25 маусымға дейін жаңа жұмыс орындарын есепке алу әдістемесін жасау керек - Смайылов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов халықты жұмыспен қамту жөнінде Еңбек министрлігі мен әкімдіктерге тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл Ұлттық жобаларды іске асыру аясында шамамен 270 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылуы тиіс. Бұл жоспар орындалуы керек. «Бақытты отбасы» жобасы аясында 20 мың әйелге жұмыспен қамту шаралары көрсетіледі. Кәсіпкерлік негіздерін оқыту жұмыспен қамтудың тиімді құралына айналды. Өткен жылы осындай курстарда 33 мыңнан астам адам оқып, оның 15 мыңы өз бизнесін ашты», - деді Ә. Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Бұл ретте business.enbek.kz. бірыңғай кәсіпкерлік бастамаларды қолдау порталы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқыту мен гранттар беру бойынша бизнес-процестер автоматтандырылған.

«Президенттің тапсырмасымен биылдан бастап, мемлекеттік органдар мен барлық деңгейдегі әкімдіктердің жұмысының тиімділігі жаңа жұмыс орындарын құру бойынша KPI негізінде бағаланатынын естеріңізге саламын. Осыған орай мынадай тапсырмаларды беремін. Бірінші, Еңбек министрлігі салалық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен және бизнеспен бірлесіп, жобалар мен бағдарламаларды іске асыру есебінен тұрақты жұмыс орындарын көбейтуді қамтамасыз етсін», - деді Премьер.

Екіншіден, Еңбек министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жастармен және әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтармен жұмыс істеу үшін жұмыспен қамту орталықтарында «бір терезе» тәсілін жасау тапсырылды.

«Үшіншіден, Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, цифрлық платформалар аясында жұмыс істейтін адамдарға әлеуметтік кепілдіктер беру үшін заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізсін. Төртіншіден, Еңбек министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, 25 маусымға дейін әкімдерді бағалау үшін әрбір 10 мың тұрғынға шаққанда кемінде 100 жаңа жұмыс орны индикаторын белгілеп, жаңа жұмыс орындарын нақты есепке алу әдістемесін бекітсін», - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен бірге, Үкімет басшысы әкімдіктерге субсидияланатын жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысушылардың кемінде 60%-ын тұрақты жұмысқа орналастыру қажеттігін айтты.


Соңғы жаңалықтар