25 мыңға жуық атыраулық 580 млн теңгеден астам салығын төлемей жүр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 25 мыңға жуық тұрғын 580 млн теңгеден астам салығын төлемей жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тұрғындардың жылжымайтын мүлік пен көлік салығына берешегі 580,2 млн теңгеге жеткен.

Оның ішінде төленбеген көлік салығы - 549,6 млн теңге.

«Берешек сомасы 1 айлық есептік көрсеткіштен асатын борышкерлердің тізімі өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларға жіберіледі. Заңнамаға сәйкес жеке сот орындаушылары банктік шоттар мен мүлікке тыйым салуға құқылы. Ал, 40 айлық есептік көрсеткіштен асатын берешек сомасы барларға Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тыйым салынуы мүмкін. Жеке сот орындаушылары берешек сомасынан басқа берешек сомасының 25 пайызына дейінгі мөлшерде қосымша ақыны өндіріп алады», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулықтар көлікке 355 млн теңге салық төлемегенін хабарлаған болатынбыз.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Нұрболат Сармановтың мәліметінше, 9 мыңға жуық тұрғын көлік салығын төлемеген.

Негізгі қарыз 283 млн теңгеге жуықтаса, 72 млн теңгеден астамы – өсімпұл.

Сондай-ақ, мүлік салығын төлемей жүрген атыраулықтардың қарызы - 385 млн теңге.

Белгілі болғандай, былтырғы 1 тамыздағы мәліметке сәйкес 22,8 мың адамның мүлік салығы 385,1 млн теңгеге жеткен.

Оның ішінде Атырау қаласында тұратын 17,5 мың адамның берешегі 309,2 млн теңгені құраған.


Соңғы жаңалықтар