+7 (701) 759 90 19
USD 389.62 EUR 429.98
RUB 6.06 CNY 55.08
Jańalyqtar

25 тамыз. Туған күн иелері

2019 жылғы 25 тамыз 08:08
Бөлісіңіз:
25 тамыз. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат 25 тамызға арналған «Туған күн иелері» күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР



127 жыл бұрын (1892-1938) режиссер, драматург, актер, қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Казақ ССР-інің халық әртісі ШАНИН Жұмат Тұрғынбайұлы дүниеге келді.

Қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданының Желтау маңында туған. Алғашында ауыл молдасынан оқып, хат таныды. Жас кезінен Ж.Шанин ұлттық ойын-сауықтар мен ән-күйлерге ынтық болып өскен. Әсіресе, Қоянды жәрмеңкесіне барып, халық думанын тамашалау - оның ой-қиялын қозғап, өнерге деген ынта-ықыласын арттырады. Туған нағашысы Алтыбайдан ән салып, домбыра тартуды үйренді. 1913 жылы Омбыға келіп, күнкөріс қамымен біраз уақыт зауытта жұмыс істейді. Мұнда С.Сейфуллинмен, Н.Нұрмақовпен және Б.Серкебаевпен танысады, әрі өз бетінше оқып білімін жетілдіреді. 1915-1916 жылдары есепшілік курста оқып бітіргеннен кейін зауытта есепшінің көмекшісі болып қызмет етеді. Осы жылдары алғаш рет қалалық театр спектакльдерін көреді. Бірақ көп ұзамай-ақ Ж.Шанин майдан жұмысына тартылады. Одан туған ауылына 1917 жылы оралды. Сол жылдан бастап Қарқаралының уездік кооперативінде есепші қызметін атқарды. 1921-1922 жылдары Павлодар уезі комитетінің мүшесі, 1922 жылы Зайсан уездік атқару комитетінің төрағасы, 1923 жылдан Семей губерниясы атқару комитетінің және Қазақ КСР ОАК мүшесі болып, тағы басқа да жауапты орындарда қызмет атқарған. 20-жылдары Семейде «Ес-аймақ» труппасын басқарды. Режиссерлік өнер жолын осы труппадан бастаған Ж.Шанин халық жыры негізінде жазылған өзінің «Арқалық батыры» мен С.Сейфулиннің «Қызыл сұңқарларын» қойды. Сонымен қатар өзі осы аталмыш спектакльдерде Арқалық батырдың және Еркебұланның рөлін орындады. Бір бөлімді «Торсықбай» комедиясы 1925 жылы Семейдің «Таң» журналында жарияланды. 1925 жылы ашылған Қазақ драма театрының директоры болумен қатар оның көркемдік жағын басқарған. 1926-1932 жылдары қазақ драма театрында ұлттық драматургиядан С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларын», С.Аблановтың «Күндеспейтін қатындар» мен «1910 жылын», Ж.Шаниннің «Болатын», І.Жансүгіровтің «Кегі» мен «Түрксібін», Б.Майлиннің «Майданын», М.Әуезовтің «Октябрь үшін» және классикалық туындылардан А.Пушкиннің «Тас мейманы» мен «Сараң серісін», У.Шекспирдің «Гамлетін», сонымен бірге өзі жазған «Торсықбай», «Арқалық батыр»(екі кешке арналған 2 бөлімді), «Айдарбек», «Баян батыр», «Өлімнен үмітке» («Шахта») тағы басқа шығармаларды қойған. 1932-1933 жылдары Қырғыз драма театрының бас режиссері болды. 1934 жылы ашылған музыкалық театрды (қазіргі Қазақтың опера және балет театры) ұйымдастыруға қатысып, Қ.Жандарбековпен бірге Е.Г.Брусиловскийдің «Жалбыр», «Қыз Жібек» пен «Ер Тарғынын» қойды. 1936 жылға дейін осы театрдың көркемдік жағын басқарған Ж.Шанин алғашқы музыкалық театр өнерінің қалыптасып дамуына да мол үлес қосты. 1930-1937 жылдары Орал музыкалық драма театрын ұйымдастырумен бірге оған басшылық жасаған. Ол бірқатар пьесалар («Жанды сурет», «Қара құлын», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Үш бажа») жазып, ұлттық драматургияны дамытуда жемісті еңбек етті.

Ж.Шанин шығармашылығын М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ғ.Мүсірепов, тағы басқалар жоғары бағалаған. 1972 жылы Шымкент драма театрына Ж.Шаниннің есімі берілді.


38 жыл бұрын (1981) «АСТАНА ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Аллен Сержанұлы ШАЙЖҮНІСОВ дүниеге келген.

Ол РФ Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (2002); Қазақ қаржы-экономикалық академиясын (2011) бітірген.

Еңбек жолы: «Қазақстан кабель компаниясы» ЖШС Ресей Федерациясындағы өкілдігінің менеджері (1998-2003); дипломатиялық қызметте (2003-2006); Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары (2006-2008); «Нұр Отан» ХДП орталық аппараты хатшылығының меңгерушісі (2006-2008); «Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС басқарушы директоры (2010-2012); Қазақстан Республикасы Велосипед спорты федерациясының атқарушы директоры, вице-президенті (2010-2013); Қазақстан Республикасы Спорт және денешынықтыру істері жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары (2013-2014); Қазақстан Футбол федерациясының бірінші вице-президенті (2014-2015); «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ атқарушы директоры (2015-2017); «ЭКСПО-2020 Дубай» бүкіләлемдік көрмесінде Қазақстан секциясының бас комиссары (2017-2018).

Қазіргі лауазымын атқаруға 2018 жылдың қаңтарында кірісті.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT