+7 (701) 759 90 19
USD 423.87 EUR 505.25
RUB 5.59 CNY 64.43
Jańalyqtar

25 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 25 маусым 07:00
Бөлісіңіз:
25 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2019 жылғы 25 маусымға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Теңізші күні (теңізде жүзушілер күні)

Бұл күнді атап өту туралы шешімді 2010 жылы Маниладағы (Филиппин) конференцияда Халықаралық теңіз ұйымына мүше-елдер қабылдады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1916 жылы орыс патшасының майдандағы қара жұмысқа Қазақ және Түркістан өлкелерінің және ішінара Сібірдің 19 бен 43 жас аралығындағы ер-азаматтарын шақыру жөніндегі жарлығы шықты. Бұл жарлық қазақ жеріндегі ұлт-азаттық көтерілістің тұтануына түрткі болды. Жалпы майдан тылындағы қара жұмысқа Қазақстан мен Орта Азиядан 400 мың адам шақырылған. Көтерілістің аса ірі ошақтары Жетісу мен Торғайда болды. Осы тарихи кезеңде «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан қазақ зиялылары А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатовтар халықты қарсылық көрсетпеуге шақырса, Т. Бокин бастаған интеллигенция өкілдері жарлыққа қарсы шығып, көтеріліске бастады.

1934 жылы академик Ахмет Жұбановтың ұйымдастыруымен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік оркестрі құрылды. Ахмет Жұбановтан кейін ұжымды қырық жылға жуық КСРО халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, профессор Қажығалиев Шамғон Сағитдинұлы басқарды. Оркестр көптеген халықаралық, республикалық форумдарға, фестивальдер мен конкурстарға қатысқан. Оған 1967 жылы «Республиканың еңбек сіңірген ұжымы», 1978 жылы «академиялық оркестр» құрметті атақтары берілсе, 1984 жылы 29 қарашада Халықтар достығы орденімен марапатталған. Оркестр көптеген шет елдерде: Польша, Румыния, Венгрия, Германия, Франция, Швеция, Португалия, Дания, Үндістан, Қытайда өнер көрсеткен.

1991 жылы Қазақ КСР-нің «Қазақ КСР Министрлер кабинеті туралы» Заңы қабылданды. Заңға сәйкес, Министрлер кабинетінің мәртебесі, құрылуы мен құрамы, сондай-ақ негізгі міндеттері мен өкілеттілігі анықталды. 1995 жылы 30 тамызда жүргізілген референдумның нәтижесінде бұрынғы мемлекеттік құрылыстың кемшіліктерін жойған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітілді.

1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Аргентина Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты орнату туралы Хаттамаға қол қойылды.

2005 жылы Фин шығанағы жағалауындағы Выборг портында қазақстандық «Алматы» екінші танкерін салтанатты қабылдап алу рәсімі өтті.

Кеменің құрылысы 13 айға созылды. 2005 жылы мамыр айының соңында кеме Балтық теңізінде сынақтан өтіп, тапсырыс беруші «Қазтеңізтасымалфлоты» Ұлттық компаниясына табыс етілді.

Танкердің ұзындығы - 50 метр, ені - 17,3 метр, отыруы - 7 метр, борт биіктігі - 10,1 метр, жылдамдығы 10 узел деп бекітілді.

Кеме Құмкөл тобы, Теңіз және Бозашы кеніштерінің мұнайын тасу үшін «Ақтау - Махачкала», «Ақтау - Баку» бағыттары бойынша пайдаланылады. Айына орта есеппен 7-8 рейс жасайтын танкер жылына 1 миллион тоннадан астам мұнай тасымалдайды.

2010 жылы Алматыда «Ұлы Жібек жолы - 1000 жыл өткен соң» жобасы басталды.

2011 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің Байқоңыр ғарыш айлағындағы арнайы тілшісі Сара Нұрғалиева елдің ғарыш саласының дамуы туралы «Жер жүзінің көшпендісі» телевизиялық фильмін даярлағаны үшін Қазақстан Журналистер одағының «телевизиялық жұмыс» аталымындағы сыйлығымен марапатталды.

2011 жылы белгісіз діннің ғибадатханасы анықталды. Оны Түркістан экспедициясы кезінде отандық археологтар тапқан. Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері Ерболат Смағұловтың айтуынша, ғибадатхананың Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын жерден табылуы оның маңыздылығын арттыра түседі.

2015 жылы елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған бірыңғай почта маркасы айналымға енгізілді. «Естелік және мерейтой күндері» сериясының номиналы - 200 теңге. Марка төрт түсті бояудан жасалады, блок өлшемі 104x72 мм, марка мөлшері 52х36 мм, айналымы 5 мың дана болады. Дизайнын суретші Сергей Маршев әзірледі.

2015 жылы Тараз қаласының маңында орналасқан Қазпоселок ауылынан келген Хусейноглы отбасы бақшасынан табылған көне құмыраларды мұражайға өткізгені үшін Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының сыйлығына ие болды. Мамандардың айтуынша, 20 литрлік құмыралар шамамен XVI-XVII ғасырларға тиесілі.

2018 жылы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған пошта маркасы шығарылды.

Пошта маркасында М. Жұмабаев бейнеленген. Тиражы - 10 мың дана. Офсетті баспада жасалған маркалардың бояуы 4 түрлі түсті. Марка өлшемі - 40х28мм.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Смағұлова Еркежан

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059
REDAKTOR
Үмбет Шолпан
Үмбет Шолпан
954-059

MURAǴAT