27 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
2017 жылғы 27 қыркүйек 06:30

27 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2017 жылғы 27 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

27 қыркүйек, СӘРСЕНБІ

Халықаралық туризм күні

1980 жылы Манилада өткен Бүкіләлемдік туристік ұйымдар Бас Ассамблеясының шешімімен жыл сайын атап өтіледі.

Поляк астыртын мемлекеті күні

Мейрамға мемлекеттік мәртебе берілген, бірақ ол күні ешкім демалмайды, жұмыс күні болып есептеледі. Мейрам Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында немістер Польшаны оккупациялаған кезде құрылған Поляк астыртын мемлекетінің құрметіне 1998 жылы бекітілді.

Канадада ағаштардың ұлттық күні

Канадада жыл сайын қыркүйектің аяғында Ұлттық орман апталығы тойланады. Мейрамға Канададағы ормандарды қорғау мен ұлғайту жолында қызмет ететін Tree Canada коммерциялық емес ұйымы бастама білдірген. 1992 жылы құрылған ұйым Канада табиғатын қорғауға бағытталған көптеген бағдарламаларды жүзеге асырып келеді.

Мексикада тәуелсіздік үшін соғыстың аяқталған күні

Атаулы күн Мексика тәуелсіздігі үшін 1810 жылғы 16 қыркүйекте Идальго әкей бастаған 11 жылдық соғыстың аяқталуына орай жыл сайын тойналады.

Google-дің туған күні

Google.com домендік есімі 1997 жылғы 15 қыркүйекте тіркелді, ал Google Inc. компаниясы 1998 жылғы 4 қыркүйекте тіркелді. Алайда, 2005 жылдан бастап компанияның туған күні ресми түрде 27 қыркүйекте атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1929 жылы астық дайындау науқаны кезінде Сырдария округінің Бостандық ауданының (қазір Өзбекстанға қарайды) тұрғындары кеңес үкіметінің ауыр салық салуына және зомбылық әрекетіне қарсы қарсылық көрсетті. Көтерілісті ұйымдастырушылар Т.Мұсабаев, У.Майлыбаев болды, оған 500-ге тарта адам қатысты. Берішмолла қыстауының қасындағы ұрыста оларға И.Шаныбековтің басмашылар жасағы көмекке келді. Көтерілісті Мемлекеттік саяси басқарманың жасақтары күшпен басты. Көтерілісшілерден 50 адам қазаға ұшырады, 2 адам ату жазасына кесілді, 36-сы - 10 жылға сотталды, жетеуі - 5 жылға жер аударылды.

1931 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданының бұрын «Ленин туы» аталған «Баянтау» газетінің алғашқы саны шықты. Оған белгілі этнограф, фольклоршы және әдебиетші Мәшһүр Жүсіп Көпеев ақ тілегін білдірді. Оның алғашқы редакторы Ғалым Малдыбаев болды, осы газетте халық жазушысы Дихан Әбілов шығармашылық жолын бастады.

1940 жылы Лебяжі ауданында (Павлодар облысы) «Аққу үні» газеті құрылды.

2005 жылы Алматыда екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды тереңдету мақсатында құрылған Қазақстан-Германия кәсіпкерлері қауымдастығының таныстырылымы болды. Қауымдастықтың негізгі міндеттері - өз мүдделері мен құқықтарын қорғау.

2005 жылы Алматыда Ә.Қастеев атындағы мұражайда контемпорари арт (Қазақстанның қазіргі заманғы өнері) атты жаңа залы ашылды. Залда әлемдік деңгейдегі арт-алаңдарында елімізді көрсететін барлық қазақстандық авторлардың жұмыстары жиналған. Жаңа залда мүсіндер, картиналар, суреттер қойылған. Авторлардың көптеген жұмыстарында Орталық Азияның әлеуметтік-саяси ортасы бейнеленген.

2005 жылы Астанадағы Жамбыл атындағы №4 мектеп-гимназияда жас туристер стансасы ашылды.

2006 жылы Алматы облысы Іле ауданындағы Первомай кентінде Қазақстандағы алғашқы инфузиялық ерітінділер шығаратын зауыттың таныстырылымы болды. Инфузиялық ерітінділер стратегиялық маңызды дәрі-дәрмек қатарына жатады. Олар ауруханаларда күн сайын үлкен көлемде пайдаланылады. Сондай-ақ түрлі эпидемиялар, табиғи және техногендік сипаттағы апаттар мен соғыс қимылдары кезінде де оған деген сұраныс еселеп арта түседі. Халықаралық медициналық зерттеулерге қарағанда бір адамға жылына орта есеппен екі литр инфузиялық ерітінді керек. Қазіргі таңда олардың 90 пайызы шетелден әкелінеді.

2006 жылы Германияның Баден-Вюртемберг жерінде, Вальдбрунн-Мюльбен қаласында Қазақстан Елшілігі жергілікті қымыз өндіруші фермамен бірлесіп, Германиядағы қазақ диаспорасы мен Қазақстаннан көшіп барған отандастарымыздың белсенді атсалысуымен «Қымыз мерекесін» өткізді. Шара аясында мерекелік қойылымдар ұйымдастырылып, қымыз мерекесіне арнайы келген қонақтардың алдында Кельн және Бавария аймақтарындағы қазақ диаспорасының көркемөнерпаз әртістері өнер көрсетті. Мереке қонақтары қазақтың киіз үйімен, домбыра аспабымен, ұлттық дастарқан мәзірімен және Германиядағы қымыз өндірісінің басталу тарихымен, қымыздың емдік қасиеттерімен танысты.

2007 жылы Алматыда «Абай жолы» романының орыс тіліндегі жаңа аудармасының таныстырылымы болып өтті. Қазақстанда туған және қазақ әдебиетімен жете таныс, сондай-ақ Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбай, Оралхан Бөкей мен Төлен Әбдіктің шығармаларын сәтті аударып, мол тәжірибе жинақтаған есімі әлемге әйгілі жазушы Анатолий Ким бұл аудармаға үлкен дайындықпен келді.

2007 жылы Павлодарда ақын, қаланың құрметті азаматы, аудармашы әрі драматург Аманжол Шамкеновтің (1927-2004) құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Ондаған кітап пен поэзиялық жинақтардың авторы Аманжол Шамкенов 1927 жылы Павлодарда дүниеге келді. Қазақ мемлекеттіқ университетін бітірген. Оның «Студент сыры» атты тұңғыш жинағы 1951 жылы басылып шықты. Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері мемлекеттік комитеті көркем әдебиет редакциясында, «Жұлдыз» журналында, «Жазушы» баспасында жемісті еңбек етті, көптеген жылдар Қазақстан жазушылары одағында балалар әдебиеті секциясына басшылық етті. Сондай-ақ, ол - «Үнді әуендері» өлеңдер топтамасы үшін Джавахарлал Неру атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері.

2007 жылы Семейде Қазақстандағы бірінші автобус құрастыру зауыты - «DAEWOO BUS KAZAKHSTAN» ЖШС ашылды.

2010 жылы Жамбыл облысына екі күндік жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тараз жүн өңдеу фабрикасындағы жаңа өндірісті бастап берді.

2010 жылы Астанада «Қазақстандағы Латын Америкасы апталығы» І халықаралық форумы өтті.

2011 жылы режиссер Әділхан Ержановтың «Риэлтор» фильмі «Киношок-2011» фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды.

2012 жылы Алматыда Қайым Мұхамедхановтың шығармаларының оныншы кітабы жарық көрді. Онда Қ.Мұхамедхановтың «Абайдың әдеби мектебі» диссертациясын қорғау стенограммасы алғаш рет жарияланды.

2012 жылы Ақсу қаласында Иманжүсіп Құтпанұлы (1863-1929) атындағы спорт сарайы ашылды. Сондай-ақ бұл күні қазақтың белгілі ақыны, журналист, сатирик әрі қоғам қайраткері Сәбит Дөнентаевтың (1894-1933) ескерткіші ашылып, қалалық мәдениет сарайы мен алаңына ақынның есімі берілді.

Ақсудағы ескерткіштің авторы - белгілі мүсінші Тоқтар Ермеков.

2012 жылы Прагада Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы елшілігінің қолдауымен «Елім-ай» қазақ мәдени орталығы ұйымдастырған Қазақстан Мәдениет күндері басталды.

2012 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қажымұқан Мұңайтпасов көшесі 11-үйде орналасқан корпусының шатырына Германияда жасалған күн электр станциясы орнатылды.

2012 жылы «Эйр Астананың» әуепаркін толықтырған жаңа Embraer 190 әуе лайнері Қазақстан аумағында және көрші елдерге ұша бастады. Әуе лайнеріне әйгілі қазақ күйшісі, композитор Дина Нұрпейісованың есімі берілді.

2013 жылы Монте-Карлода Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Монако князьдігіне ресми сапары аясында «Монако-Қазақстан» бизнес-форумы болды.

Шара барысында Қазақстан мен Монако арасында Бірлескен іскерлік кеңес құру туралы келісімге, сондай-ақ көптеген басқа да құжаттарға қол қойылды. Бұдан бөлек, бизнес-форум аясында Қазақстан және Монако жайлы фильмдер қойылып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту перспективалары талқыланды.

2013 жылы Қазақстанда Интернеттің қазақтілді сегментін дамытуға қосқан үлесі үшін тұңғыш рет ұлттық интернет-сыйлық тағайындау туралы шешім қабылданды. Сыйлықты Ұлттық интернет қауымдастығы тағайындады.

2013 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Монако Князьдығына ресми сапары ауқымында мемлекеттік нарградалар алмасу ресми рәсімі болып өтті.

Мемлекет басшысы Әулие Карл (Шарль) Ордені Кресімен марапатталды. Бұл орден - Монако Князьдығының жоғары мемлекеттік наградасы. Оны Князь Карль (Шарль) ІІІ тағайындаған.

Монако Князы Альбер ІІ ҚР жоғары мемлекеттік наградасы - «Достық» орденімен марапатталды. «Достық» орденімен тұлғалар қоғамдағы өзара келісімді сақтаудағы жемісті жұмысы, халықтар арасында бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін марапатталады.

2013 жылы Алматыда «Олимпионик» әлеуметтік қорының өкілдері «Дос-Мұқасан» тобына арналған ескерткіш отырғыш орнату жобасын бастау туралы жариялады.

2014 жылы Атырауда жылына 100 тонна бекіре балығы мен 1 тонна қара уылдырық өндіре алатын балық өнеркәсібі кешені ашылды. Жобаның жалпы құны - 5 млн 728 мың долларды құрады.

2014 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Білім беру тарихы музейі ашылды.

Музейде даңқты ағартушыларға қатысты сирек құжаттар мен бұйымдар, сондай-ақ фотосуреттер, латын қарпіндегі басылымдар, араб тілінде жазылған қолжазбалар жиналған.

2014 жылы Қарағанды облысының Ұлытау ауданында «Ұлытау - ұлы мекенім» мәдени форумы өтті.

2015 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның 2015 жылдан кейінгі даму кезеңіне арналған күн тәртібін қабылдау жөніндегі саммитке қатысты. Саммит барысында 2015 жылға дейінгі дамудың негізгі мақсаттары мен міндеттері көрсетілген Мыңжылдық декларациясын орындау жөніндегі шаралар нәтижесі талқыланды. Сондай-ақ шараға қатысушылар 2015 жылдан кейінгі кезеңге арналған даму саласының күн тәртібін қабылдады.

Жиналғандарға сөз арнаған Қазақстан Президенті біздің еліміз Мыңжылдық дамудың сегіз мақсатын жүзеге асыру ісінде айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізгенін айтты. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мемлекеттіліктің негізін нығайтып, азаматтық қоғамның дамуы үшін жағдай жасағанына назар аударды.

2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясына қатысу үшін АҚШ-қа барған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Болашақ» стипендиясы бойынша АҚШ жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақстандық студенттер қарсы алды. Олардың арасында Батырхан Шүкеновтің Америкада білім алып жатқан ұлы Мақсұт та болды. Ол Нұрсұлтан Назарбаевқа әкесінің әндер жинағын сыйға тартты.

2016 жылы Алматыда Бибігүл Төлегенова атындағы VIII халықаралық вокалистер конкурсының жеңімпаздары анықталды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден келген опера жанрының жас таланттары қатысты.

Конкурстың бас жүлдесін алматылық Расұл Жармағамбетова жеңіп алды. Оған 3,9 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.

ЕСІМДЕР

null 79 жыл бұрын (1938) экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері МАМЫРОВ Нұрғали Құлшыманұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу халық шаруашылығы институтының аспирантурасын бітірген. 1966-1987 жылдары Алматы халық шаруашылық институтының аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, проректоры, ректоры қызметтерін атқарған. 1987-1988 жылдары - Тәжік экономика және ауыл шаруашылығы басқару ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері. 1992-1993 жылдары - Республикалық «Мемсәулетқұрылыс» басқарушы қызметкерлері мен мамандарының біліктілігін арттыру институтының ректоры. 1993-1994 жылдары - Алматы технологиялық институтының ректоры. 1994-2001 жылдары - Қазақ мемлекеттік басқару академиясының ректоры. 2001-2005 жылдары Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетінің ректоры болған. «Парасат», «Халықтар достығы» ордендерімен, медальдармен марапатталған.




null 56 жыл
бұрын (1961) Астана қаласы коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы ЗАКАРИЯНОВ Төлеген Қабыкенұлы дүниеге келді.

Целиноград қаласында туған. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттiк университетiн «құқықтану» мамандығы бойынша, 2006 жылы С.Сейфуллин атындағы қазақ мемлекеттiк агротехникалық университетiн «экономика» мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымының кандидаты.

Еңбек жолы: Целиноград облыстық халық депутаттары кеңесi атқарушы комитетi iшкi iстер басқармасының АIIБ тергеушiсi (1983); Көкшетау облыстық халық депутаттары кеңесi атқарушы комитетi iшкi iстер басқармасының аса маңызды iстер жөнiндегi тергеушiсi, аға тергеушi (1985-1989); Көкшетау қаласы прокуратурасының аға тергеушiсi, прокурорының көмекшiсi (1989-1991); «Мустанг» фирмасының директоры (1991-1995); «Агро-Инвест-Целинный» ЖШС директоры (1995-1998); «Червонное» ЖШС директоры (1998-2002); Солтүстiк Қазақстан облысы Тимирязев ауданының әкiмi (2005-2007); Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң мемлекеттiк инспекторы (2007-2008); Павлодар облысы әкiмiнiң орынбасары, Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi өңiрлiк дамыту комитетi төрағасының орынбасары (2008-2010). «Москворецкое» ЖШС бас директоры (2010-2012); Қазақстан Республикасы Премьер-Министрi бiрiншi орынбасарының кеңесшiсi болды (2013); Петропавл қаласының әкiмi (2013-2014); «Астана қалалық дін істері басқармасы» ММ басшысы (2015).

Қазіргі лауазымын 2016 жылдан атқарып келеді.

null 51 жыл бұрын (1966) Қазақстандық-Британдық техникалық университеттің ректоры БЕЙСЕМБЕТОВ Искандер Қалыбекұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Мәскеу экономика-статистика институтының экономикалық кибернетика факультетін, осы институттың аспирантурасын бітірген. 1996 жылдан Экономикалық зерттеулер институтында (бұрынғы ҚазКСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Экономика институты) директордың орынбасары, директоры. 1999 жылдан ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары. 2000 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық бөлімінің меңгерушісі. 2001 жылдан ҚР стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы. 2003 жылдан - «ҚазмұнайГаз» ҰК» АҚ басқарушы директоры. Қазіргі қызметінде - 2004 жылдан бері.





null 49 жыл
бұрын (1968) «Еуразия+ОРТ» ЖШС бас директоры КИСЕЛЕВ Сергей Владимирович дүниеге келді.

Том қаласында (РФ) туған. Краснояр әуе қорғанысынан қорғану радиоэлектроника жоғары әскери училищесін, радиотехникалық құралдарды пайдалану инженері, «Әділет» құқық жоғары мектебін бітірген, заңгер. 1994-1996 жылдары «Цесна-Сайран» ЖШС бас директорының орынбасары. 1996-2004 жылдары - «Юрист» ЖШС, «ЮрИнфо компаниясы» ЖШС директоры. 2001-2002 жылдары - Соттар одағының хатшысы. 2003 жылдан - Құқықтық мәдениетті қалыптастыру қорының директоры. 2004-2007 жылдары - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2007-2010 жылдары - «Еуразия» бірінші арнасы» ЖШС бас директоры. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы тамыздан бері. «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT