28 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2023 жылғы 28 наурызға арналған күнтізбені ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1920 жылы Семей қаласында Шығыс Қазақстан облысының жаңа тарихының құжаттама орталығы құрылды.

1994 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Ресей Федерациясына алғаш рет ресми сапармен барды. Кремльде Қазақстан-Ресей келіссөзінің қорытындысы бойынша саяси, экономикалық, әскери және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастыққа қатысты 23 құжатқа қол қойылды.

2000 жылы Шәкен Айманов атындағы Қазақ кинофабрикасы, ҚР Ұлттық продюсерлік орталығы, Қазкинопрокат және Мемлекеттік фильмдер қоры Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық компаниясы» РМҚК-на біріктірілу жолымен қайта құрылды.

2003 жылы құны $160 млн, ұзындығы 448,8 шақырым және бастапқы жылдық қуаты 6 млн тонна «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырының бірінші кезеңі ресми түрде ашылды. Акциясының 51% «ҚазМұнайГаз» компаниясына, ал 49% - CNPC компаниясына тиесілі.

2007 жылы Петропавлда «Мағжан» әдеби-көркем журналының бірінші саны жарық көрді. Басылымда ақынның түрлі жанрдағы қазақ және орыс тіліндегі туындылары жарияланған. Жаңа басылымның басты мақсаты - қазақ поэзиясының дамуына қомақты үлес қосқан, азаматтық пен отансүйгіштіктің үздік қасиеттерін көрсете білген қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын көпшілікке паш ету. Журналдың алғашқы нөмірінде Мағжанның туындылары, ақынға арналған өлеңдер мен эсселер жарияланған.

2017 жылы қазақстандық Динара Сәдуақасова шахматтан Вьетнамда әйелдер арасында өткен 21 елдің 103 шахматшысы қатысқан халықаралық жарыста бірінші орынды иеленді.

2017 жылы Лондонда қазақстандық студенттер Орталық Азия елдерінің «Наурыз» фестивалі аясында Қазақстан мәдениетін көрсетті. Шараға Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Иран, Түркия, Қытай, Татарстан, Өзбекстан өкілдері қатысты.

2017 жылы «Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) халықаралық қаржы орталықтарының эксклюзивті бірлестігінің (Vantage Financial Centres) құрамына кірді. Vantage Financial Centres бірлестігіне Токио, Торонто, Шанхай, Бейжің және Әбу-Даби сияқты танымал халықаралық қаржы орталықтары кіреді.

2019 жылы қазақстандық прокатқа режиссер Эмир Байғазиннің «Река» фильмі шықты, оның әлемдік премьерасы 75-ші Венециандық кинофестивальде өтті.

2019 жылы қостанайлық жеңіл атлет Сергей Поликарпов Польшаның Торунь қаласында өткен спорт шеберлері (ардагерлер) арасында жеңіл атлетикадан Әлем чемпионатында 3 мың метрге жүгіруден жаңа әлемдік рекорд орнатты. Қазақстанның ардагер спортшысы қашықтықты 9 минут 43.11 секундта бағындырып, әлемдік рекорд жасады.

2021 жылы Халықаралық бокс қауымдастығы (AIBA) екі қазақстандықты өзінің басқарушы органдарына мүше етіп тағайындады. Қазақстан бокс федерациясының менеджері Мейрам Нұртазин жарыс комиссиясының мүшесі болды; Сидней Олимпиадасының чемпионы, Олимпиадаға дайындық орталығының директоры Ермахан Ибраимов чемпиондар мен ардагерлер жөніндегі комиссияның мүшесі болды. AIBA президенті Умар Кремлев жаңадан тағайындалған қазақстандықтарға хат жолдады.

2022 жылы Гаага қаласында (Нидерланды) Қазақстан, Өзбекстан, Түркия және Әзербайжан өкілдері Наурыз мейрамын бірге атап өтті. Ашық аспан астында Westbroekpark саябағында Нидерланды мен көршілес Бельгияның әр түкпірінде тұратын 600-ге жуық қазақстандық, жергілікті тұрғындар, сондай-ақ ТМД елдерінен келген қонақтар жиналды.

2022 жылы 27 тарихи ғимарат Ақтөбенің тарихи-мәдени мұра объектілерінің тізіміне енгізілді, олардың арасында 1913 жылы салынған Алтынсарин көшесіндегі қалалық балалар шығармашылығы орталығының ғимараты, 1915 жылы салынған Жанқожа батыр көшесіндегі шіркеу, сондай-ақ қаланың тарихи келбетін қамтамасыз ету мақсатында қорғалуға жататын басқа да ғимараттар бар.


Соңғы жаңалықтар