+7 (701) 759 90 19
USD 443.50 EUR 479.47
RUB 5.79 CNY 62.51
Jańalyqtar

29 ақпан. Туған күн иелері

2020 жылғы 29 ақпан 08:08
Бөлісіңіз:
29 ақпан. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 29 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

124 жыл бұрын (1896-1996)Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстандағы балалар көркем әдебиетіндегі қалам тербеген алғашқылардың бірі, көптеген көркем шығармалардың авторы, биолог ғалым ЗВЕРЕВ Максим Дмитриевич дүниеге келген.

Баянауылда туып, Томск университетін бітірген (1923).1937 жылдан өмірінің соңына дейін Алматыда тұрды.

Еңбек жолы:

1923 – 1937 жылы Сібір өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер, Новосибирск қалалық зоопаркінің директоры, Томск университетінде доцент болған.

1937 жылы Қазақстанға қоныс аударып, 1937 – 1952 жылы Алматы зоопаркінде ғыл. бөлімнің меңгерушісі, директоры, ҚазМУ-де доцент қызметтерін атқарды.

1952 жылдан ғұмырының соңына дейін еркін шығармашылық жұмыспен айналысты.

Алғашқы повесі – «Ақ марал» 1920 жылы жарық көрген. Повестер, әңгімелер, ертегілер, очерктер жинақтары: «Індер мен ұяларда» (1937), «Ормандағы кездесулер» (1938), «Алатау қорықтары» (1946), «Ертіс тоғайлары мен далаларында» (1950), «Орман алауы жанында» (1952; Қазақстанның Мемл. сыйл., 1953), «Алтын киік» (1957), «Көкпектінің аңшысы» (1963), «Дала қасқыры» (1975; Германияның «Бестлитсе» сыйл., 1976), «Орманда ауа райын болжау» (1987), «Орман күзетінде» (1987), т.б. атпен жарық көрді. Жазушы шығармашылығы Сібір мен Қазақстан табиғатына тікелей байланысты, оқырмандарды құстар мен аңдардың тіршілігімен таныстырып, туған табиғатты қорғап аялаушы ғалымдар, орманшылар, т.б. тұрмысы, мақсат-мүддесі туралы мол мағлұмат береді. Кітаптары бірнеше шет елдердің тілдеріне аударылған.

Марапаттары: Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы», 2 рет «Құрмет Белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдермен марапатталған.

68 жыл бұрын (1952) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, дүлдүл ақын, жыршы, термеші Қатимолла Жәңгірұлы БЕРДІҒАЛИЕВ дүниеге келген.

Орал облысы Қазталов ауданында Тереңкөл ауылында туған.

Осы аудандағы Алма Оразбаева атындағы орта мектепте білім алған. 1975 жылы Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы музыкалық училищені бітірген. 1975 жылы еңбек жолын А.Оразбаева орта мектебінде мұғалім болып бастап, балалар бақшасының музыка жетекшісі, аудандық мәдениет үйінің әдіскері қызметтерін атқарған. 1991 жылы Орал қаласына Құрманғазы атындағы саз колледжіне ұстаздық қызметке ауысқан.

2007 жылдан бастап Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі. Кең диапазонды әнші, жыршы-термеші, суырып салма ақын, күрделі де қиын әншілік дәстүр мен классикалық ән өнерінің ерекшелігін үндестіре меңгерген табиғи талант иесі.

Бірнеше дүркін бүкілодақтық, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты атанып, Ресей, Монғол, Қырғыз, Өзбекстан елдерінде өнерімен танылып ел ықыласына бөленген беделді ақын. Репертуарында қазақтың үш жүзден астам халық әндері, Бұхар, Базар, Қашаған жыраулардың терме жырлары, Мұхиттың, Ғарифолланың, халық композиторларының әндері бар.

1989 жылы Алматы қаласында өткен халықаралық, 1990 жылы Алматы және 1991 жылы Ақтөбе қалаларында өткен республикалық ақындар айтысының жүлдегері. 1992 жылы Тама Есет батырдың мерей тойындағы айтыста бас жүлдені, қазан айында Қызылорда облысының Қазалы ауданында өткен ақындар айтысында І орынды иеленді. 1991 жылы Құрманғазы атындағы саз колледжінде алғаш Мұхит класын ашты. Қазақ радиосының алтын қорында Х.Бердіғалиевтің өнері туралы хабар және «Ел продюссерлік орталығында» жазылған 83 әні сақталған. «1000 ән» дискісінде 10 әні енгізілген.

1989 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағын иеленді. 2011 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

64 жыл бұрын (1956) Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық педагогика ғылымдарының академигі Ерлан Батташұлы Сыдықов дүниеге келді.

Семей қаласында туған. Орта білімді Абай ауданындағы Қарауыл ауылында алған. Сол жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түскен. Жоғары оқу орнын 1973 жылы «тарихшы, тарих және қоғамтану оқытушысы» мамандығымен бітірген. Еңбек жолын 1978 жылы Семей ет және сүт өнеркәсібі технологиялық институтында қоғамдық ғылымдар кафедрасында зерттеуші болып бастады. 1981 жылы ҚазМУ аспирантурасында оқып, 1984 жылы ақпанда тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын қорғады. 1984-1996 жылдары - осы жоғары оқу орнында ассистент, аға оқытушы, доцент, факультет деканының орынбасары, кафедра меңгерушісі, профессор, проректор болып қызмет атқарды.

1996 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды. 1999 жылы 15 қазанда «Қазақстан Ресей Федерациясының құрамында (1917-1937жж.) тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. 2001 жылы 25 қазанда профессор ғылыми атағы берілді, 2003 жылы Педагогика ғылымдары халықаралық академиясының академигі, 2005 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының академигі, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі болып сайланды. 2004 жылғы сәуірде жаңадан құрылған Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, 2008-2011 жылдары Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры. 2011 жылғы 26 шілдеде ҚР Президентінің Өкімімен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры қызметіне тағайындалды.

Жүзден астам ғылыми-әдістемелік мақалалардың, 3 оқу құралының, 4 монографияның авторы. ҚР Ұлттық кеңесінің мүшесі.

«Парасат» орденімен, «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен, Ыбырай Алтынсарин және А.Байтұрсынов атындағы медальдармен марапатталған, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы.

56 жыл бұрын (1964) тележурналист, продюсер Серік Дәулетәліұлы Абас-Шах дүниеге келді.

Серік Абас-шах бұрынғы Шымкент облысының Түлкібас ауданының Тұрар ауылында дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген (1989).

Еңбек жолы: 1981-1982 жылдары - Шымкент облысының «Қызыл Жұлдыз» кеңшарының жұмысшысы. 1989 жылдан - Жамбыл облыстық телерадиокомпаниясының қызметкері. 1997 жылдан - «Хабар агенттігі» бағдарламалық қызметінде жұмыс істеді. 2001-2011 жылдары - «Хабар» агенттігі» АҚ бас продюсері. 2011-2013 жылдары - «Қазақстан» Ұлттық арнасында бас продюсер; 2013-2014 жылдары - «Ел арна» телеканаланың директоры; 2014-2016 жылдары жеке шығармашылықпен айналысқан;

«Бей хабар қалмаңыз...» кітабының авторы (Алматы қаласы, 2005). «Жетпіс жеті күн», «Абайдың қара сөздері», «Ұят болмасын», «Алтыбақан», «Ауылдың алты ауызы», «Өлең сөздің патшасы», «Еркектің аты еркек», «Әйелдер-ай, әйелдер», «Сонымен, солай дейік...», «Айтуға оңай»« т.б. телебағдарламалардың жетекшісі.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT