29 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2023 жылғы 29 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық интернетсіз күн

Әлемдік интернет-қоғамдастық жыл сайын қаңтардың соңғы жексенбісінде атап өтеді. Алғаш рет 2002 жылдың 27 қаңтарында Британдық әлеуметтік өнертабыстар институтының бастамасымен аталып өтті. Бұл атаулы күннің басты мақсаты – адамдарды компьютерлерден және ғаламдық желіден кем дегенде бір күнге алыстату, бұл күнді тек «нақты» әлемде өмір сүру, басқа адамдармен қарым-қатынас жасау немесе оны сүйікті хоббиіне арнау (әрине, интернетке байланысты емес).

Халықаралық ядролық соғыс қаупіне қарсы жұмылдыру күні

Осы атаулы күн 1985 жылы ядролық қарулану жарысын тоқтатуға шақыратын Дели декларациясының қабылдануына орай таңдалды. Декларация Үндістан астанасында Үндістан, Аргентина, Грекия, Мексика, Танзания және Швеция мемлекет және үкімет басшыларының отырысында қабылданды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.

1998 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Талғат Мұсабаев бастаған халықаралық экипаж ғарышқа аттанды. Бұл қазақ ғарышкері командир болған тұңғыш экспедиция ретінде тарихта қалды.

2010 жылы Қазақстандық әнші Мария Мудряк Италиядағы «Raccomandati» телевизиялық конкурсының жеңімпазы атанды.

2010 жылы Қытай астанасы Бейжіңге алғаш рет «Түрікменстан - Өзбекстан - Қазақстан - Қытай» газ құбыры бойынша Орталық Азиядан табиғи газ жеткізілді.

2014 жылы қазақстандық режиссер Әмір Байғазиннің «Үйлесім сабақтары» картинасы француздың Анже қаласындағы халықаралық Premiers Plams кинофестивалінде гран-приді жеңіп алды.

2016 жылы Астана қаласы әкімдігі мен Густав Русси атындағы Онкология институты (Франция) арасында әріптестік туралы меморандум аясында химиялық препараттар жасау орталығы ашылды. Орталықтың ерекшелігі – мұндағы науқастарға берілетін дәлме-дәл дәрі мөлшері халықаралық протоколға сай анықталады.

2017 жылы «Алматы Арена» мұз айдынында XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың ашылу салтанаты өтті. Универсиада бағдарламасына 12 қысқы спорт түрі енді.

2019 жылы Түркістандағы Күлтөбе қалашығының солтүстік бөлігінен XIX ғасырға тән Қоқан үйі қалдықтарының орны табылды. Одан 70 сантиметрдей төмен тұста XVI-XVII ғасырға тән қазақ үйді кезіктіруге болады. Мұнда күлі де сол қалпында сақталған тандыр, дәліз және есік орны бар. Түрлі ғасырға тән құмыра сынықтары да көптеп шыға бастаған. Біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдан бастау алатын Қазақстандағы алғашқы сәулет құрылыстары бар Күлтөбе қалашығы бірқатар деректерде Күлтөбе Ясы (Асон) деп аталады. Алғаш рет Ясы атауы монғолдардың ұлы ханы Менгудің ордасына Қазақстанның оңтүстік аймағы арқылы сапар шеккен армян патшасы І Гетумның жолжазбасында кездеседі.

2019 жылы Астана IDC компаниясының нұсқасы бойынша ақылды қалалардың халықаралық рейтингіне енді. Зерттеу нәтижелері бойынша елорданың жетілу деңгейі – 2.48 балл. Астана қаласы Орталық Азияда осы үлгі бойынша зерттелген және Smart City кемел бағасын алған алғашқы қала болды.

2020 жылы Алматыда ұлы ғалым әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу ресми түрде басталды. ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Студенттер сарайында өткен шарада Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу ресми түрде басталғанын айтты. Мемлекеттік хатшы әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу ұлы ғұлама мұраларын және біздің елдегі, сонымен бірге шетелдегі әлемдік өркениет дамуына қосқан үлесін зерделеуге қуатты серпін беретінін, жастардың ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастыруға, сондай-ақ оларды ғылыми қызмет саласына тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

2020 жылыАлматыда Әбу Насыр әл-Фараби атындағы кітапхана-орталық ашылды. Тұсаукесер барысында қонақтар ұлы ойшылға арналған мұражай экспозицияларымен танысты, оның шығармалары қойылған көрмені, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Абай мен Алаш қозғалысының қайраткерлеріне, сирек кездесетін және құнды кітаптар қорына арналған сандық залды аралап көрді.

2021 жылы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) «2020 жылы COVID-19-ға ең үздік саясат және институционалдық жауап» номинациясы бойынша Пенсильвания Университетінің «ми орталықтары» тобына кірді және оған қоса Орталық Азияның ең үздік талдау орталығы болып танылды.


Соңғы жаңалықтар