27 қараша. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 27 қарашаға арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1963 жылы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы ашылды. Ол ұлы жазушы М. Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын көпшілікке таныстыру, насихаттау, зерттеу жұмыстарымен айналысады. Орталық 1951-1961 жылдары Алматыда жазушының өзі тұрған Төлебаев көшесіндегі №155 үйде орналасқан. Орталық негізінен, үш бағытта жұмыс жүргізеді: Бірінші бағыты – жазушының өмірі мен шығармашылығы мұрасын жинақтау, оны ғылыми жүйеге түсіріп саралау, жариялау және әуезовтану саласы бойынша жарық көрген еңбектерді жинау. Екінші бағыты – мұражайдағы қолжазбалар мен экспонаттарды, кино, фото, дыбыс қорларындағы мұраларды ғылыми жүйеге түсіру, көрме ұйымдастыру. Қолжазба қорында 72 мыңнан астам мұрағат, сирек кездесетін кітаптар, жазушының күнделіктері мен жолжазбалары, мұрағаттардан жинаған құнды деректер, жеке құжаттары, т.б. бар.

1992 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданында Қарасай батыр атындағы қор мен тарихи-этнографиялық қоғам құрылды.

1992 жылы Алматы облысының Нарынқол ауданы Қарасаз ауылында ақын Мұқағали Мақатаевтың музейі ашылды.

2007 жылы Парижде Қазақстанның Халықаралық сот орындаушылары одағына (ХСОО) мүшелікке кіру рәсімі өтті. ХСОО – сот шешімдерін мәжбүрлеп орындатумен айналысатын кәсібилердің халықаралық бірлестігі. Одақ Еуроодақтың, Гаага конвенциясының, БҰҰ комитетінің мүшесі, оның қатарында әлемдегі 60-тан астам елдің өкілдері бар. Одақтың басты міндеті барлық елдердің сот орындаушылары арасында тәжірибе алмасу және кәсіби байланысты нығайту, сондай-ақ сот орындаушысы мәртебесінің мәнділігіне мемлекеттік органдардың назарын аудару.

2009 жылы Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымы (ISESCO) Алматы қаласын 2015 жылғы Ислам мәдениетінің қаласы деп тануға шешім қабылдады. Бұл жөнінде ISESCO-ның бас директоры Әбдел Әзиз Әт-Туэйджри Қазақстан Республикасының Мароккодағы Төтенше және Өкілетті елшісі (міндетін қоса атқарушы) Бақтияр Тасымовпен кездесуінде хабарлаған.

2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне әзірлік және оны өткізу жөнінде Мемлекеттік комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойды.

2015 жылы Халықаралық Түркі академиясы ISESCO байқаушысы мәртебесін алды. Ислам Білім, Ғылым және Мәдениет ұйымының (ISESCO) қызметі ислам елдерінде ғылым мен білімді және мәдениетті дамытуға бағытталған.

2015 жылы Алматыда І - ECOTANBA типіндегі алғашқы экологиялық маркалау бағдарламасы таныстырылды. ECOTANBA экологиялық маркасы – экологиялық таза өнімдерді, қызметтерді және процестерді сертификаттаудың Қазақстандағы алғашқы әрі бірден-бір ерікті жүйесі. Оны «EcoStandard» қоғамдық қоры іске асырады.

2018 жылы «ҚазАқпарат» ХАА Астана телеарнасымен бірігіп «Ғажайып Қазақстан» деректі фильмдер топтамасын түсіре бастады. Түсіру тобы Қазақстанның әр түкпірінде болып, шалғай ауылдардағы адамдармен тілдесті. Құс қанаты ғана жететін тұмса табиғатты таспаға түсірді. «Ғажайып Қазақстан» – бұл қазіргі Қазақстанның құпиясы ашылмаған табиғаты, тылсым күшке және шешілмеген жұмбаққа толы ғажайып орындары, сондай-ақ жаратылысы ерекше адамдар. Еліміздің барлық өңірлерінен сыр шертетін бірегей видеоочерк 25 бөлімнен тұрады.

2019 жылы Ұлттық банк номиналы 500 теңгелік күміс «Дала қазынасы» монеталар сериясынан «Quraq kórpe» коллекциялық монеталарын және номиналы 200 және 100 теңгелік мельхиор қоспасынан «Қазақстанның флорасы мен фаунасы» монеталар сериясынан «Kόbelek. Lasiommata maera» коллекциялық монеталарын айналысқа шығарды.

2020 жылы қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Ұлболсын» кинокартинасы Эстонияда өткен «Қараңғы түндер» кинофестивалінде «Үздік азиялық фильм» атанып, NETPAC сыйлығын иеленді.


Соңғы жаңалықтар