26 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 26 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік қоршаған ортаның саулығы күні

2011 жылы Индонезияда алғаш рет қоршаған орта саулығы күні мерекеленді. Осыған байланысты Индонезияның белсенді студенттері мереке гимнін шығарды да, оны ашылу рәсімінде орындады. 2012 жылы бұл шара Африка мен Еуропаның бірқатар елдерінде атап өтілді. 2013 жылы мерекеге канадалық, британиялық, австриалиялық, америкалық, азиялық белсенділер қосылды.

Дүниежүзілік контрацепция күні

2007 жылы 26 қыркүйекте репродуктивті денсаулық мәселелерімен айналысатын бірқатар ұйымдардың бастамасы бойынша Дүниежүзілік контрацепция күні алғаш рет атап өтілді. Оның мақсаты – жоспарланбаған жүктіліктің жоғары деңгейін төмендету.

Халықаралық ядролық қаруды толығымен жою үшін күрес күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының тиісті қарарымен 2013 жылдың желтоқсанында бекітілді.

Еуропа тілдері күні

2002 жылдан бастап атап өтіледі. 2001 жылдың 6 желтоқсанында Еуропада тілдер жылы аясында бұл мерекені Еуропа кеңесі жариялап, Еуропалық кеңес қолдауына ие болды. Еуропа тілдері күнінің міндеті – оны сақтап қалу мақсатында тілдерді оқу, меңгеру мәселесіне қоғамның назарын аудару.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1997 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен «Фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді.

2002 жылы ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілетін ежелгі Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдениет пен ғылым өркендеген көне Тараздың 2000 жылдығына арналған мерекелік шаралар басталды. Орталық алаңда Бәйдібек Қарашаұлының үлкен ескерткіші ашылып, Мұражай мен Тараз университеті жанынан сәулет өнерінің соңғы жетістіктері үлгісімен салынған Мұхаммед Қайдар Дулати атындағы Жастар сарайы пайдалануға берілді. Бұрынғы Химиктер сарайы жаңғыртылып, Баласағұн атындағы сарай болып қайта ашылды. Осы күні қойылған театрландырылған көрініске қаланың 6 мыңнан астам өнерпазы қатысты.

2003 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетіне ұлттық мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды. Бүгінгі таңда университеттің 10 факультетінде 63 мамандық бойынша кадрлар даярланып, 14 мыңнан астам студент, 650 аспирант, докторанттар және ғылыми ізденушілер дәріс алады. 63 кафедрада 1 100 оқытушы бар, оның 226-сы – ғылым докторы, профессоры, 550-і – ғылым кандидаттары мен доценттер.

2005 жылы «Роc Астро» аспан денелерінің тізіліміне Бикеш шоқжұлдызында үлкендігі бойынша тоғызыншы жұлдызға «АНПЗ» – Атырау мұнай өңдеу зауыты есімі берілді.

2011 жылы танымал қырғыз ғалымы Максут Сартбаев Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығына отбасылық ғылыми еңбектерін берді. М. Сартбаев – геология мен металлогения саласындағы танымал ғалым ғана емес, көрші мемлекеттегі қазақ диаспорасы туралы еңбектердің алғашқы авторы.

2012 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның «Аңшы бала» кинокартинасы ХХІ ашық халықаралық фестиваль аясында «КиноМалыШок» байқауында «ең үздік» фильм атанды.

2014 жылы «Қайрат» клубының жастар академиясына аты аңызға айналған қазақ футболшысы, КСРО спорт шебері, Қазақ ССР және Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Темір Сегізбаевтың есімі берілді.

2015 жылы Миланда өткен «ЭКСПО-2015» көрмесінің Қазақстан павильонына келгендердің саны 8 миллионнан асты. Соның 9 мыңы ерекше маңызды тұлғалар болды. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Монако князы ІІ Альбер, Қытай Халық Республикасы премьер-министрінің орынбасары Ван Янг, Қазақстанның «Astana PRO Team» кәсіпқой велокомандасы, сондай-ақ ЭКСПО-2015 көрмесіне қатысқан елдердің министрлері келгенін ерекше атап көрсеткен жөн. Қазақстан павильонына «Тақырып пен контентті үздік ашу» аталымы бойынша награда табысталды. «ЭКСПО-2015» көрмесінің тақырыбы «Ғаламшарды азықтандыру. Өмір үшін энергия» болды. Қазылар алқасының пікірінше, қазақстандық павильонның мазмұнды бөлігі көрме тақырыбын ашып, сондай-ақ келушілерді елдің агромәдениеті, географиясы, дәстүрлері, азық-түлікпен қамтамасыз ету ерекшеліктері және ұлттық асханасымен жеткілікті таныстыра алды. Біздің еліміздің павильоны көрме бойы келушілер саны ең көп болып, көрме комитетінің ұйымдастырған дауыс беру қорытындылары бойынша көш бастап тұрды. Күн сайын мұнда шамамен 5 мың адам келді, павильонға келуге ниет білдірген қонақтардың кезегі ол жабылғанша азаймады.

2021 жылы Нұр-Сұлтан маңындағы жасыл белдеу аумағында «Туристік маршрут» ат спорты кешенінің құрылысы аяқталды.

«Атпен жүруге арналған соқпақта қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз демалысы үшін барлық жағдай қарастырылған. Атап айтсақ, нысан аумағында 5 демалыс аймағы, автотұрақ, модульдік әжетханалар бар. Бейнебақылау камералары да орнатылған. Соқпақта атпен серуендеу қызметі жыл он екі ай көрсетіледі. Мұнда келушілерге табиғат аясында таза ауада атпен серуендеумен бірге атқа мінуді үйрету қызметі де ұсынылады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы Қыдыр Жиенәлі.


Соңғы жаңалықтар