25 маусым. Туған күн иелері
2022 жылғы 25 маусым 08:10

25 маусым. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат 25 маусымға арналған «Туған күн иелері» күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

129 жыл бұрын (1893-1938) ақын, жазушы, педагог Мағжан ЖҰМАБАЕВ дүниеге келген.

Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында туған. Әуелі ауыл молдасынан сабақ алады. Бұдан соң әкесі Бекен Мағжанды Қызылжардағы Бегішев медресесіне оқуға береді. Мұсылмандық орташа дәрежелі білім беретін бұл медресені бес жылдай оқып бітірген соң, 1910-1913 жылдары Уфа қаласында «Ғалия» медресесінде оқиды. Осында жүріп «Садақ» журналын шығаруға араласып, өзінің өлеңдерін жариялайды. Абайдың өлеңдер жинағымен танысады, татар ақын-жазушыларымен достасады. Араб, парсы, түрік тілдерін оқып үйренуін жалғастырады. Орыс тілінен сабақ алады. Абай үлгісімен Шығыс пен Батыс поэзиясынан бірдей нәр алады.

1913-1917 жылдары Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқып, оны үздік бітіреді. Омбыда оқып жүрген кезінде сондағы жастармен тізе қосып, «Бірлік» әдеби үйірмесін құруға қолғабыс етіп, оның «Балапан» атты қолжазба әдеби журналын редакциялайды. 1917-1923 жылдары «Бостандық туы», «Ақжол» газеттерінде және «Шолпан» журналында еңбек ете жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады. 1923-1926 жылдары Мәскеуде көркем әдебиет институтында оқиды. 1927-1929 жылдары Бурабайда, одан соң Петропавлда оқытушылық қызметтер атқарады.

1912 жылы Қазан шаһарында «Шолпан» атты өлеңдер жинағы жарық көреді. «Батыр Баян», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы», «Өтірік ертегі», «Шын ертегі» поэмаларында адам жанының, психологиялық әлемнің құпия сырларын, иірімдерін, даму диалектикасын асқан шеберлікпен кестелеп өрнектей білген. Кеңес жылдары екі өлеңдер жинағын жариялады. Алғашқысы - 1922 жылы Қазанда, екіншісі Ташкентте басылып шыққан. Мектеп оқушыларына, мұғалімдерге арнап «Педагогика», «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» еңбектерін жариялаған.

1929 жылы М.Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрды деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесілген. 1936 жылы М. Горький және Е. Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға оралып, Петропавл қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген. 1937 жылы наурызда Мағжан Жұмабаев Алматыға келіп, аударма ісімен айналысқан. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді. М. Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» өлеңін Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» журналында жариялай отырып, оны түркішілдік күресі үшін ең пайдалы өлең деп бағалаған.

Қазақстанда М.Жұмабаев шығармалары 1989 жылы ғана қайтадан жариялана бастады. Алматы, Астана және Петропавл қалаларындағы көшелерге Мағжан Жұмабаев есімі берілген. Петропавл қаласында және ақынның туған ауылында ескерткіш қойылған. Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Булаев ауданы М. Жұмабаев ауданы болып аталды. Халықаралық Түркі академиясы 2018 жылды «Мағжан Жұмабаев жылы» деп жариялады.

61 жыл бұрын (1961) Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Дәулетбекұлы БІЛІСБЕКОВ дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. Білімі жоғары, мамандығы бойынша мәдени-ағарту жұмысының жетекшісі, экономист, құрылыс маманы.

Еңбек жолы: 1978-1983 жылдары – Шымкент қаласындағы «Казгалантерейторг» базасында жұмысшы. 1983-1984 жылдары – Шымкент қаласындағы ОКТУ-38 оқу орнында педагог-тәрбиеші. 1984-1988 жылдары – Шымкент қалалық педагогикалық мәдениет институтының комсомол комитетінің хатшысы. 1988-1990 жылдары – Шымкент қалалық педагогикалық мәдениет институтының кафедра меңгерушісінің орынбасары — аға лаборант. 1990-2008 жылдары – Шымкент қаласындағы бірқатар кәсіпорындарда басшылық еткен. 2008-2011 жылдары – Шымкент қаласы әкімінің орынбасары. 2011-2012 жылдары – Астана қаласында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру-жұмыстары және аумақтық даму бөлімінің бас инспекторы. 2012-2014 жылдары – Астана қаласында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы. 2014-2017 жылдары – ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы. 2017-2018 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы. 2018-2020 жылдары – Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы.

Қазіргі қызметінде 2020 жылдың қарашасынан бастап.

59 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат депутаты, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Сүйіндік Тасеменұлы АЛДАШЕВ дүниеге келді.

Түрікмен КСР Красноводск қаласында туған. 1986 жылы И.М.Губкин атындағы мұнай және газ институтын, 2008 жылы Орталық - Азия университетін бітірген.

Еңбек жолын 1979 жылы - Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасында токарь, бұрғышының көмекшісі, бұрғышы шеберінің көмекшісі, өндірістік қызмет көрсету базасының инженері, бұрғылау шебері, Жаңаөзен бұрғылау жұмыстары басқармасының технология бөлімі бастығының орынбасары. Ұзақ жылдар бойы «КазТрансОйл» АҚ-да түрлі лауазымды қызметтер атқарған. 2012-2017 жж. - Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары. 2017-2020 жж. «Қаражанбасмұнай» АҚ Бірінші Вице - президенті лауазымында болды.

Қазіргі қызметінде – 2020 жылдың тамыз айынан бастап.

«Нұр Отан» партиясының мүшесі. Құрмет орденімен (2019), «Астанаға 20 жыл» медалімен марапатталды (2018). «Магистралды құбыр көлігінің құрметті қызметкері» құрметті атаққа ие (2010).

52 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің VII шақырылым депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет мүшесі Ерлан Бияхметұлы САЙЫРОВ дүниеге келді.

А.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген, тарихшы; Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген, мемлекеттік және муниципалды басқару.

Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің ішкі саясат департаментінің директоры (2000-2003 жж.); «Қазинжиниринг» АҚ атқарушы директоры (2003 жылдан бастап); Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Ақпараттық-талдау бөлімінің меңгерушісі (2005 жылдан бастап); Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің қоғамдық саяси жұмыстар департаментінің директоры (2008 жылдан бастап); «Ult TIMES» республикалық апталық әлеуметтік-саяси газетінің редакциялық алқасының төрағасы (2012-2013 жж.); «Мәдени даму институты» ҚҚ ғылыми директоры (2013-2015); ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының кеңесшісі (2017-2018 жж.). Еуразиялық интеграция институтының директоры (2019-2021 жж.).

2021 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT