+7 (701) 759 90 19
USD 423.87 EUR 505.25
RUB 5.59 CNY 64.43
Jańalyqtar

24 сәуір. Туған күн иелері

2020 жылғы 24 сәуір 08:10
Бөлісіңіз:
24 сәуір. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 24 сәуірде тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар
Қазгидромет: Қарашаның 28-і күнгі ауа райы болжамы Футболдан ӘЧ- 2022: Еуропадағы іріктеу кезеңінің жеребесі 7 желтоқсанда тартылады 27 қараша. Туған күн иелері

ЕСІМДЕР

137 жыл бұрын (1883-1939) Алаш қозғалысының қайраткері, биология, зоология, медицина салалары бойынша студент-шәкірттерге арнап алғаш оқулық жазған әмбебап ғалым, дәрігер, фольклоршы, педагог, тілші, қоғам қайраткері, профессор Халел ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ дүниеге келді.

Атырау облысының Қызылқоға ауданында туған. Орал әскери-шынайы училищесін, Петербург әскери-медициналық академиясын бітірген. Студенттік өмірі саяси толқуларға толы кезеңмен тұстас келіп, оның саяси білімін жетілдіріп, қалыптасуына әсер етті. Ол осы жылдары ел ішінде үгіт-насихат жүргізіп, жергілікті «Фикр» (Пікір), «Уральский листок» газеттеріне мақалалар жазып, саяси толқулардың мән-жайын халыққа түсіндіріп отырды. 1909 жылы академияны үздік дәрежелі дәрігер атағымен, Алтын медальмен бітіріп, офицер ретінде әскери міндетін өтеуге жіберілген. Алдымен Пермь губерниясында, кейін 2-ші Түркістан, 2-ші Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігерлік қызмет атқарды. 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінде «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік - сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» сынды кәсіби, әлеуметтік-саяси тақырыптарда мақалалар жариялап, өзіндік ой-пікірін білдіріп тұрған. Ғалымның «Как бороться с чумой среди киргизского народа» атты кітабы өз кезеңінде оба індетіне қарсы күрестің әдіс-тәсілдерін түгел қамтыған еңбек болған. Ресейдегі Ақпан төңкерісінен кейін қазақ даласында облыстық, жалпы қазақ съездерін ұйымдастырып, өткізуге атсалысқан. Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысып, І жалпықазақ съезінен Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылған. 1917 жылы ІІ жалпықазақ съезінде жарияланған Алашорда үкіметі - Ұлт кеңесі құрамына сайланған. Алаш қайраткерлерімен бірге бірінші кезекте халықты бүліншіліктен қорғайтын ұлттық әскер - халық милициясын жасақтауға, Алаш қорын құруға, елден алым-салық қаражат жинау ісіне күш салған. Уақытша үкіметтен билікті күшпен тартып алған большевиктердің үстемдігі нығайған тұста, Кеңес үкіметінің басшысы В.Ленинмен, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.Сталинмен бетпе-бет келіссөздер жүргізген. 1920 жылы тамыздың 21-інде Түркістан республикасы халық ағарту комиссариаты жанынан Түркістан халықтарының оқу-ағарту, мәдени және ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы ұйымдастырылған Білім комиссиясының мүшелігіне, кейін төрағалығына сайланған. Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы болған. Орта Азия (Түркістан) университеті медицина факультетінің хирургиялық емханасында ординатор, Түркістан денсаулық сақтау халық комиссариаты алқасының мүшесі және емдеу-санитарлық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Орта Азия мемлекеттік баспа алқасының, кейін Қазақ мемлекеттік баспасы Шығыс бөлімінің меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік баспа басқармасы меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқара жүріп, отандық ғылымның дамуына да мол үлес қосқан. «Табиғаттану», «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі» (қазақша-орысша жаратылыстану сөздігі), «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер», т.б. оқулықтар мен ғылыми еңбектер жазған. Сонымен қатар қазақ халқының тілі мен әдебиетіне, тарихына қатысты материалдар жинақтап, тілдің дыбыс жүйесінің өзекті мәселесі - сингармонизм заңын зерттеген. «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы», «Шернияз шешен», «Алаш не сөз?», «Бұқарадағы Көгілташ медресесін салу туралы әпсана», «Тіллә-Қары мен Ширдор медреселерін салғызған Жалаңтөс батыр шежіресі», «Диуани лұғат ат-түрік», «Кенесарының соңғы күндері», «Қазақ әдебиетінің тарихы» сияқты, т.б. ғылыми-теориялық еңбектер жазып қалдырған. «Мұрат ақын сөзі», «Исатай - Махамбет», «Аламан» жинақтарын шығарған. 1932 жылы Кеңес өкіметі ұйымдастырған қуғын-сүргін саясаты кезінде тұтқындалып, ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына 5 жылға жер аударылған. Онда жүріп Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істеген. 1938 жылы шілденің 26-ында жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып, әуелі Мәскеу, кейін Алматы түрмесінде отырды. 1939 жылы сәуірдің 24-інде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. Ғалымның ісі тек 1958 жылы ақпанның 28-інде Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер алқасында қайта қаралып, ол толығымен ақталды. Ғалымға туған жері Атырау облысы Миялы кентінде ескерткіш қойылған. Атырау университетіне, Алматы және Атырау қалаларындағы көшелерге есімі берілген.


