28 ақпан. Туған күн иелері

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 28 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

null
ЕСІМДЕР

173 жыл бұрын (1846-1945) ұлы ақын, жырау, жыршы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жамбыл ЖАБАЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде туған. Жасынан өлең-жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «Менің пірім - Сүйінбай...» деп Жамбылдың өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алған. Жамбыл 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысты. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап, тағы бір көзге түсті. «Замана ағымы», «Белсенділерге», «Қазақстан тойына», «Жастар алдындағы сөз» сияқты арнау, толғаулары осы тұста жырланды. Оның үздік шығармалары 40-тан астам шет елдер тілдеріне аударылды. Ұлы жырау қазақ халқын, оның поэзиясын бүкіл әлемге жария етті. 1938 жылы Жамбылдың шығармашылық өнерінің 75 жылдығын тойлағанда, оған әлемнің әр түкпірінен құттықтаулар келді. Ромен Роллан, Мартин Андерсен, Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. ХХ ғасырдағы халық ақындарына Жамбылдың әсері өте зор болды. Бұл қатарда Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Әбдіғали Сариев, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, Саяділ Керімбеков, Орынбай Тайманов сияқты белгілі импровизаторлар бар. 1941 жылы Сталиндік (кейін КСРО Мемлекеттік) сыйлығының лауреаты атанған. І сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше аудандарға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына, мектептерге, көшелерге берілген. Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық, 160 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті.

62 жыл бұрын (1957) ҚР Парламент Мәжілісі VI шақырылымының депутаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесіКәрібай Иманжанұлы МҰСЫРМАН дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Дәуқара ауылында туған. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген (1981), журналист. Қазақстанның мерзімді баспасөзінде жарияланған көптеген мақалалардың, очерктердің авторы. «Нұр Отан» партиясы СҚОФ саяси кеңесінің мүшесі.

1981 жылдан - Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінің тілшісі, меншікті тілшісі. 1985 жылдан - Көкшетау облыстық «Көкшетау» газетінің меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, редактор орынбасарының м.а. 1990 жылдан - республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі. 1992 жылдан - Көкшетау облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы. 1997 жылдан - «Республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры. 2007 жылдан - «Солтүстік Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облыстық газетінің редакциясы» ҚМК директоры - бас редакторы. 2008 жылдың желтоқсан айынан - «Қызылжар Ақпарат» медиахолдингі» ҚМК директорының - бас редакторы. 2012 жылдан - «Қызылжар - Ақпарат» ЖШС директоры.

Қазіргі қызметінде 2016 жылдың наурыз айынан бері.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) медальдарымен марапатталған.

55 жыл бұрын (1964 ) Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Берік Ноғайұлы АСЫЛОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Бірлік ауылында туған. 1991-1992 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданы прокуратурасының тағылымдамашысы, 1992 жылдың 17 наурызында Алатау аудан прокурасының аға тергеушісі қызметін атқарған.
1993 жылы Бас прокуратура тергеушісі, аға тергеушісі, 1995-1996 жылдар аралығында Алматы әуе көлік прокурорының орынбасары болды.
1996 жылдың сәуірі мен желтоқсаны аралығында Мемлекеттік тергеу комитеті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс министрлігінің әскери барлау қызметінде, Президент күзеті қызмет органдарында жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бойынша бөлім бастығы лауазымында қызмет атқарды.
1996 жылдың желтоқсан айында ҚР Бас прокуратурасының жедел- іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бойынша бөлімінің аға прокуроры болып тағайындалды. Сол жылы аталған бөлімнің бастығы лауазымына ұсынылып, онда 2001 жылға дейін қызмет етті. 2001 жылдың қаңтарынан 2003 жылдың сәуіріне дейін Шымкент қаласының прокуроры, 2003-2005 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, 2005-2006 жылдары облыс прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
2006-2008 жылдары Батыс аймақтық көлік прокуроры, 2008 жылдың наурызынан 2010 жылдың маусымына дейін Ақтөбе облысының прокуроры болды. 2010 жылдың маусым айынан 2011 жылға дейін - Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары.
2011-2017 жылдары - Алматы қаласының Бас прокуроры.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалімен және «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалімен марапатталған.
2011 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 3 дәрежелі «Мемлекеттік әділет кеңесшісі» шеніне ие болды.
Қазіргі қызметінде 2017 жылдың ақпан айынан бастап.

44 жыл бұрын (1975) Қостанай облысының прокуроры Тимур Қайырбекұлы СҮЛЕЙМЕНОВ дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Новосібір облысында Куйбышев қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «халықаралық құқық» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы Алматы қаласы Алмалы аудандық прокуратурасында Құқықтық статистика және ақпарат орталығында прокурор көмекшісі болып бастаған. 2008-2013 жылдары Алмалы ауданы прокурорының аға көмекшісі, Алматы қалалық прокуратурасында Жедел-іздестіру, тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау жөніндегі басқармасының прокуроры, Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 2013 жылдың қазан айынан 2017 жылдың тамызына шейін Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары болды.
Қазіргі қызметіне 2017 жылдың тамыз айында тағайындалды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар