250 кәсіпорын еңбек заңнамасын жиі бұзатын тәуекел тобына жатқызылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік еңбек инспекторлары 5 мың жұмысшыны қысқартуды қадамының жолын кесті. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылы еңбек тәуекелі карталарындағы ақпаратты ескере отырып, еңбек инспекторлары Еңбек кодексінің жаңа нормаларына сәйкес, зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайындағы 149 кәсіпорында болды. Осы орайда айыппұл санкцияларынсыз еңбек қауіпсіздігі стандарттарын орындау тұрғысында жұмыс берушілерге 300-ге тарта ұсыныс берді. Оның ішінде бүгінде 240-қа жуығы орындалды. Үшжақты комиссияның отырыстарында еңбекақы бойынша қарыздары бар 294 кәсіпорын қаралды. Ағымдағы жылдың 8 айында 17 жұмысшының алдындағы 2,2 миллиард теңге еңбекақы қарызы өтелді. Сонымен қатар жұмысшыларды босатуды жоспарлаған 396 кәсіпорынның 5 мың қызметкерін жұмыстан шығару қадамына жол берілген жоқ. 100-ден астам жұмысшысы бар 250  кәсіпорын еңбек және әлеуметтік заңнаманы жиі бұзатын тәуекел тобына жатқызылды»,-деді министр Мәжілістегі Үкімет сағатында.

  Оның сөзіне қарағанда, биыл мемлекеттік инспекторлар 539 жоспарлы тексеру жүргізді. Яғни, тексерулер саны 2014 жылмен салыстырғанда үш еседен астам деңгейге азайды. Тексерулер тәуекел тобына енген кәсіпорындарда ғана іске асырылды. Азаматтардың шағымы бойынша 5136 жоспардан тыс тексеру жасалды. Оның басым бөлігі жұмысқа алу мен босату мәселелерін қамтыды. Осы орайда төрт мың кәсіпорында алты мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Тексеріс нәтижесі бойынша 326 миллион теңге көлеміндегі айыппұл санкциялары салынып, 761  іс құқық қорғау органдарына жіберілді. Бұл тұрғыда 161 лауазым иелері қызметінен босатылды.

Соңғы жаңалықтар