27 маусымнан Қызылорда қаласында карантин күшейтіледі

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – 27 маусым, түнгі сағат 12-ден бастап Қызылорда қаласында карантин режимі күшейтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде Қызылорда облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары, облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді.

Қазір Қызылордада коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуал күрделі. Осыған байланысты қала аумағында шектеу және карантин шараларын күшейту мақсатында Қызылорда қаласы бас санитарлық дәрігерінің 7-ші қаулысы қабылданды.

Оған сәйкес, халық көп шоғырланатын қоғамдық орындардың қызметі дүйсенбі-сенбі күндері аралығында 22:00-ден кейін шектеліп, жексенбіде мүлдем тоқтайды. Мұндай орындардың қатарында демалыс парктері, аллеялар, субұрқақтар, жағалаулар мен жағажайлар, аквапарктер және және өзге де серуендеу орындары бар.

Сондай-ақ, жексенбіде қоғамдық көлік 10:00-18:00 аралығында ғана қатынайды. Бұл ретте жолаушылар саны көліктегі орындықтар санынан аспауы тиіс.

Облыс орталығында білім беру орталықтары, үйірмелер, факультативтер секілді мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары қызметін тоқтатады.

«Тағы бір айта кетерлігі, әрбір сенбі және жексенбі күндері барлық қоғамдық тамақтану орындары қызмет атқармайды. Бұл күндері олардың жұмысы клиенттерге жеткізіп беру бойынша жүргізіледі.

Ал әрбір жексенбі күні демалыс парктері мен аквапарктерде, барлық сауда үйлері мен базарларда, бөлек тұрған сауда нысандарында дезинфекциялық шаралар жүргізіліп, «санитариялық күн» есебінде жабылады.

Ал 27 маусым мен 6 шілде аралығында бильярд, букмекерлік және лото-мото конторалары, ойын-сауық орталықтары, балалардың ойын алаңдары, компьютер клубтары, спорт кешендері (үйірмелер, секциялар) қызметін тоқтатады.

Әуежай, теміржол және автовокзалдардың басшылары қала аумағындағы теміржол, автовокзалдар, әуежай, аудан және қалааралық бағыттағы қатынас құралдарының бекеттерінде шығарып салушы және күтіп алушы тұрғындарды шектеуге назар аударатын болады.

Бұл қаулы 2020 жылы 27 маусым 00 сағат 00 минут бастап күшіне енеді», - деді облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері.

Естеріңізге сала кетелік, Қызылорда облысы бойынша 17 маусымнан бастап жаңа шектеу шаралары енгізілген болатын.

Бүгінге дейін Қызылорда облысында коронавируске шалдығудың 615 жағдайы тіркелді. Оның ішінде жазылғандар саны - 603, қайтыс болды - 2 науқас.

Сондай-ақ індет симптомсыз өтіп жатқан 416 адам анықталды. Өткен бір тәулікте жаңадан 56 жағдай анықталды.



Соңғы жаңалықтар