25 қазан. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 25 қазан күні танымал тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

98 жыл бұрын (1923-1994) Қазақстанның халық жазушысы Тахауи АХТАНОВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туған. 1953-1957 жылдары «Жұлдыз» журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. Алғашқы өлеңдері майдандық газеттерде жарияланды. Өлеңдері соғыстан кейін баспадан шыққан «Жастар дауысы» атты ұжымдық жинаққа енген. 1956 жылы «Қаһарлы күндер» романы жарық көрді. Бұл роман бірнеше рет қайта жарияланып, орыс, неміс, т.б. халықтар тіліне аударылды. Романда екінші дүниежүзілік соғыс майдандарында қарапайым жауынгердің көрсеткен ерлігі шыншылдықпен бейнеленеді. Жазушының «Махамбет мұңы», «Дала сыры» кітаптары, «Боран», «Шырағың сөнбесін» романдары, «Таңдамалы шығармалары», 5 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. «Боран» романы үшін 1966 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл роман орыс, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен, грузин, украин, беларус тілдеріне аударылды. Шығарма сол кезеңде қазақ әдебиетіндегі оқшау туынды ретінде бағаланды. Қаламгердің «Сәуле», «Боран», «Күтпеген кездесу», «Махаббат мұңы», «Әке мен бала», «Ант», «Жоғалған дос», «Күшік күйеу» пьесалары да қазақ театрлары сахналарында бірнеше рет қойылды. Көркем аударма саласында А.Пушкиннің «Алтын әтеш туралы ертегісін», А.Толстойдың «Азапты сапарда» трилогиясын, С.Бабаевскийдің «Алтын жұлдызды жігіт» романын, И.Тургеневтің, А.Горькийдің әңгімелерін қазақ тіліне аударды.

І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет Белгісі» және 2 мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.

96 жыл бұрын (1925-1944) Кеңес Одағының Батыры, мерген Әлия Нұрмұхамбетқызы МОЛДАҒҰЛОВА дүниеге келді.

1925 жылы (кейбір деректерде 20 сәуір күні, 25 қазан, 15 маусым) Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында туған. Ата-анасы - Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржан. Шын есімі Ілия, майдандас достары «Лия» деп атаған. Бала кезінде анасынан айырылып (1933 ж.), кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған, ал 1935 жылдан бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46 балалар үйінде тәрбиеленген. Ленинградтағы №9 орта мектепте оқыды. Оқудағы озаттығы және үлгілі тәртібі үшін Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері - Артекке жіберіледі. Артекте батырлар тақтасына Рубен Ибаррури, Тимур Фрунзе сияқты батырлармен қатар Әлия Молдағұлованың да суреті ілінген. Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай (1942) ЖШҚӘ-ға (Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері) майданға жіберу туралы өтініш жібереді. 1943 жылы Снайперлер дайындау жөніндегі әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 жылдан бастап 54-арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-әскер, 2-Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбазы мен офицерінің көзін жойған. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты. Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды. Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген. Әлия есімімен көшелер, ондаған мектептер (Мәскеудегі № 891 орта мектебі, Шымкенттегі № 29 орта мектебі, Новосокольники № 72 орта мектебі, Оралдағы № 38 орта мектебі), Әскери-теңіз флотының кемелері, Каспий жүк таситын теплоходы аталған. Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосокольники қалаларында ескерткіштер орнатылған. Ақтөбеде облыстық мемориалды музей жұмыс жасайды.

62 жыл бұрын (1959) қазақстандық боксшы және қоғам қайраткері, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының екінші орын иегері (1982), Әлем кубогының иегері (1979, 1981), Еуропаның екі дүркін чемпионы Серік Керімбекұлы ҚОНАҚБАЕВ дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын, Халықаралық Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетін бітірген.

