28 наурыз. Тұлғалар туған күн

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 28 наурызда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

143 жыл бұрын (1880-1924) халық ақыны, әнші-композитор, Қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы Мәди БӘПИҰЛЫ дүниеге келген.

Қарағанды облысында туған. Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сияқты саңлақтармен кездесіп, өнеге алған. Жала жабылып, абақтыға түскен. Түрмеде елін, жерін сағынып, әділетсіз заманға налыған Мәди «Қаракесек» әнін шығарды. Бұдан басқа оның «Үшқара», «Шіркін-ай», «Мәди» атты әндері бар. Олардың дені кейін «Қаракесек», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек» қазақ операларында пайдаланылды. Мәди 1916 жылы азаттық жолындағы халық көтерілісіне үн қосты. Патшаның жергілікті әкімдерінің озбырлығын әшкерелейтін жырлар толғады. Мәдидің ән мәтіндерінен басқа өлеңдері әлі де жинақталмаған. Оның шығармалары туралы Ахмет Жұбанов зерттеу еңбектерінде, Әлжаппар Әбішев «Найзағай», Әйіп Бектасов «Мәди» атты кітаптарында жазды.

63 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Жұмашұлы ЕРАЛИЕВ дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының Қызылорда қаласындағы филиалын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген (1982). Еңбек жолы: 1984 - 1994 жылдары Қызылорда үй құрылыс комбинатында құрылыс шебері, прораб, монтаждау учаскесінің бастығы болып жұмыс жасаған. 1994 жылдан бастап 2016 жылдың наурыз айына дейін - күріш өсірумен айналысатын және оны өңдейтін «Абзал және Компания» толық серіктестігінің директоры. 2008 жылдан бастап қоғамдық негізде Облыстық күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының президенті болып сайланды. 2011 жылдан бастап - «Нұр Отан» партиясының мүшесі. 2012 жылдың қаңтарынан бастап 2016 жылдың наурыз айына дейін Қызылорда облыстық маслихатының депутаты болды. ҚР Парламент Мәжілісінің VI шақырылым депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі (2016-2021). 2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елге жасаған ерен еңбегі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен «Алтын жұлдыз» берілді. «Қызылорда облысының құрметті азаматы», «Қызылорда облысы Сырдария ауданының құрметті азаматы» атақтарының иегері. «Отан», «Құрмет» ордендерімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалдарымен марапатталған.


Соңғы жаңалықтар