26 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
2017 жылғы 26 қыркүйек 06:36

26 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2017 жылғы 26 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

26 қыркүйек, СЕЙСЕНБІ

Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні

Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні алғаш рет 2011 жылы Индонезияда тойланды. Индонезиялық белсенді студенттер осы мерекеге гимн жазып, оны мейрамның ашылу салтанатында орындады. 2012 жылы атаулы күнді Африка мен Еуропаның көптеген елдері атап өтіп, 2013 жылы Канада, Аустралия, Америка, Азия белсенділері де осы мейрамға үн қосты.

Шет тілдердің еуропалық күні

Жаңа мыңжылдық басталысымен ЮНЕСКО 21-ші ғасырды полиглоттар ғасыры деп жариялады. 2001 жыл Дүниежүзілілік тілдер жылы деп жарияланды.

Халықаралық ядролық қаруды толығымен жою үшін күрес күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының тиісті қарарымен 2013 жылдың желтоқсанында бекітілді.

Йеменде Қыркүйек төңкерісі күні

Йеменде бұл күн Йемен Араб Республикасының құрылуына жағдай жасаған 1962 жылғы әскери төңкерістің құрметіне орай бекітілді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1970 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қаулысымен Алматы жалпы әскери командалық училищесі құрылды. Ол кейіннен Құрлық әскерлерінің әскери институтына айналды. Институттың басты міндеті - құрлық әскерлерінің жоғары білікті офицерлерін дайындау. Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымы аясында мұнда Қырғызстан және Тәжікстан өкілдері де білім алады.

1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама» бекітілді.

2000 жылы «Қазақстан-Сорос» қоры «Шетелде білім алу» атты алғашқы білім жәрмеңкесін өткізді. Онда әртүрлі халықаралық елшіліктер мен донор ұйымдар білім гранттарын ұсынды.

2001 жылы Республика тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы өтті.

2002 жылы ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілетін ежелгі Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдениет пен ғылым өркендеген көне Тараздың 2000 жылдығына арналған мерекелік шаралар басталды. Орталық алаңда Бәйдібек Қарашаұлының үлкен ескерткіші ашылып, Мұражай мен Тараз университеті жанынан сәулет өнерінің соңғы жетістіктері үлгісімен салынған Мұхаммед Қайдар Дулати атындағы Жастар сарайы пайдалануға берілді. Бұрынғы Химиктер сарайы жаңғыртылып, Баласағұн атындағы сарай болып қайта ашылды. Осы күні қойылған театрландырылған көрініске қаланың 6 мыңнан астам өнерпаздары қатысты.

2003 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетіне ұлттық мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды. Бүгінгі таңда университеттің 10 факультетінде 63 мамандық бойынша кадрлар даярланып, 15 мыңнан астам студент, магистрант, докторант және ғылыми ізденушілер дәріс алады.

2005 жылы Атырау мұнай өндеу зауытының есімі ғаламшарға берілді.

«Рос Астро» аспан денелер тізімдемесінде Атыраудың мұнай өндеуші зауытының есімі Бикеш шоқжұлдызының көлемі бойынша тоғызыншы жұлдызына берілді. Галактикалық координаттар бойынша ол Күннен 281 жарық жыл қашықтықта орналасқан. Халықаралық нөмірі - FE 095-259.

2006 жылы Лондондағы танымал концерт залдарының бірі - Барбикан-Холлда Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен және қаржылай қолдауымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Студенттік симфониялық оркестрінің концерті өтті.

2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің, сондай-ақ Зорлық пен зомбылыққа және басқа да ауыр, адамгершілікпен сыйыспайтын немесе кемсіту түріндегі жазалауларға қарсы Конвенцияның факультативті хаттамаларына қол қойды.

Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық келісім 1996 жылы Бас Ассамблеяның қарарымен қабылданған болатын. Оның факультативті хаттамасы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің құзыреті салаларын анықтайды. Зорлық пен зомбылыққа және басқа да ауыр, адамгершілікпен сыйыспайтын немесе кемсіту түріндегі жазалауларға қарсы Конвенция 1984 жылы қабылданды. Оның факультативті хаттамасы БҰҰ сарапшыларына Конвенцияның қатысушы-елдеріндегі түрмелер мен тергеу оқшауландыру орындарында болу мүмкіндігін беріп, зорлық-зомбылықтарды болдырмауға бағытталған ұлттық тетіктерді құруға шақырады.

2012 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның «Аңшы бала» кинокартинасы ХХІ ашық фестивалі аясында «КиноМалыШок» байқауында «ең үздік» фильм атанды.

2012 жылы Халықаралық көрмелер бюросының Париждегі штаб-пәтерінде Қазақстан, Бельгия, Бразилия, Ресей, Таиланд, Түркия елдері делегацияларының EXPO-2017 және EXPO-2020 көрмелерін өткізу құқығы талқыланған достық кездесуі өтті.

2014 жылы «Қайрат» клубының жастар академиясына аты аңызға айналған қазақ футболшысы, КСРО спорт шебері, Қазақ КСР және Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Темір Сегізбаевтың есімі берілді.

2015 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-сессиясына қатысу үшін Нью-Йорк қаласына барды. Шара барысында Нұрсұлтан Назарбаев көптеген мемлекеттер мен үкіметтердің, сондай-ақ АҚШ-тың бірнеше ірі компанияларының басшыларымен кездесті.

2015 жылы Миланда өткен «ЭКСПО-2015» көрмесінің Қазақстан павильонына келгендердің саны 8 миллионнан асты. Соның 9000-ы ерекше маңызды тұлғалар болды. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Монако князы ІІ Альбер, Қытай Халық Республикасы премьер-министрінің орынбасары Ван Янг, «Astana PRO Team» Қазақстанның кәсіпқой велокомандасы, сондай-ақ ЭКСПО-2015 көрмесіне қатысқан елдердің министрлері келгенін ерекше атап көрсеткен жөн.

Отандық павильонға «Тақырып пен контентті үздік ашу» аталымы бойынша награда табысталды. «ЭКСПО-2015» көрмесінің тақырыбы: «Ғаламшарды азықтандыру. Өмір үшін энергия» болды. Қазылар алқасының пікірінше, қазақстандық павильонның мазмұнды бөлігі көрме тақырыбын ашып, сондай-ақ келушілерді елдің агромәдениеті, географиясы, дәстүрлері, азық-түлікпен қамтамасыз ету ерекшеліктері және ұлттық асханасымен жеткілікті таныстыра алды. Біздің еліміздің павильоны көрме бойы келушілер саны ең көп болып, көрме комитетінің ұйымдастырған дауыс беру қорытындылары бойынша көш бастап тұрды. Күн сайын мұнда шамамен 5 мың адам келді, павильонға келуге ниет білдірген қонақтардың кезегі ол жабылғанша азаймады.

2016 жылы Шынжаң өнер театрының сахнасында Astana Opera балет труппасының екі күндік гастролі басталды.

ЕСІМДЕР

null 109 жыл бұрын ақын ЖАРОКОВ Таир (1908-1965) дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Ленинградтың тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген. 1932-1942 жылдары жаңадан құрылған Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комитетінің хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары, халық ақыны Ж.Жабаевтың әдеби хатшысы қызметтерін атқарған. 1946-1965 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында (қазіргі «Жазушы» баспасы) жауапты қызметте болған. Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы 1932 жылы «Жұлдыз жарығы» деген атпен басылып шыққан. Әр жылдарда «Нефстан», «Коммунизм таңында», «Мотор жыры», «Күн тіл қатты», «Мұз тұтқыны», «Тасқын», «Отан дауысы», «Нарын», «Тастағы жазу», «Совет сұңқарлары», «Бақыт жырлары», «Жапанды орман жаңғыртты», «Костер басында», «Қырда туған құрыш», «Жыр қанаты», «Құмдағы дауыл», «Тау жырлайды», «Теңіз баласы», «Тасқынға тосқын» атты кітаптары жарық көрген. Көркем аударма саласында А.Пушкиннің «Цыгандар», «Кавказ тұтқыны», «Коломнадағы кішкене үй», «Ағайынды қарақшылар», М.Лермонтовтың «Черкестер», Грибоедовтың «Ақылдың азабы», М.Алигердің «Зоя», т.б. туындыларын қазақ тіліне тәржімалаған.

Бірнеше орденмен марапатталған.

null 79 жыл бұрын (1938) тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері САДЫҚОВ Тоқмұхамед Сәлменұлы дүниеге келді.

Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1964-1966 жылдары - Алматы құрылыс техникумының оқытушысы. 1966-1969 жылдары - Қазақ политехникалық институтының аға оқытушысы. 1969-1970 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасы орынбасарының көмекшісі. 1970-1983 жылдары - Алматы шет ел тілдері институтының доценті, профессоры. 1987 жылы Қазақ КСР Жоғары және арнайы орта білім беру министрінің орынбасары болған. 1987-2008 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры қызметін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан тарихына, психологияға, педагогика тарихы мәселелеріне арналған. Оның 400-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 10 монографиясы бар.

ІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

61 жыл бұрын (1956) «Aspan-Tau LTD» ЖШС-інің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор АРЫНОВ Қажымұқан Тоқтиярұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Алматы экономикалық университетін бітірген. Қазақстан Ғылым Академиясы Химия ғылымдары институты директорының орынбасары, зертхана меңгерушісі, ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері. 1996-1997 жылдары - «Алматыэкологияқұрылыс» ғылыми-өндірістік бірлестігі бас директорының орынбасары. 1997-1999 жылдары - Алматы қалалық экология және биоресурстар басқармасы бастығының орынбасары, бастығы. 1999-2000 жылдары - Сүлейман Демирель атындағы Түрік университетінің профессоры. 2000-2001 жылдары - Қызылорда облысы әкімі Біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау институтының директоры. 2001-2003 жылдары - Қызылорда облысы Аймақтық дамыту және кәсіпкерлікті қолдау басқармасының бастығы. 2003 жылы - «Казглавселезащита» мемлекеттік басқармасы бастығының орынбасары. 2003-2005 жылдары - Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ білім беру академиясы президенті. 2005-2007 жылдары - «Бәйтерек» Экологиялық зерттеулер орталығы» ЖШС-інің директоры. 2007 жылдың сәуірінен Әбікен Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының директоры болған. Қазіргі қызметінде 2010 жылдан бастап істейді.

300-ден аса ғылыми еңбектің авторы.

null 59 жыл бұрын (1958) ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі БЕКТЕМІРОВА Марфуға дүниеге келген.

Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірген. Уәлиханов, Зеренді аудандық және облыстық «Көкшетау правдасы» газеттерінде, Қостанай облыстық радиосында тілші және Қостанай облыстық әкімшілігінде қызмет атқарған. Республикалық «Ана тілі» газетінің Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі болған. Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының директоры және балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық «Жас ұлан» газетінің редакторы. Ақынның өлеңдері «Жыр тәңірі», «Тың тынысы», «Көңіл әуендері», «Арман қанатында» және «Қарлығаш» атты ұжымдық жинақтарға енген. Сондай-ақ «Жанары жәудір дүние», «Айдыным менің», «Ғашық жүрек», «Еңлік гүл» атты жеке жыр жинақтары жарық көрген. Ақын республикалық «Жігер» фестивалі мен Абайдың 150 жылдығына арналған жыр мүшәйрасында жүлдегер атанған.

null 51 жыл бұрын (1966) Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ЖҰМАНҚҰЛОВ Марат Сейтбекұлы дүниеге келді.

Ол Семей қаласында туған. Алматы мемлекеттік медициналық институтын емдеу ісі мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1993 жылы Жамбыл қаласы ауруханасында терапия жөніндегі интерн дәрігері болып бастаған. 1994-1996 жылдары Талас аудандық ауруханасында бөлімше меңгерушісі. 1996-1998 жылдары Алматы облысы Іле аудандық ауруханасы қан құю бөлімшесінің, жалпы тәжірибелік дәрігер бөлімшесінің меңгерушісі. 1998-1999 жылдары Алматы облысы Іле аймақтық медициналық ұйымының бас терапевті. 1999-2000 жылдары Тараз қалалық ауруханасы қабылдау бөлімшесінің терапевт дәрігері. 2000-2001 жылдары Жуалы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары. 2001-2002 жылдары Меркі ауданы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының бастығы. 2002 жылдың маусым айынан бүгінгі күнге дейін Меркі аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері. 2012 - 2017 жылдары Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болды.

Қазіргі лауазымын 2017 жылдың 11 шілдесінен бастап атқарып келеді.

null 46 жыл бұрын (1971) ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрайымы АХМЕТНИЯЗОВА Лаура Мұстафақызы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. 1993 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша аяқтаған. 1997 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында клиникалық ординатураны «Ішкі аурулар» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек қызметін 1993 жылы Шымкент қаласындағы «Фосфор» МСБ учаскелік терапевт қызметінен бастаған, 1995-1997 жылдары «Фосфор» МСБ медициналық сақтандыру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1997-2000 жылдары - Міндетті медициналық сақтандыру қорының Оңтүстік Қазақстан филиалының бас маманы (Медициналық қызметтерге ақы төлеу орталығы, «Денсаулық» РКМК). 2000-2005 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының бас маманы. 2005-2006 жылдары - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызметтердің сапасын бақылау комитетінің Ақмола облыстық басқармасы бөлімінің бастығы. 2006-2008 жылдары - ҚР ДСМ Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің бөлім бастығы. 2009-2010 жылдары - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитеті басқармасының бастығы. 2010-2011 жылдары - Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары. 2011-2013 жылдары - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегиялық даму департаменті директорының орынбасары. ҚР Денсаулық сақтау министрінің құрмет грамоталарымен (2012), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталған. Қазіргі қызметінде 2013 жылғы тамыздан бері.

null 32 жыл бұрын (1985) Орал әкімі аппаратының басшысы НҰРТАЗАЕВ Сәкен Рүстемұлы дүниеге келді.

Қазақстан-Британ техникалық университетін инженер-технолог мамандығы бойынша бітірген (2007), «Болашақ» халықаралық стипендиясымен Стирлинг университетінде (Ұлыбритания) менеджмент бойынша білім алған.

Еңбек жолы: КазТрансГаз «Аймақ» өндірістік департаментінде жетекші маман (2007-2008); «Қазақстан Жастар конгресі» ЗТБ атқарушы директорының орынбасары (2008); ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының м.а. көмекшісі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің талдау және стратегиялық жоспарлау басқармасының сарапшысы (2008-2009); Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ректорының көмекшісі (2009-2010); ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта дайындау аймақтық орталықтарымен жұмыс істеу секторының басшысы (2010-2012); «ШҚО мемлекеттік-жекешелік әріптестік аймақтық орталығы» АҚ стратегиялық даму және сыртқы байланыстар департаментінің директоры, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің талдау тобының бас маманы (2012); Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының бас инспекторы (2012-2013); Шығыс Қазақстан облысы, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары (2013-2014), Семей қаласы әкімінің орынбасары, «Атамекен» ҚР ҰҚП Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары (2014-2015); Орал қаласы әкімі аппаратының ақпараттық-талдау қызметі бөлімі басшысының міндетін атқарушы, кейіннен басшысы (2015-2016).

Қазіргі лауазымын 2016 жылдың маусымынан атқарып келеді.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT