27 жастағы саяхатшы Мағжан Сағымбаев жер шарын велосипедпен аралап шығып, Алматыға оралды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жер шарын бір жыл ішінде велосипедпен аралап шыққан 27 жастағы саяхатшы Мағжан Сағымбаев бүгін туған қаласы - Алматыға оралды.

Республика алаңында оны туған-туыстары, әуесқой велосипедшілер, осы саяхатқа демеушілік жасаған «Қазақ географиялық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері және журналистер қауымы зор қуанышпен қарсы алды. Алдына тартылған қызыл лентаны велосипедімен «қиып» өткен Мағжан: «Мен оралдым!» - деп қуана екі қолын көкке көтерді. Сол-ақ екен, ата-анасы, туған-туыстары қуаныштан көздеріне жас алып, оны құшақтай бастады.

Журналистерге берген сұхбатында Мағжан саяхаттың оңайға соқпағанын айтты.

«Бір жыл ішінде 4 құрлықты, 22 елді аралап шықтым. Күніне ауа райына байланысты 100 шақырымнан 200 шақырымға дейін жүріп отырдым. Жолда жергілікті тұрғындардың үйіне, арзан қонақ үйлерге, гестхаустарға, кейде палаткаға түнеп жүрдім. Күніне 5 доллардан 10 долларға дейін жұмсадым»6 - деді Мағжан.

Ол сонымен қатар жолда әр түрлі қиын жағдайларға тап болғанын да жасырмады.

«Түркіменстанда 43 градустық ыстықта есімнен талып қала жаздадым. Барселонада күндіз велосипедімді шынжырлап, қонақ үйге кіріп-шыққаным сол еді, 10 минутта өткен жоқ, велосипедімді ұрлап кетіпті. Содан, «Almaty Broteam» велокомандасы көмектесіп маған ақша салды. Мен ол ақшаға велосипед сатып алдым. Кейін, жол-жөнекей оның дөңгелегін, шынжырын ауыстырдым. Ал Колумбияда абайсызда құлап, қабырғамды сындырып ала жаздадым. Қытайда жолда жүріп келе жатып итке таландым. Тибеттік мастиф дейтін екі ит артымнан қуып жетіп екі жамбасыма жармасты. Құдай жарылқап, жарақfтым ауыр болған жоқ. Аман-есен елге оралдым» - деді Мағжан.

Сондай- ақ, Мағжанның айтуынша, барлық елде оны жергілікті халық ыстық ықыласпен қарсы алған. Қазақстан туралы көп сұрапты.

«Мен саяхаттау барысында үш рет ұшаққа отырдым. Барселонадан Колумбияға, Эквадордан Австралияға, одан Таиландқа ұштым. Қалған қашықтықтардың барлығын велосипедпен жүріп өттім. Барған жерлерімде адамдар мені ыстық ықыласпен қарсы алды. Үйлеріне қонақ болуға, дәм татуға шақырды. Қазақстан туралы көп сұрақтар қойды. Мен еліміз жайлы көп әңгімеледім. Біздің елді білмейтіндер көп екен. Кей жерлерде адамдардың маған тура бір жер бетінен құрып бара жатқан жануарға қарағандай таңғала қараған кездері болды. Жалпы, жергілікті халық жылы лебізбен қарсы алды. Әсіресе ирандықтардың маған деген ілтипаты ерекше болды. Мен бұл саяхаттан көп нәрсе үйрендім, тіл үйрендім. Жергілікті халықтардың салт-дәстүрімен, мәдениетімен таныстым. Мен үшін бұл үлкен тәжірибе», - деді М. Сағымбаев.

Айта кетелік, Мағжан Сағымбаев бұл саяхатқа өткен жылы 1 мамырда Алматы қаласындағы Республика алаңынан қазақ жастары арасында тұңғыш рет жер шарын аралап шығуға шыққан болатын.

Мағжан енді алдағы уақытта туризм саласында өзінің экскурсиялық қызметін одан әрі жалғастырмақ ниетте.

Соңғы жаңалықтар