25 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 25 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

Қазақстанда Еңбек күні

2013 жылғы қарашада Республика Президентінің Жарлығымен белгіленген қыркүйек айының соңғы жексенбісінде жұмысшы мамандықтарын құрметтеу және еңбектің маңыздылығын жастайынан сезіну дәстүрлерін жаңғырту мақсатында аталып өтеді.

Сонымен бірге, «Еңбек ардагері» медалі де тағайындалды, ол еңбек қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген озат жұмысшыларға, 40 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерге беріледі.

Қазақстанда машина жасаушылар күні

Ол жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде тойланады. Мереке өз тарихын кеңес дәуірінен бастайды. Оны Қазақстанда ғана емес, Ресей, Беларусь, Қырғызстанның машина жасаушылары да тойлайды. Ол КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1980 жылғы 1 қазандағы № 3018-Х «Мерекелер мен есте қаларлық күндер туралы» Жарлығымен бекітілген.

Машина жасаушы күні 2017 жылғы 31 қазанда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 689 «Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесі» қаулысына қол қоюмен бекітілген 46 мерекелік күннің қатарына қосылды.

Дүниежүзілік өзендер күні

Қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтетін бұл мереке 2005 жылы БҰҰ «Өмір үшін су» халықаралық іс-қимыл онжылдығын бастаған жылы өзендерді қорғау және жақсарту мақсатында құрылған. Бұл науқан қоғамның назарын әлемнің барлық су ресурстарына қамқорлық жасауды жақсартуға аудару мақсатында басталды.

Халықаралық саңыраулар күні

Жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін бұл мереке 1951 жылы Дүниежүзілік саңыраулар мен мылқаулар федерациясының құрылуын еске алу үшін құрылған. Күннің мақсаты – саңырау адамдардың күнделікті кездесетін қиындықтары туралы халықаралық қауымдастықтың хабардарлығын арттыру.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1928 жылы Қызылордада «Ленинская смена» жастар газетінің (қазіргі «Экспресс-К» республикалық газеті) алғашқы саны жарық көрді.

1937 жылы Алматыда қалалық хайуанаттар бағы ашылды. Қазір хайуанаттар бағында 3 мыңнан астам жануар мен құстардың 500 түрі бар. Ол қала қонақтары мен тұрғындарының демалатын және көз тартатын орындарының біріне айналды.

1947 жылы Өскемен мырыш зауыты іске қосылды.

2005 жылы Шымкент археологтері Оңтүстік Қазақстанның Ордабасы ауданында көне жазба ескерткіштерінің бөлшектерін тапты. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жәдігерлер біздің дәуіріміздегі І-VI ғасырлардан жетіп отыр. Сол дәуірде Ежелгі Шығыс мемлекеттерінде қыш тақталарға жазу тәсілі кеңінен тараған. «Мирас» университетінің археологиялық отряды күйдірілген қыш тақтасын Арыс өзені алқабында орналасқан Қылымжар деген жердегі көне қоныстан тапты. Табылған қыш тақтада төрт қатар етіп жазылған 15 таңба анық көрінеді.

2012 жылы Мемлекет басшысының шешімдері мен маңызды оқиғалар туралы жедел ақпараттандыру мақсатында AkordaPress сайтында Қазақстан Президенті баспасөз қызметінің твиттер-аккаунты (twitter.com/AkordaPress) ашылды, онда Президенттің қатысуымен өтетін шаралардың аңдатпасы жарияланады. Мемлекет басшысының ресми сайты және Президенттің баспасөз қызметінің твиттер-аккаунты – Мемлекет басшысы және Президент Әкімшілігі қызметі туралы ақпараттардың тең дәрежедегі және бірден-бір ресми көздері.

2012 жылы «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңына сәйкес Алматы қаласының аумағы өзгертілді. Оның құрамына Алматы облысына қарасты 11 920,93 гектар жердің, соның ішінде 8 360,52 гектары Қарасай ауданына және 3 560,41 гектары Талғар ауданына тиесілі бір бөлігі енгізілді.

2013 жылы ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының ІІІ отырысы кезінде Қазақстанның көне дәуірінен бүгінге дейінгі ұлттық тарихына арналған жаңа анықтамалық-ақпараттық білім беретін «Қазақстан тарихы» e-history.kz веб-порталы таныстырылды.

2013 жылы «Мәңгі ел» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналының алғашқы нөмірі жарыққа шықты. Оның аудиториясы өз оқырмандарымызбен шектелмей алыс және шетелдердің көзіқарақты қауымын қамтиды, яғни қазақ тарихына қызығатын планетаның кез келген адамының игіліне айналады.

2015 жылы жас геологтер Әнел Тынысбек, Қаламқас Жағыпарова және Аружан Нұрұлла Сан-Паулода (Бразилия) өткен Жер ғылымы бойынша (International Earth Science Olympiad - IESO) халықаралық олимпиадада жүлделі орындар алды. Оған 20 елдің мыңнан астам жас геологтері қатысты.

2015 жылы ҚР Ұлттық архивінде қазақ мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл, ғалым Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығына арналған «Мұстафа Шоқай: Алаш арысы» архивтік құжаттар көрмесінің ашылуы өтті.

2019 жылы Монреаль қаласында (Канада) Қазақстан Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) мерейтойлық ассамблеясында 190-нан астам елдің арасында алғаш рет ICAO Кеңесі президенті атынан авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сертификатты тапсыруға ұсынылды. Бұл сертификат ICAO-ның «No Country Left Behind« (бірде-бір ел назардан тыс қалмайды) жаһандық бастамасын қолдау мақсатында тағайындалды. Мұндай марапат үшін елдерді іріктеу критерийлері ICAO-ның арнайы комиссиясы айқындайтын бағалаудың авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді дамыту саласындағы мемлекет қызметінің соңғы жылдардағы нәтижелеріне негізделген.

2020 жылы Эстонияда қазақтың ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен түркі әлемінің философы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай мерейтойлық пошта маркалары шығарылды.

2021 жылы Ыстамбұл қаласында өткен «Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» атты қазақтардың Кіші құрылтайында Ақмола облысы «Ордалы елге 30 жыл» атты мұражайлар көрмесін ұсынды.

«Ел Тәуелсіздігінің мерейтойына арналған және қазақ халқының тарихын, мәдениеті мен өмірін паш ететін көрме әлемнің түкпір-түкпірінен келген қандастар арасында үлкен сезім мен таңданыс тудырды», - деді мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.

Құрылтай қорытындысы бойынша Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жерлестердің Үндеуі қабылданды. Бірқатар қатысушылар «Кіші құрылтай» төсбелгісімен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар