26 сәуір. Тұлғалар туған күн

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 26 сәуірде тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

137 жыл бұрын (1886-1913) татар ақыны, публицист Ғабдолла ТОҚАЙ дүниеге келді.

Үш жасында ғана әке-шешеден бірдей айырылған Ғабдолланы тағдыр бала кезінен-ақ сынапты. Батыс Қазақстандағы Орал қаласында әпкесі барын естіп, Ғабдолла 9 жасында сонда жөнелтілген. Әкесінің қарындасы Ғазизаның қолына келген жетім бала осы жерде ғана жетіліп, қатарға қосылғандай болады. Оралдағы әйгілі ғұлама, Мысырдың Әл-Асқар университетін бітіріп келген Мүтиғолла Тухватуллиннің «Мүтиғия» медресесіне оқуға түседі. Медреседе шығатын «Әл Ғасыр әл жәдид» («Жаңа ғасыр») қолжазба журналында Ғабдолланың тырнақалды дүниелері жарияланады. 1907 жылдың күзінде ақындық һәм күрескерлік атағы шыға бастаған 21 жастағы Ғабдолла Қазанға қарай бет алады. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы Абай болса, қамшының сабындай ғұмырында бес том шығарма қалдырған Ғабдолла Тоқай да татар ағайындар үшін сондай дәрежеде.

Тоқай аударма саласының тылсым иірімдеріне терең бойлап, Крыловтың алпыс бес мысалын қапысыз тәржімалайды. Сондай-ақ, Байрон мен Шиллердің, Пушкин мен Лермонтовтың өлеңдерін түпнұсқадан шеберлікпен аудару сол тұстағы әдебиетте кездесе бермейтін құбылыс еді. Сәбит Мұқанов сол кезде түркі халықтарының ішінде бірде-бір ақын Тоқай сияқты кең түрде әйгілі бола алмағанын айтып кеткен деседі. Ғабдолла Тоқай 1913 жылы сәуір айында көз жұмған. Ал ақынның нақты қай күні дүниеден өткені туралы дереккөздер әртүрлі жазады. Бірінде оның Клячкин ауруханасында 2 сәуір күні кешкі сағат 8-дер шамасында көз жұмғаны айтылса, тағы бірінде 15 сәуір күні Қазан қаласында қайтыс болғаны жазылады. Тағы бір деректерде ақынның қайтыс болғаны туралы хат 20 сәуір күні шыққан газет бетінде жарияланған екен.

123 жыл бұрын (1900-1973) қазақтың әйгілі жазушысы, ақыны Сәбит МҰҚАНОВдүниеге келген.

Сәбит Мұқанов қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар деген жерде туған. Сәбит жеті жасқа келгенде әкесі Мұқан, сегізге толғанда шешесі өледі де, Мұстафа деген ағасының қолында қалады. Жетімдіктің ауыр қасіретін тартқан Сәбит он жасынан бастап өз бетінше еңбек етеді. Өз бетінше ұмтылып, ауыл молдаларынан хат таниды, 15 жасында қисса, дастандар оқи алатын халге жетеді. Ол 1918 жылдың күзінде Омбы қаласындағы мұғалімдер курсына түсіп, онда бір жыл оқиды. Осы жылдары «Көңілім» (1917), «Зарығу» (1918), «Жоқшылыққа» (1918) өлеңдерін жазды. Білім ала жүріп, М. Жұмабаевқа хатшылық қызмет атқарды‚ оның педагогика тарихы курсынан оқыған лекцияларын қағазға түсірді. Көкшетау ревкомының төрағасы болып қызмет атқарады. 1920 жылы жаз айында Жұмабаевтың жетекшілігімен оқытушылар курсы қайта ашылып, күзге дейін сонда оқуын жалғастырды. 1921-1922 жылдары Петропавл қалалық партия комитетінде істейді. Осы тұста Сәбит Мұқановтың өлең, мақалалары «Еңбекші қазақ», «Жас қайрат», «Лениншіл жас» газеттері мен «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдарында жиі басылды.

С.Мұқанов жиырмасыншы жылдары бірнеше ұсақ өлеңдермен бірге, «Жетім қыз күйі», «Тұлпар жорығы», «Балбөпе», «Батырақ», «Октябрьдің өткелдері», «Қанды көл», «Құланның құны» дейтін поэмалары мен «Сұлушаш» романын жазды. 1922 жылы Орынбордағы рабфакқа (жұмысшылар факультетіне) түсіп, оны 1926 жылы бітіреді. Баспасөз орындарында қызмет атқарды: Республикалық «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бөлімін басқарды, Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторы (1926-1928) болды. 1928 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) университетінің филология факультетіне оқуға түсіп‚ аз уақыттан соң отбасы жағдайына байланысты Петропавл қаласына келіп‚ «Кеңес ауылы» газетінің редакторы және жазушылар бөлімінің жетекшісі болды. 1930 жылы жергілікті ақын-жазушылар шығармалары негізінде «Жарыс» атты альманах шығарды. 1932 жылы Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөліміне түсіп, оны 1935 жылы бітіреді. 1935 жылы республикалық «Кеңес ауылы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакторы қызметін атқарды. Қазақстан Жазушылар одағын (1936-1937, 1943-1951) басқарды‚ ҚазПИ-де (1937-1941, қазіргі ҚазҰПУ) профессор болып, қазақ әдебиетінен дәріс береді. Сәбит әр алуан қызметтер арқауымен қатар түрлі жанрда жаңа шығармаларын жариялады. Поэзияда: «Колхозды ауыл осындай», «Майға сәлем», «Сөз-советтік армия»; драматургияда: «Күрес күндерінде» (1938), «Алтын астық» (1939); прозада: «Жұмбақ жалау» (1938), «Менің мектептерім» (1940), «Балуан Шолақ» (1941) секілді шығармалар осы жылдардың жемісі. «Сырдария», «Тыңда туған байлық», «Мөлдір махаббат», «Есею жылдары» атты романдары мен «Саяхаттар» (1945), «Туған жердің тыңында» (1955), «Адам Атаның шоқысында», «Алыптың адамдары» тәрізді очерктерін жазды. Екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, Ленин орденімен марапатталды.

91 жыл бұрын (1932-2021) танымал совет және Қазақстан мүсіншісі, Қазақ КСР еңбек сіңірген сәулетшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1990), Қазақстан Республикасы Елтаңбасы авторларының бірі Шота (Шот-Аман) Ыдырысұлы УӘЛИХАНОВ дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Мәскеу сәулет институтын бітірген. Белгілі қазақ мүсіншісі, ҚР еңбек сіңірген сәулетшісі, Мемлекеттк сыйлықтың лауреаты. Республикалық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының төрағасы, Алматыдағы Тәуелсіздік монументі авторлары шығармашылық тобының жетекшісі, Шоқан Уәлихановқа, Тоқаш Бокинге, Астанадағы Кенесары ханға, Семейдегі Шәкәрімге орнатылған ескерткіштердің авторы.

60 жыл бұрын (1963) Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Бағбан Тайымбетұлы ТАЙЫМБЕТОВдүниеге келді.

С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Прокуратура органдарындағы қызметін 1989 жылы бастаған. Басшылық лауазымдарда еңбек тәжірибесі мол. Қарағанды, Қызылорда облысы және Алматы қаласы прокурорларының орынбасары, сондай-ақ Жамбыл және Шығыс Қазақстан облысының прокуроры болған. Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі 27 жылдан астам. Заңдылықты және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі жетістігі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. 3 сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі шені бар.

59 жыл бұрын (1964) советтік және қазақстандық боксшы, 1984 жылы КСРО Олимпиада құрама командасының мүшесі, КСРО халықаралық дәрежедегі спорт шебері (1984), Қазақ КСР спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, еңбек сіңірген спорт жаттықтырушысы Асылбек Сақтапбергенұлы ҚИЛЫМОВ дүниеге келді.

Ресейде дүниеге келген. КСРО бойынша жасөспірімдер арасындағы бокста чемпион атағын жеңіп алған. 1979 жылы Бельцы қаласында (Молдавия), 1980 жылы Қарағандыда, 1981 жылы Харьковте, 1981 жылы Каунаста (КСРО оқушыларының спартакиадасы), 1982 жылы Пенза қаласында өткен КСРО жасөспірімдері арасынан чемпион болады.1982 жылы бүкіл Еуропа аралық чемпионатта қола жүлдені жеңіп алады, Шверин қаласы (Германия), 1984 жылы Мәскеу қаласында өткен АҚШ-КСРО кездесулерінің чемпионы болды. 1984 жылы Ташкент қаласында КСРО чемпионы атанды. 1984 жылы Ярославльде өткен КСРО кубогының жеңімпазы. Екі рет күміс жүлде алған. Біріншісі Ереванда (1985ж), екіншісі Алматыда (1986 ж) . Асылбек Сақтапбергенұлы боксқа он жылын арнаған (1977-1987 жж). Осы жылдар аралығында 216 кездесу өткізіп оның 186-ын жеңімпаз болып аяқтаған. 1982 жылы Англия тәжірибе алмасу мақсатында өздеріне шақыртады, контрактінің құны 1.5 млн(фунт.стерл).

1984 жылдың көрсеткіші бойынша Асылбек Қилымов Еуропаның ең үздік боксшысы, 75 келі салмақ дәрежесіне дейінгі әлем бойынша үшінші боксшысы атағына ие болған тұлға.

56 жыл бұрын (1967) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Мұхамеджан Қадыржанұлы ТАЛАСОВ дүниеге келді.

Қызылорда облысы Арал ауданының Сексеуіл стансасында туған. 1989 жылы Ленинград жоғары әскери инженерлік құрылыс училищесін тәмамдаған. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. 2006 жылы Орта-Азиялық университетті тәмамдады. 2013 жылы Ұлттық қорғаныс университеті жанындағы жоғары академиялық курсты аяқтады. Құрылыс училищесіндегі оқуды аяқтағаннан кейін 1989 жылғы маусымнан бастап Қарулы Күштердің құрылыс бөлімшелерінде қызмет атқарған. 2003 жылғы наурызда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы басқармасы пәтер пайдалану қызметінің бастығы болып тағайындалды. 2004 жылғы қазан мен 2007 жылғы тамыз арылығында Қазақстан Республикасының экономикалық және сыйбайлас жемқорлық қылмыспен күрес агенттігінде қызмет атқарды. 2009 жылғы қаңтарда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 2010 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Тыл бастығы болып тағайындалды. 2012 жылғы мамырдан бастап Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы болды. 2013 жылғы сәуірде Бас штаб бастығының орынбасары - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы болып тағайындалды. 2017 жылғы тамызда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары болып тағайындалды. 2019 жылдан бастап Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Біріккен штабы бастығының орынбасары.

2020 жылдың қазан айынан бастап қазіргі қызметінде. ІІ дәрежелі «Айбын», ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталған.

33 жыл бұрын (1990) ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары Олжас Әбдімомынұлы ЖҰМАҒҰЛОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Америкалық университетті, Лондон экономика мектебін, Лондонның Корольдік колледжін бітірген. Еңбек жолы: 2013-2016 жж. ҚР Экономика және сауданы дамыту министрлігінде түрлі лауазымдар атқарды. 2016-2018 жж. ҚР АШМ Астана қаласы бойынша аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары, министрдің кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2018 жылғы ақпаннан шілде айының аралығында ҚР инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі болды. 2018-2019 жж. ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі қызметін атқарды. 2019-2021 жж. ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі болды.

2021 жылдың наурызынан бастап қазіргі қызметінде.


Соңғы жаңалықтар