1979-1981 жылдары - Еуропа чемпионы. Әлем кубогының иегері, 1980 жылғы Мәскеудегі Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. 1982 жылы - әлем чемпионы, 1979-1980 жылдары және 1984 жылы - КСРО чемпионы. 2 мәрте Я.Полус атындағы «Алтын белбеу» жүлдесін жеңіп алған, КСРО-АҚШ құрама командалары арасындағы ойындарда 6 рет жеңімпаз атанған. 1978 жылы Болгарияда, 1979 жылы Югославияда, 1982 жылы Финляндияда өткен Халықаралық турнирлердің жеңімпазы, 1990 жылдан - кәсіпқой бокс федерациясының президенті, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан кәсіпқой бокс клубтарын біріктіріп, Орталық Азия бокс қауымдастығын құру идеясын көтерген. 1995 жылдың наурызында Бейжің қаласында ПАБ - Пан-Азиялық бокс қауымдастығы құрылды, оның ішінде 9 елдің қатарында Қазақстанның кәсіпқой бокс қауымдастығы да болды. Қонақбаев ПАБ чемпионатын өткізетін комиссия төрағасы, атқару комитетінің мүшесі болды. 1995 жылдан Шымкент қаласында Қонақбаев жүлдесіне Халықаралық турнир өтеді. Еңбек жолы: Алматы облыстық ауылшаруашылығы басқармасында аға инспектор (1981); Алматы қаласындағы мал шаруашылығы кешенінің құрылысы жөніндегі бірлескен дирекцияның инженері (1981-1983); Бокстан КСРО құрамасының нұсқаушысы (1981-1984); Қазақ мемлекеттік университетінің тағылымгер-зерттеушісі (1983-1984); Алматы үлкен каналының республикалық комсомол-жастардың екпінді құрылысының басшысы (1984); ҚЛКЖО орталық комитетінің нұсқаушысы (1984-1985); Алматы облыстық комитет комсомолының хатшысы, Алматы қалалық комитет комсомолының бірінші хатшысы (1986); бокстан Қазақстан құрама командасының мемлекеттік жаттықтырушысы, «Қазақстан» спорттық-коммерциялық клубының президенті (1986-1992); «Найзағай» АҚ президенті (1993-1996); Қазақстан Президенті жанындағы ұлттық спорт қорының президенті (1994-1996); Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы (1996-1997); Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің орынбасары (1997-1998); «Өнім» АҚ бас менеджері (1998-1999); Қазақстан Республикасы Парламентінің ІІ шақырылымындағы Мәжіліс депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі (1999-2004); Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ІІІ шақырылымдағы депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экология жне табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комиететтің хатшысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің «Отбасы» тұрғын халқы және даму жөніндегі депутаттар тобының мүшесі (2004-2007); Қазақстан Республикасы парламенті Мәжілісінің IV шақырылымының депутаты, экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі (2007-2012), Қазақстан Республикасы бокс федерациясының вице-президенті. 2014 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» ордені (2004); «Еңбектегі қайраткерлігі үшін» медалі (1980) «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006) т.б. марапаттардың иесі.

52 жыл бұрын (1969) Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұржан Сайлаубекұлы ЖҰМАДІЛОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстанда облысында туған. Өскемен құрылыс-жол институтын, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1993-2001 жылдары – Аягөз ауданы № 25 ЖПУ жол шебері, прорабы, өндірістік-техникалық бөлім бастығы. 2001-2006 жылдары – «Қазавтожол» РМК ШҚО филиалының № 71 жол пайдалану участогының бастығы. 2006-2009 жылдары – Автомобиль жолдары комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық департаментінде сапаны бақылау және орындалған жұмыстарды қабылдау бөлімінің бастығы. 2009-2021 жылдары – ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

Қазіргі қызметінде 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап.

43 жыл бұрын (1978) «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ Бас редакторының орынбасары Қанат Мәметқазыұлы ТОҚАБАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 2003-2004 жылдары – «Астана хабары» газетінің тілшісі, экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бөлім меңгерушісі. 2004-2005 жылдары – «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінің тілшісі, аға тілшісі. 2005-2009 жылдары – «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінің арнаулы тілшісі, шолушысы. 2010-2014 жылдары – «Алаш айнасы» республикалық қоғамдық-саяси газеті Астана бюросының арнаулы тілшісі. 2013-2015 жылдары – «Алаш айнасы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің Астана бюросының басшысы. 2015 жылдан «National Geographic QAZAQSTAN» ғылыми-көпшілік журналының әдеби редакторы. 2015-2020 жылдары – «Қазақпарат» ХАА бас директорының кеңесшісі.

Қазіргі қызметінде 2020 жылдан бастап.

38 жыл бұрын (1983) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдарұлы АЙДАРОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысында дүниеге келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Лондон экономика университетінде тәжірибе өткен. Мамандығы бойынша экономист, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі.

Еңбек жолын 2004 жылы «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» РМК-да маман ретінде бастаған. Орталық мемлекеттік органдарда жұмыс атқару тәжірибесі бар. ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде, ҚР Президенті Әкімшілігінде қызмет еткен. 2012 және 2017 жылдар аралығында «БХК Инжиниринг» (Біріккен химия компаниясы) ЖШС басқарушы директоры, «KAZNEX INVEST» Сараптама және инвестициялар бойынша ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болған. Осы қызметке тағайындалмас бұрын ҚР Инвестиция және даму министрлігінің «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарушы директоры – Басқарма мүшесі болған. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары (2017-2020).

Қазіргі қызметінде – 2020 жылдың ақпан айынан бастап.


Соңғы жаңалықтар