84 жыл бұрын (1936) Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының және Платиналы Тарлан сыйлығының иегері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және М.Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың иегері, Тарбағатай, Аягөз және Үржар аудандарының құрметті азаматы Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ дүниеге келген.

Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Шәуешек ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) филология факультетін тәмамдаған. 1965-1967 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкер, 1967-1976 жылдары - «Жазушы» баспасында редактор, 1976-1981 жылдары - Қазақстанның Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде жауапты қызметкер болған. 1980 жылдан бірыңғай шығармашылық жұмыста. Қ.Жұмаділовтің алғашқы өлеңдері 1954 жылдан бастап жергілікті баспасөз бетінде жарық көрген. «Жамал» атты тырнақалды әңгімесі 1956 жылы Үрімжіде шығатын «Шұғыла» журналында жарияланды. 10 роман, 13 повесть, 50-ден аса әңгіме, көптеген мақала жазған, «Жас дәурен» өлеңдер жинағының, «Қаздар қайтып барады» әңгімелер жинағының, «Көкейкесті», «Атамекен», «Тағдыр» романдарының, «Дарабоз», «Соңғы көш» дилогияларының авторы. 1998 жылы соңғы жылдардағы көлемді шығармасы - «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық романы жарық көрді. 2008 жылы жазушының «Мәңгілік майдан» кітабы, ал 2010 жылы «Тозақ оты» повестер мен әңгімелері жарыққа шықты. Жазушының публицистикалық мақалалары «Қалың елім, қазағым» жинағында жарияланды. Қ.Жұмаділов шығармалары көптеген шетел тілдерінде, соның ішінде орыс, украин, беларусь, өзбек, ұйғыр, қырғыз тілдерінде басылып шыққан. «Парасат» орденімен, ел мәдениеті дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін «Күлтегін» медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.


62 жыл бұрын (1958) VI сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Мұстахимқызы ЫҚСАНОВА дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1980 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін аяқтаған. 1986 жылы аспирантураны бітіріп, сол кафедрада кандидаттық диссертацияны қорғады. Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бар. 1986-1994 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының оқытушысы. 1994-2011 жылдары «Қазақстан теледидар және радиосы» ТРК-ның Президент кеңесшісі, вице-президенті; «ТАҢ» Телекомпаниясының вице-президенті; «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның референті, вице-президенті, Бас директоры, Директорлар Кеңесі төрағасының кеңесшісі, Директорлар Кеңесінің төрайымы, Басқарма төрайымы. 2012 жылғы қаңтар айынан бастап бесінші сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы. 2014 жылғы сәуір айында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы болып сайланды.Қазіргі қызметінде 2016 жылғы наурыздан бері. ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі. «Кұрмет», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған, БАҚ саласыңдағы ҚР Президенті сыйлығының лауреаты.


56 жыл бұрын (1964) Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Сәкен Жүсіпахметұлы АБДОЛЛА дүниеге келді.

1986 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1986-1992 жылдары - Прокуратура органдарында қызмет еткен. 1992-1993 жылдары - Шымкент облысы Әділет басқармасы бастығының орынбасары. 1993-1996 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы. 1996-2002 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы қаласы Әділет басқармасының бастығы. 2002-2003 жылдары - «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот сараптама орталығы» ММ директоры. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот аппаратының басшысы. 2004-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы. 2007-2011 жылдары - Маңғыстау облыстық сотының төрағасы. 2011-2013 жылдары - Астана қалалық сотының төрағасы. ҚР Әскери сотының төрағасы (2013-2019).

Қазіргі лауазымына 2019 жылдың қаңтарында тағайындалды.


48 жыл бұрын (1972) «Қазақ атом өнеркәсібі ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Олжаұлы ПІРМАТОВ дүниеге келді.

Новосібір мемлекеттік университетін, Қазақстанның экономика және болжау менеджменті институтын, Atkinson Graduate School of Management, Willamette University бітірген. Әр жылдары «Алтын-Тас» БК қаржы директоры, AIG Silk Road Capital Management компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры, «Халық банк» АҚ инвестициялық банкинг департаментінің директоры, ҚР экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті, «Cameco Kazakhstan» компаниясының президенті, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

Қазіргі қызметінде 2017 жылдың тамызынан бастап.



Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Қанат Мәметқазыұлы

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT