24 сағат Медеу баспалдағында: Екі жігіт жаңа рекорд жасады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазан айында алматылық қос спортшы Нияз Жанзақов пен Шыңғыс Байқашев Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жаңа рекорд орнатты. Олар «24 сағат Медеу баспалдағында» челленджіне қатысып, 24 сағат бойы «Медеу» спорт кешеніндегі биік баспалдаққа көтеріліп, түсті. Осыған орай спортшы жігіттерді әңгімеге тартқан едік.

- Жігіттер, негізі қандай спорт түрімен айналысасыздар?

Нияз Жанзақов: Мен негізі велоспортшымын. Бірақ, биылдан бастап тауда жүгіруге қызығушылығым оянып, «скайраннинг» деп аталатын спортпен айналыса бастадым.

Шыңғыс Байқашев: Мен де «скайраннингпен» айналысып келемін. Бұл спорт түрі жеңіл атлетикаға жатпайды. Ол альпинизм тәртібі болып табылады.

- Осы жерде «скайраннинг» спорты жайлы толығырақ айтсаңыз.

Шыңғыс Байқашев: «Скайраннинг» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «тауда жүгіру» деген мағынаны білдіреді. Басты мақсат - биік шыңға көтерілу. Қазір Қазақстанда скайраннинг спорты кеңінен дамып келеді. Жалпы, Қазақстанға бұл спорт 2016 жылы келді.

- Бұл спортта жеткен жетістіктер бар ма?

Шыңғыс Байқашев: - 2019 жылы Red Fox Elbrus Race халықаралық жарысында 1-орын, Алматы қаласындағы скайраннинг жарыстарда 1-орын алған едім.

- Ал енді осы «24 сағат Медеу баспалдағында» челленджін өткізу идеясы кімге және қалай келді?

Нияз Жанзақов: - Бұл идея маған келді. Неге? Себебі, Қазақстанда скайраннинг спортын дамыту, насихаттау мақсатында осы челленджді өткізуді ойдадым.

Шыңғыс бүгін Қазақстан бойынша ең тәжірибелі скайраннер, халықаралық жарыстардың жеңімпазы және жақын досым болғаны үшін осы челленджді ұйымдастырып, оған қатысу туралы идеямды айттым. Ол келісті.

Айта кетейін, осыған дейін Шыңғыс екеуміз 2020 жылы бүкіләлемдік «Еveresting» челенджіне қатысқанбыз. Оның мақсаты - аз уақыттың ішінде Эверест тауының биіктігіне (8848 м) шығу болды. Біз оны 15 сағат ішінде бағындырдық. Биыл бұл межені қиындатып, 24 сағат ұйқысыз, аяқпен жүріп шығуды ойладым. Осылайша Медеудегі челленджге дайындықты бастап кеттік.

- Жалпы «24 сағат Медеу баспалдағында» челленджіне дайындық қалай өтті?

Нияз Жанзақов: - Шыңғыстың тәжірибесі мол болғандықтан осы қиын міндетке жақсы дайындала алдық деп ойлаймын.

Шыңғыс Байқашев: - Бұл челленджге біз бірнеше ай бойы дайындалдық. Тауда өткен түрлі жаттығуларға қатыстық. Бірнеше рет тауға шықтық. Таудағы баспалдақтарға да шықтық.

Нияз Жанзақов: - Старт күні жақындағанда күн райы бұзылды. Бірақ, старт уақытын өзгерту ойымызда болған жоқ. Себебі, біз тауға кез келген уақытта шығуға дайынбыз.

Нияз челлендждің қалай өткені, қандай сезімдерді басынан кешкені жайлы кеңінен айтып берді.

Нияз Жанзақов: - Челлендж өтетін күн де келді. Біз Медеу баспалдағының төмен жағында стартта тұрмыз. Бізді камералар түсіріп жатыр. Уақыт есептеу үшін сағат тілін бұрап, алғашқы биігімізді бағындыруға жөнелдік.

Айтпақшы, челлендж сағат 18.00-де басталды. 6 минут өткенде біз баспалдақтың ең биік нүктесіне шықтық. Сол кезде маған «бізде бәрі ойдағыдай болады» деген ой келді. Себебі, көңіл-күйіміз де жақсы болды, аяғымыз да жеңіл сезілді.

Алғашқы 4 сағат өткен соң, яғни, сағат 22.00-де кешкі жылы асымызды іштік. Жалпы, біз жоғарыға әрбір көтерілген сайын жылы су немесе шәй ішіп отырдық. 15 минут өткен соң қайтадан биікке көтеріле бастадық. Дала қараңғы болды. Күн суытып, қар түсе бастады. Киімім толығымен су болды.

Түнгі 02.30-ға дейін жүрісіміз оңай болды, себебі, бізге достарымыз қолдау көрсетіп тұрды. Кейбірі бізбен бірге шамасы жеткенше баспалдаққа көтеріліп, түсіп жатты.

Түн өтті. Таңғы 6-да таңғы асты ішуге аялдадық. Мұнда Айдын досымыз бізге ботқа жасап берді. Мен барлық жылы киімдерімді киіп алдым, себебі, түнімен қар жауып, дала суытып кетті. Сондай-ақ, баспалдаққа мұз қатып, тайғанақ болды.

Таңғы уақытта бойдағы қызуымыз азайып, төмен түсу қиын болғанын сезіндік. Себебі, бүкіл ағзамыз мұздап кеткендей сезілді. Қалай болса да, төмен түсуге бар күшімізді салдық. Пульсты көтеру үшін қолымызды көтеріп, секіріп, жаттығу жасадық.

Таңертең достарымыз, таныстарымыз қайта жинала бастады. Біз үшін өздерімен бірге көп тамақ әкелді. Біреуі шәй, біреу торт дегендей. Біздің көңіліміз көтеріліп, күшіміз қайта қалпына келгендей болды.

Ары қарай жүрдік. Сағат 10.30-дар шамасында есептесек, 9000 метр биіктікке көтеріліппіз.

19 сағат өтті. Менің жүруге зауқым азайып, бойымды еріншектік билей бастағандай болды.

Шыңғыс сол кезде маған «Қазір бізде қазір тіршілікке ұмтылу аймағы басталды» деді. Мен қарқынды 20 минутқа дейін азайтуды сұрадым. Осылайша, өз өзіме келдім, күшім қайта оралды.

Сағат кешкі 17.20 болды. Мәре жақындаған сайын таныстарымыз, достарымыз көбейе түсті. Жоғарыға соңғы 2 мәрте көтерілуіміз керек. Мәреге аз қалғанын, енді кішкене шыдау керек екенін ұғындым.

Соңғы осы 2 биіктікті бағындырған соң достарымыздың жартысы бізбен бірге төмен түсіп, қалған жартысы журналистермен бірге төменде бізді қарсы алды. Интервью, фотосессия басталып кетті. Бәрі біздің көңілімізді көтеріп, бізге сергектік сыйлады.

Біз болсақ баспалдаққа шығу челленджі расымен біткенін түсінбей тұрмыз. Осыдан кейін бізді сториске салу, сонда белгілеу деген секілді нәрселер көбейді. Ал біз болсақ, достарымызбен бірге тамақ ішуге кеттік.

- Осы челленджден соң аяғыңыз, еш жеріңіз ауырған жоқ па?

Нияз Жанзақов: - Бір қызығы, тобығымнан басқа еш жерім ауырған жоқ.Төмен түскен кезде жарақаттап алсам керек.

Шыңғыс Байқашев: - Жасыратыны жоқ, бұл челленджге шыдау - мен үшін психологиялық тұрғыдан қиын соқты дер едім. Дегенмен одан Нияз екеуміз сәтті өттік, бір-бірімізге көмектесе отырып, жеңіске жеттік деп айта аламын. Осыған байланысты челленджге дайындық кезінде де, оны орындау кезінде де бізге қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғыс айтамын. Барлық қазақстандықтарға мықты денсаулық тілеймін.

- Әңгімеңізге рахмет.


Соңғы жаңалықтар