24 шәкірті әлем чемпионы атанған бапкер Түркістан облысында тұрады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістан облысында еліміздегі қол күресі спортының негізін қалаушылардың бірі Арман Қарсыбаев тұрады. Шардара ауданының төл тумасы Азияның 2004 жылғы абсолютті чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Бүгінгі  күнге дейін оның  24 шәкірті дүниежүзінің чемпионы атанса, олардың жетеуі  екі дүркін әлем чемпиондығын жеңіп алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Арман Қарсыбаевтың «Шардара» спорт клубы соңғы кезде қол күресінен әлемді мойындатып жүр.  Азия кубогы жарыстарында  50, Қазақстан чемпионаттарында  262 алтын медаль иемденген. Сондай-ақ 32 шәкірті әлем чемпионатының жүлдегерлері атанса, 26 спортшы Әлем кубогының жеңімпаздары болды.

Бапкердің айтуынша, бұл жетістіктерге жету оңай болған жоқ. Жеңістер табанды еңбек пен тынымсыз жаттығудың арқасында келген.

null«2000 жылдары, яғни 23 жасымда Алматыдағы оқуымды тәмамдап, туған жерге оралдым. Дайын тұрған жұмыс жоқ. Содан қарап жүрмей шәкіттер тәрбиелейін деп шештім. Спорт залдарын жалға ала салуға қаржы тапшы. Болмаған соң үйімнің мал қорасын тазалап, ретке келтірдім. Жан-жақтан  кәдеге жарайды-ау деген темір-терсекті  жинап, қол күрес тобын  құрдым. Көшеміздегі балалардың басын құрап, спорттың осы түріне баули бастадым. Олар да қуана келісті. Өйткені мен ол кезде Қазақстанның білдей бір чемпионы болатынмын.  Бастапқыда жаттығуға керек заттарымызды таба алмай қиналдық.  Штангалардың орнына  жылу батареяларын қолданған кездеріміз де болды. Қала берсе  еденге киіз төсеп, соның үстінде жаттығып жүрдік. Бірте-бірте қатарымыз көбейді»,- дейді бапкер. 

nullОсылайша мал қорадан басталған жаттығу жүйеленіп, орта мектептің  жертөлесінде жалғасын тапты. Кейін келе шәкірттері түрлі жарыстарға қатысып, шақыртулар алды. Алайда ол кезеңдерде жарыстарға бару үшін қаражат тапшылығы қолбайлау  болады. 2003 жылы шәкірттерінің бірі  Сейфолла Нұрхалықов Германиядағы кәсіпқойлар арасындағы әлем кубогына шақырту алады. Бапкер осы жарысқа жіберерде ақшадан қатты қысылғанын айтады.

«Демеушілер іздеп көріп едік, табыла қоймады. Ол кезде қол күресі деген спортты көбісі біле бермейді. Содан  82 шәкіртім жұдырықтай жұмылып, 11 күн бойы мақта терді. Олар аптап ыстықта қара жұмыстан қашқан жоқ. Қайта ұйымдасып, мақтадан түскен ақшаға Сейфолланы Германияға жеткіздік.  Сейфолламыз да бізді жерге қаратпады. Сол жарыстан  жеңіспен оралды. Өзім де  2004 жылы 27 жасымда ең ауыр салмақта Азия кубогының  жеңімпазы атандым.  Сол жылы Азия чемпионатының абсолютті жеңімпазы болдым. Ал, 2005 жылы  Токиода өткен әлем чемпионатында қола медальді місе тұттым. «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына қол жеткіздім»,- дейді Арман Қарсыбаев.

nullБапкердің жеңістері шәкірттерін де жігерлендіре түсті. 2007 жылы  шәкірттерінің бірі  Жазира Ақбаева әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.  Ержан Әбілда, Талғатбек Рүстембек, Шынболат Райханов, Қыдырғали Оңғарбаев, Мағжан Шәмиев, Жазира Ақбаева, Ердәулет Нұрмахандар екі рет әлем чемпиондары атанған. Азия чемпионаттарында шардаралықтар 157 алтын медальға ие болса, 128 спортшы құрылық біріншілігінің күміс, қола жүлделеріне қол жеткізген.   Бүгінде клубынан  1 «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері», 57 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 95  спорт шебері, 2 «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» шықты. Қазақстанның ерлер құрамасының негізін де Арман Қарсыбаев баптайтын Шардара жігіттері құрап отыр.

«Мен қазір шәкірттеріммен мақтанамын. Барлығы да ауылдың тәрбиесін алған. Басым көпшілігі бір көшенің бойында тұрады.  Керек кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға дайын. Клубтағы спортшылардың   басында бір жағдай бола қалса, бәріміз бір кісідей көмек көрсетуге тырысамыз. Коммерциялық жарыстардан түскен ақшадан да қор жинап, керек кезде жаратамыз. Осындай ауызбіршіліктің арқасында спорт кешенін асарлатып салдық. Қазір мұнда  600-дей спортшы жаттығады. Бізге Түркістан облыстық спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев та үнемі қолдау көрсетіп тұрады»,- дейді бапкер.

nullШардараның шымыр жігіттері соңғы үш жылда да жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Олардың арасында  2015 жылы - Нұрдәулет Айдархан, Талғатбек Рүстембек, Шынболат Райханов, Ержан Әбілда Әлем чемпионатында топ жарды. Ал, 2016 жылы - Нұрдәулет Айдархан, Шынболат Райханов, Қыдыр Өсербай, Ердәулет Нұрмахан, Ержан Әбілда,Талғат Ақтаев әлемдік жарыста жеңімпаз атанды. 2017жылы  - Нұрдәулет Айдархан,  Қыдыр Өсербай, Талғатбек Рүстембек, Талғат Ақтаев, Нұрдәулет Қадыр, Ердәулет Сарыбай, Нұрхан Қадыр, Қайырхан Шәмиевтер дәл осы көрсеткіштерді қайталай түсті. Оснау спортшылардың арасынан  Нұрдәулет Айдархан дүниежүзілік чемпионатта үш рет жеке-дара шығып, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атанды.  

Соңғы жаңалықтар