28 жастағы жігітті өлтірген Сәтпаев тұрғыны 10 жылға қамалды

Фото: None
СӘТБАЕВ. ҚазАқпарат - Сәтбаев қалалық сотында 28 жастағы жігіттің өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сотталушы ҚР ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігі «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру« бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, осы мерзімге ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыс жасағаны үшін бұрын өтелмеген мерзім қосылды. Сотталушыға қауіпсіздігі орташа ҚАЖ мекемесінде жазасын өтеумен 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп судья Дәурен Ибраев үкім шығарды.

Сотталушы өз кінәсін мойындап, қайтыс болған жігіттің туыстарынан кешірім сұрады. Бірақ, марқұм Дәулет Алтынбековтің туыстары сот үкімімен келіспеді. Олар сотталушыны ҚР ҚК-нің 99-бабы «Кісі өлтіру» бойынша соттау керек деп есептейді. Марқұмның әпкесі Нышанқұл Топшақ сотталушының бұған дейін де жазаға тартылғанын, бірақ жазасын соңына дейін өтемей қайта қылмыс жасағанын алға тартады. Інісінің жамбас артериясынан жарақаттанып, қансырап қайтыс болғанын айтады.

Сонымен қатар, судья Сәтбаев қаласының прокуратурасына сотқа дейінгі тергеу сатысында қарама-қайшы айғақтар бергені үшін куәгерлердің бірін жауапқа тарту туралы жеке қаулы шығарды.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қараша айында Сәтбаев қаласындағы дәмханалардың бірінде 28 жастағы Дәулет Алтынбеков қайтыс болды. Жанжал кезінде танысы оны пышақпен жарақаттаған.


Соңғы жаңалықтар