26 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі
2022 жылғы 26 маусым 07:00

26 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2022 жылғы 26 маусымға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық нашақорлық және заңсыз есірткі айналымымен күрес күні

1987 жылы қабылданған БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімі бойынша өткізіліп келеді. Халықаралық Біріккен Ұлттар Ұйымының азаптау құрбандарына қолдау көрсету күні 1997 жылғы 26 маусымда азаптау және басқа да адамшылыққа жат жазалау түрлеріне қарсы Конвенция күшіне енді.

Халықаралық азаптау құрбандарын қолдау күні

1997 жылы Экономикалық және Әлеуметтік Кеңестің ұсынысы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымымен құрылған. Бұл күн азаптауды жою және 1987 жылғы 26 маусымда күшіне енген Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазаларға қарсы 1984 жылғы Конвенцияның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында өткізіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1929 жылы Алматы зооветеринарлық институты құрылды. Кейіннен осы ирнститут пен Қазақ ауылшаруашылық институттарының базасында Қазақ ұлттық аграрлық университеті (ҚазҰАУ) құрылды.

1992 жылы «Қазақстан Республикасының Халықаралық қаржы қорына, Халықаралық қайта құру және даму банкіне, Халықаралық қаржы корпорациясына және Халықаралық даму ассоциациясына мүшелігі туралы» Заң қабылданды.

1996 жылы Тегеранда Иран радиосының Қазақ редакциясы ресми түрде жұмыс істей бастады.

2010 жылы «Қазақстанның мемлекеттік наградалары» сериясымен «Құрмет» орденінің белгісі» естелік монетасы айналымға енгізілді.

2011 жылы Қазақстан астанасында Журналистер аллеясы ашылды. Ол Бейбітшілік және келісім сарайы жанындағы саябақта орналасқан.

2013 жылы «Euronews» белді ақпарат арнасы өзінің «Le mag» тележурналында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ашылуы және онда «Біржан-Сара» операсының тұсаукесері өткендігі туралы сюжет көрсетті. Онда «Астана Опера» театры қазірдің өзінде әлемнің ең үздік өнер ордаларымен - La Scala, San Carlo және Үлкен театрмен салыстырылып отыр», - делінген.

2013 жылы Бакуде әлемнің 44 елінен 500-ден астам делегат алғашқы түркітілдес диаспора өкілдері форумына қатысты.

2015 жылы елордалық «Дәулет» спорт кешенінде белгілі актер Стивен Сигал Қала күніне арналған І Халықаралық жауынгерлік өнер фестивалін ашты.

2017 жылы донорлық ағзалармен өмір сүріп жатқан қазақстандық спортшылар Испанияның Малага қаласында өткен XXI Дүниежүзілік спорттық транспланттау ойындарының ашылуына қатысты. Онда ел құрамасынан Қазақстанда жүрегін ауыстырған алғашқы пациент Жәнібек Оспанов ерекше көзге түсті.

2017 жылы Сеулдегі Қазақстан елшілігі Жер бетіндегі бейбітшілікті сақтауға белсенді қатысқаны үшін марапатталды. Марапаттау рәсімі Оңтүстік Корея Парламентінің ғимаратында өтті.

2018 жылы Қазақстанда алғаш рет Qazaq Cybersport Federation киберспорт федерациясы аккредиттеуден өтті. Енді федерация халықаралақы алаңдарда ел намысын қорғай алады.

2021 жылы Қазақстанда қалқанша безінің қатерлі ісігін емдеудің бірегей әдісі енгізілді. Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығында радионуклидті терапияның алғашқы бөлімі ашылды, онда алыстағы метастаздармен және тиреотоксикозбен сараланған қалқанша безінің обырын емдеудің бірегей, тиімді және қауіпсіз әдісі – радиойодотерапия қолданылады.

Мұндай орталықтың ашылуы республиканың бүкіл онкологиялық қызметі үшін өте маңызды оқиға. Мұнда алғаш рет радиоиодтық терапия әдісі қолданылып отыр, емдеу халықаралық хаттама бойынша жүргізіледі.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT