25 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқырмандар назарына 2023 жылғы 25 наурызға арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық құлдық және трансатлантикалық құл саудасы құрбандарын еске алу күні

Құлдықта және құлдықтан азат ету үшін күресте қаза болғандарды құрметпен еске алу мақсатында - БҰҰ Бас Ассамблеясы 2006 жылғы қарашада 2007 жылғы наурыздың 25-інде трансатлантикалық құл саудасын жоюдың 200 жылдығын мерекелеудің Халықаралық күні ретінде атап өту туралы қаулы қабылдады. 2007 жылдың соңында БҰҰ Бас Ассамблеясы қарар қабылдап, мемлекеттерді жыл сайын наурыздың 25-ін Халықаралық құлдық құрбандарын және трансатлантикалық құл саудасын еске алу күні тұрғысында атап өтуге шақырды.

Халықаралық күзетке алынған және із-түзсіз жоғалған қызметкерлермен ынтымақтастық күні

Бұл күн іс-қимылдарды жұмылдыруға, әділдікті талап етуге және БҰҰ-ның бітімгерлері мен қызметкерлерін, сондай-ақ БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болып табылатын әріптестерді қорғауға деген шешімін нығайтуға арналған арналған. Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ. 1985 жылы 25 наурызда Палестиналық босқындарға көмектесуде және жұмысты ұйымдастыруда БҰҰ Таяу Шығыс агенттігінде жұмыс істеген журналист Алек Колетт ұрланған. Оны Ливандағы палестиналық босқындар туралы мақаланы жасау кезінде қарулы террористер ұрлап әкеткен.

Жер сағаты

Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) бастамасымен жыл сайын наурыз айының соңғы сенбілерінің бірінде жергілікті уақыт бойынша сағат 20.30-дан 21.30-ға дейін бүкіл әлемде ең ауқымды халықаралық экологиялық науқан өткізіледі. Оған Қазақстан 2009 жылы қосылды. 2022 жылы Қазақстандағы «Жер сағаты» экотуризм тақырыбына арналған. Нағыз экотурист болу үшін табиғатты сақтауға және жергілікті халықтың экономикалық дамуына үлес қосу керек. Бұл күні белгіленген уақытта жер шарының түкпір-түкпірінде адамдар бір сағатқа жарық пен басқа да электр құралдарын өшіреді. Бұл акцияның мақсаты – бүкіл әлем қауымдастығының назарын біздің планетамыздағы климаттың өзгеруі проблемасына барынша аудару, осы экологиялық мәселені шешуде бірлескен іс-қимыл қажеттілігі идеясын қолдайтынымызды көрсету.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1930 жылы Балқаш көліне іргелес, қазіргі Балқаш ауданына қарасты Бақалы жерінде Бәрібаев шаруалар көтерілісі болды. Кеңес өкіметінің ұжымдастыру, жаппай қуғын-сүргін саясаты мен ашаршылық қаупіне шыдамаған жергілікті шаруалар ұйымдасқан қарсылыққа шықты. Бақалы ауыл тұрғындары Құсмади Ахметжанов, Құрамыс Ибрагимов, Жақыпбай Сауқымбаев 100-ден астам адамды ұйымдастырып, көрші ауылдарға үгітшілер жіберді. Көтерілісшілер отрядқа бірігіп, Бақалы коммунасын басып алды, ауылдық кеңесті таратып жіберді. Елден күшпен жиналған 100 пұт астықты, 100 бас жылқыны, басқа да мал мен мүлікті жұртқа таратып берді. Алматы мен Семейден әскер күшін шақыртпау үшін көтерілісшілердің арнайы тобы Балқаш жағындағы телефон байланысының сымдарын үзіп, темір жол табанының алты буынын босатып, алып тастады. Мыңқұм деген жердегі 10 ауылды басып алды. Көтеріліс басшысы Құсмади Ахметжанов Қытай шекарасынан өтіп кеткен босқындармен, Ақсу көтерілісшілерімен байланыс жасап, бірлесе қимылдауға тырысты. Бірақ әскер күштері алдын-ала шекараны нығайтып, оған жол бермеді. Шекарашылар Қытай жағынан көмекке келмек болған қазақ отрядын қолға түсірді. Бәрібаев ауданындағы көтерілісшілер ОГПУ-дің 50 адамдық қарулы жедел әскери отрядының күшімен басылып, 29 адам ату жазасына кесілді.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Филиппины Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылғаны туралы нота алмасу рәсімі өтті. Филиппины Қазақстан тәуелсіздігін 1992 жылғы 22 қаңтарда мойындады.

1993 жылы Қазақстан Республикасы Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің мүшелігіне қабылданды.

2006 жылы Семейде «Құнанбайдың қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпақтары» кітабы жарық көрді. Кітаптың авторы - республикалық «Абай» қорының президенті Балтабек Ерсәлімов. Кітап сталиндік қуғын-сүргін жылдарындағы оқиғалар туралы баян етеді. Б.Ерсәлімов «Абай» республикалық қорын - өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарында құрылғалы бері басқарып келеді. Кітап материалдарын ол 10 жыл бойы жинап, дайындаған. Бұл кітапта өткен ғасырдың 20-30-ыншы жылдарындағы ұжымдастыруға, ашаршылыққа және қуғын-сүргінге байланысты оқиғалар туралы деректі материалдар келтіріледі. Бұл басылым әдебиет үшін ғана емес, қазақ халқының тарихы үшін де үлкен маңызға ие, дейді кітаптың таныстырылымына қатысқан студенттер, зиялы қауым өкілдері және қала әкімшілігінің өкілдері.

2010 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі «Барыс» монетасын айналымға шығарды.

2014 жылы Қазақстан мен АҚШ басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обама ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме жасады.

2015 жылы Алматыда ЮНЕСКО 70 жылдығына және алғашқы қазақстандық ЮНЕСКО клубының 10 жылдығына орайластырылған «ЮНЕСКО жолымен: Бейбітшілік. Өнер. Жастар» халықаралық коллоквиумы өтті.

2017 жылы қазақстандық делегация Малайзиядағы Лангкави аралындағы әуе-ғарыштық және әскери-теңіз техникасының (LIMA-2017) халықаралық көрмесіне қатысты. Көрме тақырыбы – азаматтық және әскери авиация, гуманитарлық көмекке қатысу, дүлей зілзалалардың салдарын жою, авиациялық техниканы жөндеу және жаңғырту жөніндегі бағдарламалар, дәлдігі жоғары қаруды басқару жүйелері, авиациялық және теңіз қару- жарағы, су асты жұмыстарына арналған техника мен жарақтандыру, ұшқышсыз ұшу аппараттары, техникалық барлау құралдары, қол жеткізуді бақылау құралдары, тренажерлер және оқу бағдарламалары.

2018 жылы Қазақстан хоккей тарихында алғаш рет жастар командасы Ульянов (Ресей) қаласында өткен әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді.

2020 жылы Халықты көлік бағыттары мен дәліздерінің қолжетімділігі туралы барынша ақпараттандыру мақсатында ҚР Индустрия және инфрқұрылымдық даму министрлігі «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, көлік желілерінің қолжетімділігі (жабық және ашық бағыттар) туралы интерактивті карта жасады. Осы карта арқылы тұрғындар нақты уақыт режімінде қандай да бір жол бағыттарының қолжетімділігін (әуе көлігі, теміржол көлігі, автокөлік) қарап отыра алады.

2021 жылы Қарағанды ​​қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Рахым Баймурзин XXXIII Халықаралық Азия-Тынық мұхиты елдері математикалық олимпиадасының және ХХ Халықаралық «Жібек жолы» математикалық олимпиадасының жеңімпазы атанды.

«Жібек жолы» халықаралық математикалық олимпиадаға Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдер: Қытай, Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және т.б. елдердің мектеп оқушылары қатысты.

2022 жылы Павлодарда археологиялық мектеп ашылды. Археологияны оқыту бойынша жобаны белгілі археолог, өлкетанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Виктор Мерц басқарды. Ол – 140-тан астам ғылыми басылымның авторы, Павлодар облысындағы палеолит және неолит ескерткіштерін зерттеуші, С.Торайғыров университетінің Ә.Марғұлан атындағы Бірыңғай ғылыми-зерттеу орталығының директоры.

2022 жылы әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Дубайда EMIGALA Fashion Awards сыйлығын алды.

«Кеше Дубайда жыл сайынғы EMIGALA марапаттау рәсімі өтті. «Үздік халықаралық жұлдыз» жүлдесін жеңіп алдым. Ұйымдастырушыларға ерекше алғысымды білдіргім келеді», - деп бөлісті әнші Instagram парақшасында.

Сыйлық даралықты ашуға бағытталған және үш негізгі идеяға бағытталған: инклюзивтілік - тұлғаның сыртқы келбетіне мінез бен мәдениетті қосу, әртүрлілік - ұлттық сипаттамалар мен шынайылық сәні арқылы өзін-өзі көрсету, адамның ішкі «менін» атап өту.

2022 жылы Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы, театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығайдың құрметіне орнатылған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы өтті. Ескерткіш тақта белгілі театр сыншысы 20 жылға жуық өмір сүрген Жібек жолы даңғылы, 126-а (С.Мәуленов көшесінің қиылысы) мекенжайындағы үйдің қабырғасына орнатылған.


Соңғы жаңалықтар