27 жастағы Ақтау тұрғыны суға батып кетті

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда 27 жастағы қала тұрғыны теңізге батып, мерт болды,-деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Оқиға облыс орталығынан 63 шақырым қашықтықта орналасқан жағажайда болған. Құтқарушылардың пікірінше, марқұм биік жартастан секірген.

«Сағат 17.45-те Түпқараған ауданы, «Голубая бухта» деп аталатын аумақта жігіттердің суға секіріп жатқаны туралы хабарлама келді. Жедел құтқару жасағы Ақтаудан дереу шыққан болатын. Өкінішке орай, құтқарушылар жеткенше, бір жігіт суға батып кетті»,-дейді МО төтенше жағдайлар департаментінің өкілі.

Жігіттің денесін судан жанындағы жолдастары шығарып алған. Олар бұл оқиғаның қас-қағым сәтте болғанын айтады.

Төтенше жағдайлар саласының өкілдері бұл жердің суға түсуге ең қауіпті аймақ екенін айтады. Ол жерден тек машықтанған адамдар ғана секіре алады.

Айта кетейік, 25 мамыр күні суға шомылу маусымы басталғалы демалушылардың теңізге батып кету жағдайы тіркелмеген еді. Бұл алғашқы қайғылы жағдай.

Қазір аудан бойыншы қайғылы оқиғаның қайталанбауы үшін алдын алу шаралары жүріп жатыр.

Құтқарушылар суға түсу кезінде абай болып, қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтап, тыйым салынған аумақта суға түспеуге шақырады.

Соңғы жаңалықтар