2500 қазақстандық студент Ресей мен Украинадан отандық ЖОО-ларға ауысты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда ресейлік ЖОО филиалдарын ашу жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтар айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға техникалық мамандар қажет екенін және Ресейдің техникалық оқу орындары біздің студенттеріміз үшін басым бағыт болатынын айтқан еді. Бірақ бұл ұсыныс туралы соңғы кезде аз естіп жүрміз. Ол туралы Президенттің соңғы Жолдауында да айтылған жоқ. Бастама қазір де өз күшінде ме? Биыл Ресейге оқуға баратын студенттер саны артты ма?», - деп жауап берді министр Орталық коммуникациялар қызметінде журналист сұрағына.

Өз жауабында министр техникалық мамандарды басым түрде даярлау тапсырмасы толыққанды жүзеге асып жатқанын айтты.

«Биыл мемлекеттік тапсырыспен 88 мың грант берілсе, оның 60 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтарға бөлінген. «Болашақ» бағдарламасында да 65 пайызға жуық стипендиаттар инженерлік-техникалық мамандықтарға жіберіледі. Ресейдің жетекші техникалық университеттерінің екі филиалы Қазақстанда ашылды. Биыл 2 қыркүйекте Атыраудағы С. Өтебаев атындағы мұнай-газ университетінде И. Губкин атындағы Ресей мұнай-газ университетінің филиалы ашылды. Ал 12 қыркүйекте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде атақты Мәскеу инженерлік-физикалық институтының филиалы ашылды. МИФИ ядролық университетімен ядролық энергетика және ақпараттық қауіпсіздік саласында екі үлкен бағдарлама бастадық. Сондықтан бұл тапсырмалар толыққанды жүзеге асырылуда. Енді біздің талапкерлерді Ресейге жібермей-ақ, өз елімізде ең мықты ресейлік инженерлік университттерден білім алуға болады», - деп жауап берді С. Нұрбек.

Сонымен бірге, Ғылым министрі Ресей мен Украинадан елге ауысқан қазақстандық студенттер туралы айтты.

«Ресейге оқуын жалғастырғысы келетіндерге еш шектеу жоқ. Бірнеше мың қазақстандық Ресейде оқып жатыр. Ал Ресей мен Украина университеттерінен қазақстандықтар ауыстырылды ма десеңіз, мамыр айынан бастап Ресейден 2500 студент, Украинадан 34 студент Қазақстан ЖОО-ларына ауыстырылды», - деді С. Нұрбек.

Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі өз балаларының қайда білім алып жатқаны туралы журналистер сұрағына жауап берген еді.



Соңғы жаңалықтар