27 мамыр. Туған күн иелері

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 27 мамырда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандар назарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

86 жыл бұрын (1937) филология ғылымының докторы, академик, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысы Талас ауданы Ақтөбе ауылында туған. 1954-1955 жылдары Ақкөл аудандық кеңесінің хатшысы болып қызмет атқарған. ҚазМУ-ді бітірген (1960). 1960-1964 - жылдары осы университеттегі қазақ әдебиеті кафедрасында ассистент, 1964-1967 жылдары - аспирант. 1970-1974 жылдары аға оқытушы, доцент, 1974-1977 жылдары филология факультетінің деканы болды. 1977-1987 жылдары Талдықорған педагогика институтының ректоры, 1987-1988 жылдары Қазақстанның оқу министрі, білім министрінің бірінші орынбасары, 1988-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары, бөлім меңгерушісі, 1990 жылдары Қазақстанның Мемлекет кеңесшісі, 1991-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, 1993-1997 жылдары Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 1997-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі жанындағы Дипломатиялық академияның ректоры қызметтерін атқарды. 2000-2004 жылдары Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, 2006 жылдан ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры болды. Жолдасбеков қазақ әдебиетінің алғашқы қайнар бастауларын, Жамбыл Жабаев шығармашылығын зерттеуге мол үлес қосты. Түрік қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып жаңаша зерделеп, қазақ тіліндегі аудармасын ғылыми айналымға енгізді. Жамбылдың ақындық мектебін зерттеп, оның тұстастары мен шәкірттерінің туындыларын жан-жақты талдады. «Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерімен марапатталған.

67 жыл бұрын (1956) «Нархоз университеті» КЕАҚ профессорыВиктор Александрович МАЛИНОВСКИЙ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Еңбек жолын С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің мемлекеттік құқық және совет құрылысы кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы, деканның орынбасары, Алматы саясаттану институтының мемлекеттік құрылыс және құқық кафедрасының доценті болып бастады. Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті Аппаратының Мемлекеттік-құқық бөлімінің референті, аға референті, Республика Конституциялық Сотының судьясы болып қызмет атқарды. 1995 жылдан 2006 жылға дейін Заңгерлік академиясы - «Әділет» Жоғары құқық мектебінің проректоры болып жұмыс істеді. «Интерньюс-Қазақстан» мекемесінде заңгер, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті конституциялық құқық кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2007-2022 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдан атқарып келеді.

«Құрмет» (2005), «Парасат» (2011) ордендерімен; «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «10 жыл Астана» мерекелік медальдарымен марапатталған.


Соңғы жаңалықтар