27 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырман назарына 2023 жылғы 27 мамырға арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесі ұсынылады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Жамбыл облысы Шу ауданының Балуан Шолақ атындағы ауылында балуан, ақын, композитор Балуан Шолаққа ескерткіш орнатылды.

1999 жылы Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мәңгілік достық жөніндегі Шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

2009 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жазушы Қайым Мұхамедхановтың «Тағдыр және Карлаг» атты туындысы оқырман назарына ұсынылды. Шара «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» бастамасымен және Қазақстан-Британ техникалық университеттің қолдауымен өткізілді. Қайым Мұхамедханов (1916-2004) - Мұхтар Әуезовтің шәкірті және ғылыми тұжырымдамаларының сенімді жалғастырушысы, өз өмірін Абай өнерін зерттеуге арнаған, ұлы ойшылдың ақындық мектебін оқуды тереңдеткен. Ол ұлт басына қасірет төнген жылдары ұлттық мәдениет өкілдері - Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтардың өнерлерін батыл насихаттаған.

2009 жылы Қарағанды облысындағы 500 кВ-тық «Ағадыр» қосалқы стансасында «Ағадыр-ОҚМАЭС» учаскесі іске қосылды.

2012 жылы Әйгілі кәріс режиссері Чо Со Ри Астанаға бүкіл әлемге танымал «Ариран» музыкалық лазерлік шоуын алып келді. Гиннестің рекордтар кітабына енген шоу «Қазақстан» орталық концерт залында ҚР мен Оңтүстік Корея арасындағы дипломатиялық қатынастың 20 жылдығына орай өткізілді. Бiр жарым сағаттық спектакльдің негізіне «таңғы жұпар елінің» философиялық тарихы алынған. Онда кәрiс халқы өнерiнiң таңғажайып түрлерi үйлесім тапқан. Таэквондо жауынгерлiк өнердiң үлгiлiк көрсетiлiмдерiн ұлттық дауылпаз аспаптардағы әуен ауыстырды. Одан кейін Кореяның қазіргі заманғы рок-музыкасы құлақ құрышын қандырған соң желпуiштерi бар әсерлi дәстүрлi кәрiс биіне жол бердi. Сонан соң «B-Boy» әйгiлi брейк-данс жастар тобы елорда жұртының алдында өнерлерін паш етті.

2016 жылы Қостанайда салтанатты түрде Қобыланды батыр монументі ашылды. Ескерткішті Қостанайға аты аңызға айналған батырдың ұрпақтары қойдырды. Оны ҚР Суретшілер одағының мүшелері Ахметовтар жасады.

2016 жылы National Geographic қоғамдастығының мүшелері 1954 жылғы журналдың мұқабасында суреті жарияланған Фазила Жаналтайды іздеп тапты. Астананың 80 жастағы тұрғыны осы басылымның қазақстандық нұсқасының тұсаукесеріне шақырылды. Журналдың 1954 жылғы сол нөмірінде Алтайдан Түркияға көшу кезіндегі босқындардың өмірі, сондай-ақ қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі туралы жазылған. Фазила Жаналтай - тірі қалған босқындардың бірі. Ф.Жаналтайдың айтуынша, америкалық фотографтың түсірген суретінде ол небары 16-17 жаста.

2018 жылы Чуваш Республикасының Ұлттық кітапханасында қазақ әдебиеті және мәдениеті орталығы ашылды.Қонақтарға үш тілде - қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі өнер саласындағы, тарихи, ғылыми және көркем әдебиет туындылары ұсынылады.

2019 жылы Қостанайда Жастар сарайының жанында алғашқы механизатор-әйел, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның мүсіні салтанатты түрде ашылды. Оның құрметіне кітап басып шығарылды, деректі фильм түсірілді, Меңдіқара ауданы Боровское ауылында жергілікті колледжге К. Дөненбаеваның есімі берілді.

2020 жылы жаңа экономикалық шынайылық жағдайындағы экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды.

2021 жылы ғалымдар көне Түркістанды қазу кезінде бірегей шығыс базарының орнын тапты. Археологиялық материалдың бірегейлігі мынада: Қазақстанда алғаш рет макеті жақсы сақталған үлкен аумақта соңғы ортағасырлық шығыс базары табылды.

Табылған жәдігерлерге – қыштан жасалған бұйымдардың сынықтарына, тұрмыстық заттарға және қазір кеңселік өңдеуден өтіп жатқан әртүрлі дәуірдегі көптеген нумизматикалық олжаларға қарағанда, базар 18-19 ғасырларда белсенді түрде пайдаланылған, бірақ мұнда алғашқы сауда қатарлары әлдеқайда ертерек пайда болған.

2021 жылы Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайына Сәкен Сейфуллиннің портреті бейнеленген кілем сыйға тартылды. Ол ақын-жазушының жүз жылдығына арналып Арқалық қаласында тоқылған.

2022 жылы Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы Абайдың бояусыз салынған бейнесін ақын музейіне сыйлады. Оның ерекшелігі – шеге мен жіптерден жасалған. Ақын бейнесін жасауға бір ай уақыт кеткен.


Соңғы жаңалықтар