27 жылдан кейінгі кездесу: «Қайрат» «Зенитті» жеңе ала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 9 қыркүйекте Алматының «Қайраты» Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жергілікті «Зенит» командасымен жолдастық кездесу өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жолдастық кездесу десек те қос команда үшін бұл ойынның айрықша мәні бар. Өйткені, екі ұжым кезіндегі КСРО біріншілігінен кейін бір-бірімен шеберлік байқасып көрген жоқ. Сондықтан кезінде тартысқа түскен командаларға бұл кездесудің айрықша мәні бар.

Бүгінде «Зенит» Ресей біріншілігінде үздік командалар қатарында саналады. Олардың қаржылық қуаты өте жоғары. Әлемнің алдыңғы қатарлы құрамаларында доп тебетін кейбір футболшылар қазір «Зениттің» құрамында жүр. Мәселен, Аргентина құрамасының ойыншылары Эмануэль Маммана, Леандро Паредес, Матиас Краневиттер, Себатьян Дриусси эквадорлық Кристиан Нобоа, португалдық Луиш Нету, сербиялық Бранислав Иванович қазір аталмыш ресейлік клубтың намысын қорғайды. Сондай-ақ, командада Ресей құрамасы сапында ойын көрсететін футболшылар саны басым. Сондықтан бұл ойын «Қайрат» үшін үлкен сынақ. Айта кетерлігі, қазір «Қайрат» намысын қорғап жүрген Андрей Аршавин кезінде Санкт-Петербург клубында жарқылдап көзге түскен еді. Ендеше, жанкүйерлер бұл кездесуді асыға күтіп отырғаны анық. 

Кеңес одағы біріншілігінде «Қайрат» пен «Зенит» 57 мәрте кездескен. Бұл ойындарда «Зенит» 20 мәрте жеңіске жетсе, 17-і «Қайраттың» басымдығымен аяқталған. Ал 20 кездесуде тең нәтиже тіркелді. Қос команда соңғы ойындарын 1991 жылдың 27 қазанында Алматы қаласында өткізген. Бұл ойында алматылықтар 1:0 есебімен жеңіске жеткен. Сол жылдары екі команда да бірінші лигада ойын көрсететін.

nullБүгінде «Қайрат» та еліміздің мықты клубының қатарында саналады. Екі мәрте ел чемпионы (1992, 2004) атанды. Соңғы бес жылдан бері үздік үштіктен төмен түсіп көрген емес. Еурокубок ойындарына тұрақты түрде қатысып келеді.

Биылғы біріншілікте команданың бас бапкері қызметіне Сергей Семак келді. Ел біріншілігінде 5 турдан кейін «Зенит» 4 мәрте жеңіске жетіп, бір рет тең түсті. Осылайша, кестеде көш бастап тұр. Ал Қазақстан біріншілігінде «Қайрат» екінші орынға жайғасқан. Басты қарсыласы - елордалық «Астана» клубынан небәрі үш ұпай артқа қалған.

Қазір қос команданың да үздік ойыншылары өз елінің ұлттық құрамасы сапында Ұлттар лигасына қатысуда. Сондықтан бүгінгі кездесуде тәжірибелі ойыншылармен бірге жастар да жасыл алаңға шығып қалуы мүмкін.

«Зенит» пен «Қайраттың» бүгінгі ойыны Санкт-Петербург қаласындағы «Санкт-Петербург» аренасында болады. Ойын Астана уақытымен 21.00-де басталады. Ойынды Матч ТВ және «Qazsport» телеарналарынан көруге болады. 

Айта кетейік, «Қайраттың» бас бапкерінің бірінші ассистенті, белгілі қазақстандық футболшы Андрей Карпович «Зенитке» қарсы ойын қызықты әрі пайдалы болатынына сенім білдірген болатын.

Фото: fckairat.com

Соңғы жаңалықтар