25 мың теңгеге iPhone «сатқан» алматылық алаяқ ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Арзанқол iPhone алмақ болған Петропавл тұрғыны мектепті кеше ғана бітірген алматылық жасөспірімнің арбауына түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ол Olx.kz-тен 25 мың теңгеге телефон сатылады деген жарнаманы көрген. Соның 20 мың теңгесін qiwi-әмиян арқылы төлеу қажет болған. Ақша аударылған соң әлгі «сатушы» да жоқ, телефон да жоқ», - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің өкілдері.

Жедел шаралардың нәтижесінде мектепті енді ғана бітірген жасөспірім ұсталған. Ол желі арқылы «кәсіпкерлік қызмет» жүргізіп, арзан телефон сататын «компания құрған». Клиенттерге басқа азаматқа тиесілі тұлғасын куәландыратын құжаттың электронды көшірмесін берген.
«Ол интернеттен екі куәліктің көшірмесін жүктеп алған. Құжаттар Қазақстанда тұратын, өмірде бар адамдарға тиесілі. Олар өз құжаттарының көшірмесін бұрын интернеттегі ашық ресурсқа қалдырған. Ол азаматтардың атынан интернетте парақшалар ашылған. Ал жасөспірім бөтен адамның құжатын қылмыстық мақсатта пайдаланған», - дейді Петропавл ІІБ қылмыстық полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықов.

Интернеттегі жалған компания тағы қанша адамды алдап соққанын алматылық полицейлер анықтайды. Петропавл полициясы күдіктінің ісін, аумақтық принцип бойынша, соларға тапсырды.

Күдікті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына («Алаяқтық») сәйкес, 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері 24 интернет-алаяқтық ісін ашты. Олардың барлығында алаяқтар алдын ала төлем жасауды талап етіп отырған.

Соңғы жаңалықтар