29 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырман назарына 2023 жылғы 29 мамырға арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесі ұсынылады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік салауатты ас қорыту күні

Дүниежүзілік гастроэнтерологтар ұйымының (World Gastroenterology Organisation, WGO) бастамасымен құрылған. Дүниежүзілік гастроэнтерологтар ұйымы - халықаралық үкіметтік емес кәсіби медициналық федерация, оның құрамына жүзден астам ұлттық гастроэнтерологиялық қоғам мен төрт аймақтық гастроэнтерологтар қауымдастығы кіреді. Жалпы алғанда ұйымның 50 мыңнан астам мүшесі бар. Ұйым 1935 жылы Брюссельде өткен бірінші Халықаралық гастроэнтерологиялық конгресте құрылды. Бірақ оның негізі қаланған күн деп 1958 жылдың 29 мамырды атау керек, себебі бұл күні Вашингтонда бірінші Дүниежүзілік гастроэнтерологиялық конгресте ұйымның жарғысы қабылданған. Бұл күнді сондай-ақ салауатты ас қорыту күні деп жариялау шешімі қабылданған.

Халықаралық БҰҰ бітімгерлері күні

2003 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі. 2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарымен бекітілген. Қарарда БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге, үкіметтік емес ұйымдарға және жекелеген азаматтарға БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау мақсатындағы операцияларының құрамында қызмет істеген адамдарға құрмет, сонымен қатар қаза болғандарды есте сақтау күні ретінде атап өту ұсынылған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1891 жылы екі төбеде орналасқан Ақ-Төбе әскери бекінісі ресми түрде қала мәртебесін алып, «Актюбинск» қаласы деп өзгертілді. Кейіннен ол Торғай облысының құрамына кірді. 1932 жылдың 10 наурызында Ақтөбе облысының орталығы болды. 1999 жылдың 11 наурызында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақтөбе қаласы болып өзгертілді.

1996 жылы Президент Назарбаевтың Сингапурға ресми сапары барысында, екі елдің Әуе қатынастары туралы келісімге қол қойылды.

2007 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасында өзара көмек туралы заңға қол қойылды. Осы құжатқа сәйкес, қандай да бір тарапта аса ауқымды төтенше жағдай орын алып, өз күшімен оның салдарын жою мүмкін болмаған кезде екінші тарап оған көмек көрсетіп, құтқарушылар тобын жіберуі қарастырылған.

2012 жылы Қазақстан айтыс пен киіз үй және оның жабдықтарын дайындау өнерін ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасының тізіміне енгізу жөнінде ұсыныс жасады. ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасының тізімінде әлемнің танымал туындыларымен бірге Қазақстанның үш тарихи-мәдени экспонаты бар - Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Алматы облысындағы Тамғалы петроглифтерінің тас кешені, Сарыарқа мен Солтүстік Қазақстан облысының көлдері мен даласы.

2013 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Дж.Пак атындағы ПОСКО (POSCO) оңтүстік кореялық болат құю комбинаты халықаралық қорының стипендиясын табыстау салтанаты өтті. ПОСКО халықаралық қоры Азияның 10 еліндегі 12 университетің үздік студенттеріне стпиендия тағайындайды. Аталған ЖОО қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де бар.

2014 жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында еуразиялық кеңістіктегі интеграцияны дамытудың сапалы жаңа кезеңінің басталуын білдіретін Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко қол қойды.

2017 жылы «Astana Polo Club» және «Almaty Polo Club» қазақстандық поло командалары Германияның Мюнхен қаласында өткен «Munich Polo Cup 2017» және «Munchin Gold Cup 2017» халықаралық турнирлерінде жеңіске жетті.

2017 жылы Канадада Манитоба университетінің профессоры Франк Альбоның «Астана: архитектура, аңыз, арнау» кітабының ресми таныстырылымы болып өтті. Бұл кітап канадалықтардың үлкен қызығушылығын тудырды. Алғашқы тираж (4500) түгел сатылып кетті. Кітап Канадада ресми түрде бестселлер деп танылды.

2017 жылы «Бабалар ізімен» Қазақстан ғылыми экспедициясы Әзербайжанға келді. Ғылыми экспедицияның мақсаты - әлемдегі қазақтар мен түркілердің көші-қон іздерін зерделеу, сондай-ақ ғұн, түркі, қыпшақтар ұрпақтарымен танысу. Экспедицияны Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қоғамдық-қайырымдылық қоры ұйымдастырды.

2018 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде сақ дәуірінен Қазақ хандығына дейінгі археологиялық жәдігерлер көрмесі ашылды. 60 заттан құралған экспозиция төрт дәуірге бөліп көрсетілді: сақ, ғұн, түркі және Қазақ хандығы.

2020 жылы Атырау қаласының Театр алаңында, Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының алдында КСРО Халық әртістері Асанәлі Әшімов, Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова және Махамбет ауданының тумасы, Қазақ КСР Халық әртісі Нұрмұхан Жантөринге ескерткіштер орнатылды. «Шығармашылық сырласу» композициясының авторы – алматылық мүсінші Гүлфия Мелдеш.

2021 жылы Бразилиядағы Баиа Халықаралық анимациялық фестивалінде (FESTIVAL INTERNACIONAL DE ANIMAÇÃO DA BAHIA) Balapan телеарнасының «Шыңырау» анимациялық фильмі «Үздік саундтрек» номинациясында жеңімпаз атанды.

«Шыңырау» – «Қоңыр қаз» анимациялық жобасының 2Д қысқаметражды фильмдерінің бірі. Онда анимация көмегімен классикалық музыкалық шығарманың сюжеті, сондай-ақ, Ықылас Дүкенұлының күйіндегі мифологиялық және фольклорлық сарындары бейнеленген. Қобыздың қайталанбас үні арқылы қазақ халқының бай мәдениеті көрсетілген.


Соңғы жаңалықтар