттеулер және даму қорының (CRDF) 3 гранты, АҚШ-тың Оклахома және Нью-Йорк университеті, INTAS гранты бойынша Бельгияның Гент университетінің ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыстар жүргізуде. Жаңа дәуірлік заттарды іздестіру және өндіріске енгізу жолындағы жетістіктері үшін Америка фармацевтика ғалымдарының қауымдастығына мүшелікке қабылданған.

Республикада тұңғыш рет депрессияға қарсы жартылай синтетикалық дәрілік зат - цефедрин өндіру мен оны медицинада қолдануды іске асырған.
Ғалымның 700-ге жуық ғылыми еңбегі, 200-дей патенті бар. 26 химия ғылымдарының кандидатын, 4 докторын даярлаған. «КСРО өнертапқышы» белгісімен, медальдармен марапатталған.

null 60 жыл бұрын (1958)  «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары, ТМД Журналистер Конфедерациясы сыйлығының лауреаты, ҚР Президенті грантының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ОЛЖАЙ Қайнар Қалиақпарұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында дүниеге келген.

2006 жылдан «Қазақстан» РТРК АҚ Бас продюсері, Басқарма Төрағасының шығармашылық жөніндегі орынбасары, «Қазақстан» Ұлттық арнасының бас директоры болған. «Мың бір мақал», «Деген екен», «Солай болған», «Тіл», «Сөзмерген», «Ілік септігі», «Келбет» т.б бағдарламалардың, 15 сериялы тарихи-деректі «Бірінші» телефильмінің авторы. 2013 жылдың 29 мамырынан бастап «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 1994 жылы «Президент пырағы», 2007 жылы «Қара нары қазақтың», 2008 жылы «Атамыз - Аласанбай», 2010 жылы «Қанат байлаған қазақ» кітаптары жарыққа шықты.

null 39 жыл бұрын (1979) «Allur Group» автомобиль компаниялары тобының президенті ЛАВРЕНТЬЕВ Андрей Сергеевич дүниеге келді.

Ол Алматы қаласында туған. Республикалық медициналық училищесін; «Әділет» жоғары құқық мектебін бітірді.

Қазақстандағы BMW маркалы автокөліктерінің ресми дилері - «Бавария»  автоорталығының кеден және логистика департаментінің басшысы (2001-2003); «Allur Auto» компаниясының негізін қалаушылардың бірі және компанияның коммерциялық директоры (2003-2008); «Allur Auto» компаниясының бас директоры (2008-2012).

2012 жылдың қазан айынан бері «Allur Group» автомобиль компаниялары тобының президенті.

null 118 жыл бұрын (1900-1944) француз жазушысы, ұшқыш Антуан де СЕНТ-ЭКЗЮПЕРИ дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар