258 мыңнан астам жүкті және босанған әйел әлеуметтік төлем алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ана мен баланы және көпбалалы аналарды қолдау бойынша атқарылып жатқан мемлекеттік шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл ана мен баланы қолдау жөніндегі шаралармен 2,1 млн отбасы қамтылады. Аталған отбасыларға мемлекеттік бюджет және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен 1,2 трлн теңге бағытталады. Сонымен қатар, биыл Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 258 мыңнан астам жүкті және босанған әйелдер әлеуметтік төлем алады.1 қаңтардан бастап бала тууға арналған біржолғы жәрдемақы мөлшері ұлғайтылды. Сол сияқты биыл бірінші, екінші және үшінші бала туылған кезде отбасы 131 мың теңге алады, ал төртінші бала үшін 217 мың теңгеден астам жәрдемақы беріледі», - деді Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында.

Одан әрі министр көп балалы аналарды қолдау шараларына тоқталды.

«Төрт баласы бар отбасыға төленетін ай сайынғы жәрдемақының ең төменгі мөлшері 55 мың теңгеден сәл асады. Ал 8 және одан да көп балалы отбасыларға ең жоғары мөлшері 110 мың теңгені құрайды. Биыл аталған жәрдемақыны қаржыландыру көлемі 410 млрд теңгеге 544 мың отбасына төлеу жоспарланып отыр. «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған аналарға тағы бір жәрдемақы бар. Ол өмір бойы тағайындалады және ай сайын төленеді. Бүгінде аталған жәрдемақыны 230 мың ана алып отыр. Ол үшін республикалық бюджеттен 61 млрд теңге қарастырылған», - дейді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар