+7 (701) 759 90 19
USD 448.01 EUR 495.86
RUB 5.64 CNY 63.19
Jańalyqtar

25 наурыз. Туған күн иелері

2020 жылғы 25 наурыз 08:10
Бөлісіңіз:
25 наурыз. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 25 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар
30 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі 29 наурыз. Туған күн иелері 29 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

ЕСІМДЕР

125 жыл бұрын (1895-1937) көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет НҰРМАҚОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Бастапқыда ауылда ашылған орыс мектебінде білім алып, кейін Қарқаралыдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін бітірген. Омбы семинариясында оқып жүріп, сондағы білім алушы жастар Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Саматов, Әбілқайыр Досовтармен бірге «Бірлік» атты мәдени-ағарту ұйымын құрды. Ұйым мүшелері Ресей үкіметінің қазақ даласында жүргізіп отырған отаршылдық саясатына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен қатар, Омбы тұрғындарын қазақ халқының мәдениетімен таныстыру мақсатында әр түрлі кештер өткізіп тұрды. 1915 жылы Н.Нұрмақов Қарқаралыдағы өзі оқыған орыс-қазақ училищесіне оқытушы болып қызметке орналасты. 1917 жылы күзде «Дала одағы» ұйымын құрды. Ұйым патшаның қазақтарды қара жұмысқа алу туралы жарлығына қарсы үгіт жұмыстарын жүргізді. Көп кешікпей Колчак үкіметінің орнауына орай кеңес таратылып, ол бір топ жолдасымен тұтқынға алынды. 18 ай түрмеде отырып, 1919 жылы желтоқсанда босап шықты. 1920 жылдан бастап Қарқаралыда, сонан соң Семейде уездік, губерниялық атқару комитеттерінде бірқатар жауапты қызметтерде істеп, «Қазақ тілі» газетінің, «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы болды. 1922 жылы Орынборға ауысып, Қазақ өлкелік партия комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. Сол жылы қазан айында өткен Бүкілқазақтық кеңестердің 3-ші съезінде Қазақ атқару комитеті төралқасының құрамына сайланған оған Жоғары революциялық трибуналды басқару жүктелді. Қазақ трибуналы 1923 жылы ақпанның 19-ында РКФСР Жоғарғы сотының қазақ бөлімі болып құрылған тұста төрағалыққа тағы да Н.Нұрмақов бекітілді. Ал 1923 жылдың мамырында оған Әділет комиссары міндеті жүктелді және сол жылдың күзіне дейін Сот төрағасы қызметін қоса атқарды. Ол әділет комиссары ретінде прокуратура және сот құрылысы ережелерін енгізді. Прокуратура және сот қызметкерлерінің білімін арттыру, білікті жаңа кадрларды қалыптастыру, оларды қызметке тұрақтандыру, жалақыларын өсіру, тұрмыстық жағдайларын жақсарту мәселелерін шешуде де оның табандылығының арқасында біраз жұмыстар атқарылды. Н.Нұрмақовтың басшылығымен сот-тергеу органдарында қазақ тілінде іс жүргізу қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылды. Сот қызметкерлерінің барлық санының 60 пайызға жуығын қазақтар құрады. 1924 жылдан өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Сол жылдардағы өмірге жолдама алған мемлекеттік маңызды құжаттардың бәрінде Н.Нұрмақовтың қолы тұрды. Бұл жылдарда Қазақстанның халық шаруашылығы құлаш жайып, Екібастұз, Қарағанды, Ембі, Балқаш өндіріс орындары елге таныла бастады. Оның Қазақстан үкіметінің басшысы ретінде республиканың аумақтық тұтастығы, өнеркәсіп құрылысы, қазақтарды жерге орналастыру мәселесі, құрғақшылық зардаптарына қарсы күрес, оқу-ағарту және мәдени даму, қазақтарды басқару ісіне тарту, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру, т.б. салаларда атқарған қызметтері еліміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюына белгілі әсерін тигізді. 1924 жылы Қазақ АКСР-і астанасын Орынбордан Қызылордаға, ал 1929 жылы Алматыға көшіру туралы шешімдерді қабылдауға тікелей қатынасып, ұйымдастыру жұмыстарын басқарды. Ол еліміздің тұңғыш конституциясы жобасын әзірлеу комиссиясының мүшесі, қазақ әліпбиін құрастыру комиссиясының төрағасы болды. Алғашқы қазақ драма театрын ашуға үлкен еңбек сіңірді. Н.Нұрмақов Ф.Голощекиннің қазақ даласында «Кіші Қазан төңкерісін» жасау керек деген арандатушылық пікіріне және халық малын тәркілеуге бағытталған шараларына үзілді-кесілді қарсы болып, оған ашық қарсы шықты. Ф.Голощекинмен арадағы пікір қайшылығы оның үкімет басшысы қызметінен босап, Мәскеудегі БК(б)П ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберілуімен аяқталды. Мәскеуде ол Бүкілодақтық атқару комитеті хатшысының орынбасары және аз ұлттар бөлімінің меңгерушісі болды. Сібір, Повольженің аз халықтар тұратын аудандарын аралап, қызмет жасады. Көрнекті қоғам қайраткері 1937 жылдың қуғын-сүргініне алғашқылардың бірі болып ілінді. Кейін Алматыда, Қарағандыда Н.Нұрмақовтан «тапсырма» алып отырған О.Исаев, А.Асылбековтардың ұйымдары табылды деген жаламен тұтқынға алынды. Мәскеу мұрағатының анықтамасына қарағанда Н.Нұрмақов 1937 жылы маусымның 3-інде Мәскеудегі пәтерінде тұтқындалып, қыркүйектің 27-інде «айыбын мойнына алып», «үштіктің» үкімімен 15 минутта тағдыры шешіліп, 42 жасында атылған. Қоғам қайраткері 1958 жылы тамыздың 11-інде КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының шешімімен ақталды. 1928 жылы оның саяси-әлеуметтік тақырыптарға арналған мақалалар жинағы «Строительство Казахстана» деген атпен және 1934 жылы Мәскеуде «Состояние и задачи работы среди национальных меньшинств РСФСР» деп аталатын еңбектері жарық көрді. Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Қарқаралы қалаларындағы көшелерге, Қарағанды қаласындағы 2-ші мектеп-интернатқа Н.Нұрмақов есімі берілген. Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта, туған ауылында ескерткіш орнатылған.

74 жыл бұрын (1946-2010) белгілі күйші-домбырашы, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Қаршыға Ахмедиярұлы АХМЕДИЯРОВ дүниеге келді.

Атырау облысы Махамбет ауданында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1967-1991 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ академиялық халық аспаптар оркестрінің домбырашысы, концертмейстері, жеке орындаушысы, дирижері қызметтерін атқарған. Оның репертуарында отандық композиторлардың күйлері, сондай-ақ шет ел композиторларының шығармалары бар. 1974 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогикалық қызметпен шұғылданып, ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысты. 1981 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі» атағына ие болған. 1993 жылдан - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, 1996 жылдан «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ол - «Шашақты найза, шалқар күн» (Махамбет), «Әсемқоңыр» (Дина), «Сарыарқа» (Құрманғазы), «Жігер» (Дәулеткерей), «Атырау» күйлер жинағы кітаптарын жарыққа шығарды. Оның «Нарын», «Қуаныш», «Сағыныш», «Аққайың», «Желдірме», т.б. күйлері бар. Ахмедияров гастрольдік сапармен Болгария, Венгрия, Югославия, Франция, Италия, Үндістан, Ангола, Португалия, Жапония, АҚШ, т.б. елдерде болды. «Парасат» орденімен және медальдармен марапатталған.

71 жыл бұрын (1949) жазушы Ерғали САҒАТ дүниеге келді.

Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Сол жылы жолдамамен «Лениншіл жас» республикалық жастар газетіне (қазіргі «Жас алаш») жіберілген. Еңбек жолын тілшілік қызметтен бастап, бас редактордың орынбасарына дейінгі лауазымды жұмыстарды атқарған. 1992-2005 жылдары «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы болған. 1983 жылы «Жалын» баспасынан «Даладағы ұлы із» очерктер жинағы жарық көрді. Осы еңбегі үшін Қазақстан Журналистер одағы мен Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің Б.Бұлқышев атындағы сыйлығы берілді. 1988 жылы «Ғимараттар биіктеп барады» кітабы үшін Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын иеленді. Қаламгердің «Келелі келешек», «Дін биігіндегі ел» атты публицистикалық кітаптары бар.

61 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Мұхамедұлы БАЙМЕНОВ дүниеге келді.

1959 жылдың 25 наурызында Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Қарсақпай кентінде дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын (1981) инженер - механик мамандығы бойынша; Мәскеу автожол институтының аспирантурасын (1988) тәмамдаған. 1988 жылдан 1992 жылға дейін - Жезқазған тау кен - технологиялық институтының аға оқытушысы, доценті, декан орынбасары. 1990 жылы Жезқазған облыстық халық депутаттары Кенесінің депутаты болып сайланды. 1992 жылдан бастап - Жезқазған облысы әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарған. 1994 - 1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1995 - 1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек министрінің орынбасары, министрдің бірінші орынбасары. 1996 - 1997 жылдары - Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Ұйымдық - бақылау бөлімінің меңгерушісі. 1997 - 1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер - министрі Кеңсесінің жетекшісі. 1998 - 1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жетекшісі. 1999 - 2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы. 2000 жылдан 2001 жылға дейін - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 2001 жылдың қарашасынан бастап - «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігінің тең құрылтайшысы, саяси кеңесінің мүшесі. 2002 жылдың наурызынан бастап - «Ақ Жол» Қазақстан Демократиялық партиясының тең төрағасы, 2005 жылдан бастап - төрағасы. 2006 жылдың қазанынан бастап 2007 жылдың маусымына дейін - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Зерде» Қоғамдық қорының және «Тоғызқұмалақ» халық ойыны халықаралық республикалық федерациясының президенті. 2011 жылдың шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы Президентіның Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы лауазымына тағайындалды. Әлеуметтік қорғау, мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет, менеджмент, саяси және партиялық құрылыс мәселелері бойынша бірқатар жарияланымдардың авторы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы Басқарушы Өңірлік хабтың басшысы (2014 жылдан бері).

46 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Ерұлан Кенжебекұлы ЖАМАУБАЕВ дүниеге келген.

1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, 2009 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетінің жанындағы Бизнес мектебін бітірген.

1996-1998 жылдары - Қазақ мемлекеттік басқару академиясының оқытушы-тәлімгері, оқытушысы. 1998-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің жетекші сараптамашысы, бас сараптамашысы, басқарма бастығы, Зерттеу және статистика департаменті директорының орынбасары, 2006-2014 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің үйлестіру департаментінің директоры. 2014-2015 жылдары - «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарушы директоры. 2015 жылғы шілде мен қараша аралығында - Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2015-2018 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі. 2018 жылдың қараша айынан бастап 2019 жылдың 22 наурызына шейін Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметін атқарды.

Қазіргі қызметінде 2019 жылдың наурыз айынан бастап.

44 жыл бұрын (1976) ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Ыдырысұлы ҮКІБАЙ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

Еңбек жолы: «Хабар» АҚ ақпараттық жобалар басқармасының бастығы, «Жеті күн» апталық бағдарламасының жетекшісі, «Хабар» ААҚ Басқарма төрағасының орынбасары; «Хабар» АҚ Басқармасының төрағасы (2011-2016). 2016 жылы мамырда бастап 2019 жылдың наурызына шейін Қазақстан Республикасының Президентінің баспасөз хатшысы қызметін атқарды.

Қазіргі қызметінде 2019 жылдың наурыз айынан бастап.

41 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Әбдіжәмілұлы ПІРІМҚҰЛОВ дүниеге келген.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген, экономист (2000); Қазақ гуманитарлық-заң университеті, заңгер (2003); Тараз мемлекеттік университетінің магистратурасы, заң магистрі (2005). Еңбек қызметі: Жамбыл облысы прокуратурасы органдарында жұмыс істеді (2001-2004 жж.); сот орындаушысы, Алматы қалалық сотының жетекші маманы (2004-2005 жж.); Жетісу ауданының №2 сотының судьясы (2005-2009 жж.); Алматы қаласының соттар әкімшілігі (2009-2010); Алматы қалалық соты басқармасының бастығы (2010-2012 жж.); Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары (2012-2014 жж.); Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасының орынбасары (2014-2016 жж.); Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы (2016-2017 жж.). Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы (2017-2019).

«Сот жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.

Қазіргі қызметінде 2019 жылдың шілде айынан бастап.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT