25 мамыр. Тұлғалар туған күн

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 25 мамырда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады

ЕСІМДЕР

120 жыл бұрын (1903-1970) Қазақстандағы музыка аспабын жасаушы шебер Эммануил Иосифович РОМАНЕНКО дүниеге келген.

Алматы қаласында туған. 1930-ы жылдардың басында Ахмет Жұбановтың шақыруымен Эммануил Иосифович өзінің бауыры Бориспен бірге Қазақстанға келіп, осында жұмыс істеп, өмір сүруге қалады. Ол заманауи стандарттары сақталған қазақ домбырасын құрастырушы болып отыр. Осының негізінде қазақтың көптеген шеберлері домбыраны бүгінгі түрінде жасап, оны әлемге де танытып жүр. 1932 жылы Алматы музыка драма театрының шеберханасында қазақ музыка аспаптарының алғашқы үлгілерін жасаған. 1933 жылы алғаш рет музыкалық-эксперименталдық шеберхана ашылып, онда Эммануил бауыры Бориспен, павлодарлық шебер Құмар Қасымовпен, сондай-ақ композитор Е. Брусиловскиймен бірге жұмыс істеді. 1942 жылы Қазақ мемлекеттік филармониясының шеберханасына ауысқан. Мұнда ол Қазақ академиялық халық аспаптары оркестрі үшін домбыра мен қобыздың түрлерін жасап шығарған. 1952 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерватория) музыкалық-эксперименталдық шеберханасында еңбек еткен. Романенко домбыра мен қобызды жетілдіруге мол үлес қосқан.

99 жыл бұрын (1924-2013) әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, «Халық қаһарманы», Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының құрметті азаматы Сағадат Қожахметұлы НҰРМАҒАМБЕТОВ дүниеге келген.

Ақмола облысының Ақкөл ауданында туған. 1943 жылы Кушка қаласындағы (Түрікменстан) пулемет училищесін бітіргеннен кейін майданға жіберілді. Солтүстік Кавказ, 4-ші Украин және 1-ші Беларус майдандарында взвод, рота және батальон командирі болып, Польша жерінде Пилица өзенінің сол жағалауындағы плацдарм үшін болған ұрыста ерекше ерлік көрсетті. 1949 жылы Мәскеудегі Әскери академияны бітіріп, Түркістан әскери округі штабында істеді. 1954-1958 жылдары - мотоатқыштар полкінің командирі. 1958-1961 жылдары - мотоатқыштар дивизиясының штаб бастығы. 1962-1969 жылдары Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы. 1969-1989 жылдары - Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік әскери тобы қолбасшысының бірінші орынбасары. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы. 1992-1995 жылдары - Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі. 1995-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметін атқарды. С.Нұрмағамбетов Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында аумақтық тұтастықты қамтамасыз етуде, республиканың Қарулы күштерін құруда, ұлттық кадрларды даярлауда үлкен еңбек сіңірді. 1999 жылы наурызда Астана қаласында генерал Сағадат Нұрмағанбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі құрылды. Тәуелсіз еліміздің қарулы күштерінде қызмет ететін болашақ сарбаздар осы мектеп қабырғасынан тәрбиеленіп шығады. «Ленин», 2 мәрте «Қызыл жұлдыз», 1,2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет белгісі», «Қазан төңкерісі», 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Отан» ордендерімен, медальдармен, шет ел орден-медальдарымен марапатталған.

87 жыл бұрын (1936-2021) белгілі қазақстандық археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сайден Жолдасбайұлы ЖОЛДАСБАЕВдүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан ҰҒА Тарих, археология және этнография институтының аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолы: Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жұмыс істеді. Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде. әл-Фараби атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті кафедрасының меңгерушісі. Қожа Ахмет Яссауи, ғылыми-зерттеу орталығының директоры.

Ғылыми қызметінің негізгі бағыттары XV-XVIII ғасырлардағы қазақ халқының мәдениетін зерттеумен, Жетісу тарихымен, палеоэтнографиялық ерекшеліктерін зерттеумен байланысты. Ол Қазақстанда алғашқылардың бірі болып палеоэтнографиялық зерттеулер бойынша экспедиция ұйымдастырды. С.Жолдасбаев 250-ден астам қыстақта зерттеу, сондай-ақ 400-ге жуық мекен-жайда қазба жұмыстарын жүргізді. Оның назарында ХV-ХVІІІ ғасырлардағы археологиялық материалдар болды.

56 жыл бұрын (1967) «Қазақстан орнықтылық қоры» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Серікұлы ОСПАНОВ дүниеге келді.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті, «Математика» мамандығы бойынша (1991), Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша (1999), Лос-Анджелес университетін (UCLA, Калифорния) МБА бағдарламасы бойынша (2013) бітірген.

Еңбек жолы: 2019 жылдан бастап «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ Басқарма Төрағасы қызметін атқарды. Әр кезеңдерде ол «KMG Kashagan B.V.» ЧКОО-да сыртқы байланыстар жөніндегі директордың орынбасары, «Аджип Казахстан Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» жергілікті қамтуды дамыту департаментінің директоры, «ҚазМұнайГаз» сауда үйінің Астана филиалы директорының орынбасары, «Алма-Трейдинг» ЖШС атқарушы директоры, «Казахинстрах» ЖАО Басқарма Төрағасы, «Промышленная страховая группа» ААҚ Президенті, «Қазақстан Ипотекалық Ұйымы» ИҰ» АҚ тәуелсіз директоры (СЕО) (2017-2019), «Баспана Ипотекалық Ұйымы» АҚ Басқарма төрағасы (2019-2020) қызметтерін атқарды.

Қазіргі қызметінде 2020 жылдың ақпан айынан бері.

50 жыл бұрын (1973) ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары, танымал журналист, Бағдад Болатжанұлы ҚОЖА-АХМЕТ дүниеге келді.

Алматы облысы Панфилов ауданы Ақжазық ауылында туған. Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірген. Еңбекжолы: 1992-1996 жылдары – «Қазақстан», «Астана», «Хабар» телеарналарында диктор, ақпараттық-талдау бағдарламасының жауапты редакторы, продюсер, бас редактор және көптеген радио және теле жобалардың авторы болды. 1998-1999 жылдары Алматы қаласы әкімдігі аппаратының баспасөзхатшысы, 2000 жылдары «Астана» радиосында редактор, 2000-2002 жылдары «Астана телевизиясы және радиосы» Республикалық корпорациясында «Таңшолпан», «Ақшам» ақпараттық бағдарламаларының шығарушысы, жауапты редакторы, 2002-2006 жылдары «Астана қалалықтелевизиясы» ЖШС жаңалықтар қызметінің редакторы, басшысы және бас редакторы, 2005-2006 ҚР ІІМ Ақпарат және қоғаммен байланыс орталығының бастығы, 2006-2008 жылдары ҚР ІІМ тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы.

Одан кейінгі жылдары «Қазақстан халық банкі» АҚ қоғаммен байланыс және маркетинг департаментінің директоры, «Рейтинг плюс» PR-агенттігінің бас директоры болып қызметатқарды. 2011-2018 жылдары «31 арна» телеарнасының бас директоры болды. 2020 жылы ҚРДенсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі болып қызмет атқарды. 2021-2022 жылдары «Turkistan» телеарнасының директоры қызметін атқарды.

2004 жылы халықаралық «Вместе» телефорумында «Үздік бағдарлама жүргізушісі» атанды. «Айбын» орденінің иегері. 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары.

47 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері Данияр Талғатұлы АҚЫШЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 1996 жылы Қазақ Мемлекеттік Басқару академиясын экономист мамандығы бойынша үздік аяқтады (мамандануы - банк ісін ұйымдастыру).

Еңбек жолын Орталық Азия қор биржасында маман ретінде бастады. 1996-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің зерттеу және статистика департаментінде түрлі лауазымдар атқарды, 2003-2007 жылдары осы департаментті басқарды. 2007-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары. 2014-2015 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі лауазымын, 2015 жылғы тамыз - 2015 жылғы қараша аралығында сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті көмекшісінің міндеттерін уақытша атқарушы болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы (2015-2019); ҚР Президентінің кеңесшісі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының көмекшісі (2019-2022).

42 жыл бұрын (1981) Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері жөніндегі комитетінің төрағасы Ержан Болатқанұлы НҮКЕЖАНОВ дүниге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген, тарих пәнінің оқытушысы, тарих магистрі. Еңбек жолын 2002 жылы «Қазақстанның телевидениесі мен радиосы» республикалық корпорациясы Ақпарат-талдау қызметінің редакторы-жүргізушісі болып бастады. 2004-2005 жылдары Халықаралық қазіргі заманғы саясат институты Ақпарат-талдау бөлімінің күнтізбелік өнімдер тобының жетекшісі, «Хабар агенттігі» ақпараттық бағдарламалар дирекциясы талдау бөлімінің жетекші маманы. 2005-2007 жылдары - «Отан» РСП Орталық аппаратының Әлеуметтік-экономикалық саясат, идеологиялық және ақпарат-талдау жұмысы департаменттерінің консультанты, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты партияның саяси кеңесі комиссияларымен жұмыс жөніндегі бөлім меңгерушісі. 2007-2009 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Қоғамдық бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бастығы, Қоғамдық-саяси жұмыс және Қазақстан халқы Ассамблеясымен өзара іс-әрекет жасау жөніндегі басқарманың бастығы. 2009-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметінде сарапшы, консультант, сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды. Парламент Мәжілісі Аппараты басшысының орынбасары (2016-2018); ҚР АКМ Ақпарат комитетінің төрағасы (2018-2019). Қазіргі лауазымына 2019 жылдың сәуірінде тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар