26 сәуір: ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2019 жылғы 26 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық зияткерлік меншік күні

1970 жылдың 26 сәуірі күні Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Конвенциясы күшіне енді. 2000 жылы қыркүйек айында ДЗМҰ-ға мүше-елдер бұл күнді Халықаралық зияткерлік меншік күні ретінде жариялады. Бұл - білімнің барлық саласындағы өнертапқыш және шығармашыл адамдардың мерекесі.

Радиациялық апат құрбандарын еске алу күні

1986 жылы 26 сәуірде Чернобыль атом электр стансасында апат болды. ЧАЭС атомдық реакторы толығымен бүлініп, қоршаған ортаға радиоактивті заттар тарады. Радиация Украина мен Ресей, Беларусь мемлекеті мен Еуропаның бірқатар елдеріне тарап кетті. Апат орнынан 30 шақырым қашықтық түгелдей уланды.

2003 жылы өткен ТМД саммитінде Украина президенті Леонид Кучма ТМД елдеріне 26 сәуірді Халықаралық радиациалық апаттар құрбандарын еске алу күні деп жариялау жөнінде ұсыныс тастады. Өткен жылдар ішінде апаттың жойқын салдарын еңсеру үшін көп күш-жігер жұмсалды. Апат салдарын жоюға Қазақстаннан 30 мың адам қатысты. Қазіргі таңда олардың шамамен 6 мыңға жуығының көзі тірі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1994 жылы Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімге қол қойылды.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті бірінші рет «Алтын алқа» белгісін табыс етті. Орден статусына ие «Алтын алқа» белгісі 1993 жылы бекітілген. Көпбалалы аналарға беріледі.

1996 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан мемлекеттерінің президенттері Шанхай келісіміне қол қойды.

1997 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев республиканың банкнот фабрикасы мен Мемлекеттік құндылықтарды сақтау қоймасына барды. Мемлекет басшысы жаңа қазақстандық банкноталардың эксперименттік шығарылуын тамашалап, елдің алтын-валюталық қорларының қоймасын қарап шықты.

2000 жылы Алматыда Давос аясындағы Еуразиялық экономикалық саммит ашылды. Басқосуға әлемнің 37 елінен 500-дей саяси басшы, жетекші бизнесмендер мен халықаралық сарапшылар қатысты. Форумда Қазақстан, Грузия, Қырғызстан Президенттері, Әзербайжанның премьер-министрі сөз сөйледі.

2002 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің №853 Жарлығымен «Ақтау теңіз порты» еркін экономикалық аймағы құрылды.

2009 жылы Алматыда Чернобыль атом электр станциясындағы апат қалдықтарын жойған қазақстандық жауынгерлерге арналған граниттен жасалған ескерткіш тақта орнатылды.

2010 жылы Амманда Астанада Иорданияның Сауда дамыту орталығын ашу туралы құжаттарға қол қою рәсімі өтті.

Орталықты ашу туралы шешім екіжақты экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай тереңдету және экономикалық-сауда қатынастарын нығайту мақсатында қабылданған болатын.

2010 жылы «Каспий» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ құрамынан «Атырау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ бөлініп шықты. Компанияның негізгі мақсаты Атырау облысын дамытуға экономикалық қолдау көрсету.

2013 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы мен Гвинея-Бисау Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері деңгейінде бірлескен Коммюникеге қол қою арқылы екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды

2015 жылы Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Сайлауда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жеңіске жетті.

2015 жылдың ақпан айында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері Қазақстан Республикасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастама көтеріп, Мәжіліс депутаттарына жүгінді. Өтініште «әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында күрделі халықаралық күн тәртібінің алдында жалпыұлттық бастама арқылы сайлауды өткізу - уақыт талабы» екендігі айтылған.

2016 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты XXIV сессиясында «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі қабылданды.

2016 жылы Төменгі Саксонияда Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды. Құрметті консул лауазымына Германияның алдыңғы қатарлы кәсіпкерлерінің бірі Гюнтер Папенбург тағайындалды.

2016 жылы Прагада Қазақстан Республикасының Чехиядағы елшілігі Ислам Ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Чехияда аккредитациядан өткен дипломатиялық корпустары ұйымдастырған «Ою-өрнектер» көрмесіне қатысып, қазақ халқының ұлттық киімдерін, тұрмыстық бұйымдарын көрсетті.

2017 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 25 жыл толуына орай «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 25 жыл» медалі мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті» мерейтойлық белгісі бекітілді.

2017 жылы Қазақстан Ақордада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның алғашқы отырысы өтті. Отырыста Ұлттық комиссияның мақсат-міндеттері белгіленіп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған бағыттарды іске асыру жайы сөз болды.

2017 жылы Сауд Арабиясының астанасында «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабы таныстырылды. Оның авторы - Президент кеңсесінің басшысы, белгілі публицист Махмұт Қасымбеков. Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабын араб тіліне аудару идеясын Әр-Рияд Королі Фейсал атындағы Ислам зерттеу орталығы ұсынды.

2017 жылы Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық колледждің Үлкен концерт залына КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Ермек Серкебаевтың есімі берілді. Мұндай бастаманы колледж директоры Біржан Хасанғалиев көтерген болатын.

Соңғы жаңалықтар