26 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырмандар назарына 2023 жылғы 26 сәуірге арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесі ұсынылады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық зияткерлік меншік күні

1970 жылдың 26 сәуірі күні Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Конвенциясы күшіне енді. 2000 жылы қыркүйек айында ДЗМҰ-ға мүше-елдер бұл күнді Халықаралық зияткерлік меншік күні ретінде жариялады. Бұл – білімнің барлық саласындағы өнертапқыш және шығармашыл адамдардың мерекесі.

Халықаралық Чернобыль (Радиациялық) апат құрбандарын еске алу күні

1986 жылы 26 сәуірде Чернобыль атом электр стансасында апат болды. ЧАЭС атомдық реакторы толығымен бүлініп, қоршаған ортаға радиоактивті заттар тарады. Радиация Украина мен Ресей, Беларусь мемлекеті мен Еуропаның бірқатар елдеріне тарап кетті. Апат орнынан 30 шақырым қашықтық түгелдей уланды. 2003 жылы өткен ТМД саммитінде Украина президенті Леонид Кучма ТМД елдеріне 26 сәуірді Халықаралық радиациалық апаттар құрбандарын еске алу күні деп жариялау жөнінде ұсыныс тастады. Өткен жылдар ішінде апаттың жойқын салдарын еңсеру үшін көп күш-жігер жұмсалды. Апат салдарын жоюға Қазақстаннан 30 мың адам қатысты. Қазіргі таңда олардың шамамен 6 мыңға жуығының көзі тірі.

Халықаралық жетек теуші (жетекте жүретін) иттер күні

Жыл сайын сәуір айының соңғы сәрсенбісінде атап өтіледі. Оны соқыр және нашар көретін адамдар үшін жетектеуші иттерді үйрететін және беретін 35 елден 90-нан астам мүше ұйымдардың британдық қауымдастығы - Халықаралық жетектеуші иттер федерациясы (IGDF) құрған.

Шудан қорғану дың халықаралық күні

Ол жыл сайын сәуір айының соңғы сәрсенбісінде атап өтіледі. Оны шудың зиянды әсерлері туралы хабардар ету және адамдарды күн сайын қоршаған шу туралы бірдеңе жасауға ынталандыру мақсатында 1996 жылы Американдық «Center for Hearing in Communication» ұйымы құрған.

Кәсіби әкімшілік қызметкерлер күні

Жыл сайын сәуір айының соңғы аптасының сәрсенбісінде тойланады. Бұл күнді мерекелеуге әкімшілік құрылымдар мен кеңселердің барлық қызметкерлері - ресепш қызметкерлерінен бастап кең ауқымды міндеттерді атқаратын менеджердің көмекшілеріне дейін қосылады.

Дүниежүзілік азық-түлік қалдықтары күні

Жыл сайын сәуір айының соңғы сәрсенбісінде тойланады. Бұл тамақ қалдықтары туралы хабардарлықты арттыру және адамдарды тамақ қалдықтарын азайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға шақыратын жаһандық әрекет күні.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1994 жылы Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімге қол қойылды.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті бірінші рет «Алтын алқа» белгісін табыс етті. Орден статусына ие «Алтын алқа» белгісі 1993 жылы бекітілген. Көпбалалы аналарға беріледі.

1996 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан мемлекеттерінің президенттері Шанхай келісіміне қол қойды. Кейінен ұйым «Шанхай бестігі» Шанхай ынтымақтастық ұйымы деп аталды.

2000 жылы Алматыда Дауос аясындағы Еуразиялық экономикалық саммит ашылды. Басқосуға әлемнің 37 елінен 500-дей саяси басшы, жетекші бизнесмендер мен халықаралық сарапшылар қатысты. Форумда Қазақстан, Грузия, Қырғызстан президенттері, Әзербайжанның премьер-министрі сөз сөйледі.

2002 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің №853 Жарлығымен «Ақтау теңіз порты» еркін экономикалық аймағы құрылды.

2009 жылы Алматыда Чернобыль атом электр станциясындағы апат қалдықтарын жойған қазақстандық жауынгерлерге арналған граниттен жасалған ескерткіш тақта орнатылды.

2010 жылы Амманда Астанада Иорданияның Сауда дамыту орталығын ашу туралы құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Орталықты ашу туралы шешім екіжақты экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай тереңдету және экономикалық-сауда қатынастарын нығайту мақсатында қабылданған болатын.

2013 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы мен Гвинея-Бисау Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері деңгейінде бірлескен Коммюникеге қол қою арқылы екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды

2015 жылы Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жетті. 2015 жылдың ақпан айында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері Қазақстан Республикасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастама көтеріп, Мәжіліс депутаттарына жүгінді. Өтініште «әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында күрделі халықаралық күн тәртібінің алдында жалпыұлттық бастама арқылы сайлауды өткізу – уақыт талабы» екендігі айтылған.

2016 жылы Төменгі Саксонияда Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды. Құрметті консул лауазымына Германияның алдыңғы қатарлы кәсіпкерлерінің бірі Гюнтер Папенбург тағайындалды.

2017 жылы Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық колледждің Үлкен концерт залына КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Ермек Серкебаевтың есімі берілді. Мұндай бастаманы колледж директоры Біржан Хасанғалиев көтерген болатын.

2019 жылы Шереметьево халықаралық әуежайынан Байқоңыр ғарыш айлағына АН-124-100 ұшағымен «Спектр-РГ» ғарыш астрофизикалық обсерваториясы жеткізілді.

2021 жылы Халықаралық Түркі академиясы «Ұлы тұлғалар мұрасы» сериясы аясында көрнекті түркітанушы, ғылым саласындағы маманның 100 жылдығына арналған «Түркі тіл білімінің патриархы Эдхем Тенишев» халықаралық конференциясын өткізді.

2021 жылы Қазақстанда коронавирусқа қарсы «QazVac» деп аталатын ұлттық вакцинаны егу науқаны басталды. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының мемлекеттік ғылыми-зерттеу институты әзірлеген екі дозалы вакцинаның 50 000 дозасы Қазақстан бойынша таратылды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ғылыми жетістіктерін COVID-19 вирусына қарсы жеке вакцина жасаған әлемдегі «аз елдердің бірі» деп атап өтті.

2022 жылы Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкин Ресей мемлекеттік саяси-әлеуметтік тарих мұрағатында сақталған Бауыржан Момышұлына қатысты «құпия» санаттағы құжаттарды оның үлкен жиені Бекет Момынқұлға тапсырды. Мұрағаттық құжаттарды тапсыру рәсімі Қазақстан Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайында өтті. Құжаттардың ішінде партия билеті мен КПСС мүшесін есепке алу билеті, 1942 жылғы Бүкілодақтық коммунистік партия мүшесіне тіркеу парағы, фотосуреттер және басқа да құжаттар бар.


Соңғы жаңалықтар