250-ден астам ауыл мектебі жоғары жылдамдықты интернетке қосылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде Қазақстанда шалғайдағы елді мекендерде орналасқан 250-ден астам мектеп пен 200-ге жуық аурухана жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктен мәлім еткендей, 3 мың шақырым талшықты-оптикалық байланыс желілері жүргізіліп, нәтижесінде Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Ақмола және Түркістан облыстарында орналасқан 200-ден астам ауылға Интернет жеткізілген.

Жалпы, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылып жатқан «ҚР ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасы аясында жыл соңына дейін 685 ауылда орналасқан 2 мыңнан астам мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымды жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарланған.

«Бұл жоба біз үшін өте маңызды, себебі азаматтарды сапалы интернетпен қамтамасыз еткен соң, цифрландырудың жоғары деңгейі туралы айтуға болады. Бұл жоба ауыл оқушыларына түрлі бағдарламалар бойынша онлайн режимінде білімін жетілдіруге, дәрігерлерге телемедицина элементтерін өз тәжірибесінде қолдануға мүмкіндік берсе, азаматтар «Электрондық үкімет» порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді үйлерінде отырып алатын болады және басқа да көптеген мүмкіндіктерге ие болады«, - деп атап өтті ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко.

2018 жылдың қазан айында »Қазақтелеком« АҚ және »Транстелеком« АҚ және »SilkNetCom« ЖШС құрамындағы консорциум өкілдері ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігімен »Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету« жобасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартына қол қойғанын айтып өткен жөн. Желілердің жалпы ұзындығы 20 мыңнан астам шақырымды құрайды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 1250 ауылда 3 718 мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдарға (ауруханалар, мектептер, апаттық қызметтер, жергілікті атқарушы органдар, қорғаныс объектілері және құқыққорғау органдары) жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікпен қамтылады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 56 ауылда орналасқан 177 мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымдарға байланыс қызметтері ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар