25 желтоқсан. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 25 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

132 жыл бұрын (1889-1941) Алаш қозғалысының қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі жетекшілерінің бірі, публицист Мұстафа ШОҚАЙ дүниеге келген.

Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. Сұлутөбе стансасындағы орыс мектебінде бастауыш білім алған ол 1902 жылы Ташкенттегі гимназияға түсіп, 1910 жылы үздік бітіріп шығады. Болашақ қайраткер 1910 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1917 жылы бітіреді. Студент шағынан қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, түркі-мұсылман студент жастарының қозғалысына қатысады. 1917 жылы сәуірдің 16-21-і аралығында Ташкентте өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1-ші съезіне қатысып, оның төралқасына мүше болып сайланды. «Бірлік туы» газетінің негізін қалап, оның алғашқы редакторы болды. Түркістан өлкесі жергілікті халқының мүддесін қорғауды мақсат еткен қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметін үйлестіру үшін құрылған «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне» төрағалық етті. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысып, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Ташкенттегі жұмысшы-солдат депутаттар кеңесі жергілікті халықтың өзін-өзі басқару құқығын мойындаудан бас тартып, қарашаның 15-22-інде өткен кеңестердің 3-ші съезі қабылдаған «өлкедегі барлық билік еуропалық нәсіл өкілдерінен кұралған Түркістан Халық комиссарлар кеңесіне көшеді» деген қаулысын Мұстафа Шоқай нағыз әділетсіздік деп бағалады. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды кеңестердің қырына алуына байланысты Мұстафа Шоқай жетекшілік еткен «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі» Ташкенттен Қоқанға көшіп, онда өлке мұсылмандарының төтенше съезін тез арада өткізу ісін қолға алды. 1917 жылы қарашаның 28-інде өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының төтенше 4-ші съезінің төралқасына басшылық етті. Осы съезд шешімімен құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясының 54 адамнан тұратын Уақытша Халық Кеңесі құрамына сайланды және жаңа Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі болды. Уақытша үкіметінің төрағасы М.Тынышбаев қызметінен кеткеннен кейін оның орнына Мұстафа Шоқай сайланды. Ол сондай-ақ 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақ съезіне қатысып, Алашорда құрамына сайланды. Съезд аяқталғаннан кейін Мұстафа Шоқай біртұтас автономия құру мәселесін қарау үшін Сырдария қазақтарының құрылтайын шақыру туралы тиісті қайраткерлерге жеделхат жолдады. Онда: «Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Айрылсақ, мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешікпей Алаш туының астына жиналар деген үміттеміз» делінген еді. Мұстафа Шоқайдың Сырдария өңірі қазақтарын Алаш автономиясына қосу жолындағы әрекеті нәтижесіз болған жоқ. 1918 жылдың бас кезінде өткен Сырдария облысы қазақтарының съезі «Алашорда өз алдына автономия жариялап, Түркістан (Қоқан) автономиясымен одақ болса, Сырдария қазақтары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіреді» деген қаулы қабылдады. Қоқан қаласын большевиктер жаулап алып, Түркістан (Қоқан) автономиясын құлатуына байланысты Мұстафа Шоқай шет елге эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. 1918 жылы мамырда Шоқай Ақтөбеге, одан Екатеринбургке жетті. Онда кеңестік билікке қарсы оппозиция күштермен байланыс орнатып, большевиктер үстемдігіне қарсы күрес жүргізудің жолдарын қарастырды. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының Самарадағы комитеті мәжілістеріне қатысты. Осы комитеттің ұйымдастыруымен 1918 жылы қыркүйекте Челябинскіде шақырылған съезге қатыспақ болып барғанында өзге делегаттармен бірге Колчак әскерлері тарапынан тұтқынға алынды. Сәті түсіп, тұтқыннан босап шыққан соң 1919 жылы көктемде Маңғыстау арқылы Бакуге, одан Тбилисиге келді. Мұстафа Шоқай онда 1921 жылғы ақпанның 25-іне дейін болып, осетиндік белгілі қайраткер А.Цалыковтың редакторлығымен шығатын «Вольный горец» және Грузия меньшевиктерінің «Борьба» газеттерінде істеді. 1920 жылы Тбилисиде украиндықтармен бірлесе отырып «На рубеже» журналын шығаруды жолға қойып, оның редакторы қызметін атқарды. Сонымен бірге ол «Шафақ» («Таңсәрі») газетіне бас редактор болды. Тбилиси қаласы Кеңес өкіметінің қолына өткен соң Мұстафа Шоқай зайыбымен бірге Түркияда біраз аялдап, соңынан Францияға ауысты. Шетелдік эмиграция жылдарында көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, ол кең ауқымды, терең мазмұнды саяси күрес жүргізді. А. Керенскийдің «Дни» және П. Милюковтың «Последние новости» газеттерінде қызмет етті. 1927 жылдан Зәки Уәлиди Тоғанның редакторлығымен Парижде шығып тұрған «Иени Түркістан» журналына атсалысып, «Туркестан милли бирлиги» («Түркістан ұлттық бірлігі») ұйымына жетекшілік етті. 1929 жылы «Яш Түркістан» (Жас Түркістан) журналын шығарды. Эмиграцияда жүрген түркі-мұсылман халықтарының Ә. Топчибашев және Г. Исхаки секілді өкілдерімен жиі араласып, пікірлес болды. Оларды Ресейдегі түркі-мұсылман халықтарын азаттыққа жеткізуде күш біріктіре әрекет етуге үндеді. 1940 жылы Парижге неміс әскері кіргенде, Мұстафа Шоқай тұтқынға алынып, бірнеше ай концлагерьде отырып шығады. Көп ұзамай Мұстафа Шоқай Берлиндегі «Виктория» ауруханасында күмәнді жағдайда көз жұмып, қаладағы мұсылмандар зиратына жерленді. Францияның Ножан-сюр-Марн (Валь-де-Марн департаменті) қаласында қазақ ұлт өкілдерінің қатысуымен ескерткіш тақта орнатылған. Алматы қаласында Мұстафа Шоқай есімімен аталатын көше бар. Қызылорда қаласындағы Экология университетіне Мұстафа Шоқай есімі берілген. Қайраткердің туған ауылына ескерткіші қойылған.

113 жыл бұрын (1908-1974) жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Хамза Ихсанұлы ЕСЕНЖАНОВ дүниеге келген.

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында туған. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) Мемлекеттік өнертану институтының аспирантурасын бітірген.

1932-1937 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы әдебиет пен фольклор секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1937 жылдан Қазақ мемлекеттік филармониясының, кейін Қазақ опера және балет театрының директоры қызметін атқара жүріп, Қазақ педагогикалық институтында орыс әдебиеті тарихынан сабақ берді. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары республикалық басылымдарда қаламгердің «Өлеңтінің жағасында», «Қызыл құмақ», «Күшке – күш» сияқты әңгімелері мен «Жер шарында» атты пьесасы жарияланды. 1938 жылы жалған саяси айып тағылып, 20 жылға жуық уақыт сталиндік қуғын-сүргіннің зардабын тартты. Елге оралған соң, 1956 жылдан өнімді шығармашылық еңбек жолын бастады.

Жазушының басты шығармасы – «Ақ Жайық» трилогиясы. Бұл үлкен еңбекте жазушы Батыс Қазақстан өңіріндегі Кеңес өкіметінің қалай орнағанын суреттейді. 1963 жылы трилогияның заңды жалғасы болып табылатын «Көп жыл өткен соң», ал 1970 жылы «Ағайынды Жүнісовтер» романдарын жазды. Жазушы өмірінің соңғы жылдары «Қарт қазақ», «Жайын ілерде», «Жар», т.б. әңгіме, очерк, әдеби-сын мақалалар жазды. 1978-1981 жылдары жазушының 6 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Жазушы көркем аударма саласында да өнімді еңбек етіп, М. Шолоховтың «Тынық Дон» романының 1-ші және 4-ші кітаптарын, И. Тургеневтің «Рудин», И. Шуховтың «Өшпенділік» романдарын, А. Пушкиннің «Дубровский» повесін, т.б. шығармаларды қазақ тіліне аударды. Сонымен қатар бастауыш, орта мектептер үшін оқулықтар жазды. Орал қаласындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына қаламгердің есімі берілген.

82 жыл бұрын (1939-2014) қазақтың ақын қызы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының халық жазушысы Фариза Оңғарсынқызы ОҢҒАРСЫНОВА дүниеге келген.

Атырау облысында туған. Атырау мемлекеттік педагогика институтын бітірген. Ауылдық мектептің мұғалімі қызметін атқарған. 1966-1969 жылдары – «Коммунистік еңбек» облыстық газетінің әдеби қызметкері. 1969-1977 жылдары – «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің Атырау, Ақтөбе, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі, «Қазақстан пионері» газетінің редакторы. 1978 жылы – «Пионер» журналының бас редакторы. Алғашқы кітабы «Сандуғаш» 1967 жылы жарық көрген. «Мелодия», «Беспокойная пора», «Гордое поколение», «Көгершіндерім», «Тревоги», «Ожидание солнца», «Озарение» жыр жинақтарының, «Биіктік» очерктер жинақтарының, «Біздің Кәмшат» повесінің, Ә. Тәжібаев, М. Мақатаев, чили ақыны Пабло Неруданың шығармашылықтары туралы әдеби-сын мақалалардың авторы. С. Вангелидің «Приключения Гугуце», «Дедушкин министр» балаларға арналған повестерін, С. Капутикянның, Е. Евтушенконың, Р. Казакованың, араб ақыны Әбдурахман әл-Хамисидің өлеңдерін, П. Неруданың кітаптарын қазақша тәржімалаған. Ақынның көптеген шығармалары шет тілдерге аударылған.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші және екінші шақырылымының депутаты болды. «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

61 жыл бұрын (1960) Атырау облысының әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы ДОСМҰХАМБЕТОВ дүниеге келді.

Атырау облысында туған. 1983 жылы И.М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын «Геология және мұнай-газ кен орындарын барлау» мамандығы бойынша бітірген, 2016 жылы Қазақ мемлекеттік заң университеті, іскерлік әкімшілік магистрі болған.

Еңбек қызметін 1983 жылы «Ембімұнай» бірлестігінің Балықшы барлау бұрғылау басқармасының геологы ретінде бастаған. Түрлі жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да бас геолог, геология және геофизика бойынша бас директордың орынбасары, геология және өңдеу бойынша бас директордың орынбасары, бас директордың бірінші орынбасары – басқарма мүшесі болған. Соңғы жылдары «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры (басқарма төрағасы), «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ геология бойынша басқарушы директоры – бас геолог, ірі жобалар бойынша басқарма төрағасының орынбасары және ірі операциялық емес активтер және теңіз жобалары бойынша бас вице-президенті лауазымдарын атқарған. 2016-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Қазіргі қызметінде – 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған.


Соңғы жаңалықтар