24 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырманға 2023 жылғы 24 наурызға арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесі ұсынамыз.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні

Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен неміс микробиологы Роберт Кох туберкулез таяқшаларын ашқан күнінің (1882) құрметіне орай атап өтіледі. 1998 жылғы 16-қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығы шықты. Онда туберкулезбен күрестің негізгі шаралары анықталып берілді. Қазақ Ұлттық медицина университеті Т.Ә. Момыновтың басшылығымен Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ВОЗ) қолдауымен туберкулезбен күрес жөніндегі халықаралық бағдарламаны орындап отыр. Бағдарламаға Люксембург денсаулық сақтау министрлігі, Швецияның Корольдік академиясы, Токионың медицина мектебі, Гамбургтегі Медициналық білім академиясы сияқты шетелдік ұйымдар тартылды.

Халықаралық Адам құқықтарының өрескел бұзылуы және құрбандардың абыройына қатысты ақиқат орнату құқығы күні

2010 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының бастамасымен бекітілген. 24 наурыздың таңдалу себебі – 1980 жылы дәл осы күні төртінші Сан-Сальвадор архиепископы Оскар Ромеро қайтыс болды. Ол әлеуметтік теңсіздікке, кедейлікке, күш қолдану мен адам өлтіруге қарсы күресудің ірі қайраткері, танымал құқық қорғаушы еді.

Халықаралық ақпараттандырушылар күні

Ақпараттандырушылардың қоғамға қосқан маңызды үлесін атап өту үшін, сондай-ақ адамдарды үнсіз қалмауға, сыбайлас жемқорлықпен, алаяқтықпен, халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға төнетін қауіп-қатерлермен белсенді күресу үшін құрылған.

Халықаралық депрессиямен күрес күні

Адамдардың назарын психикалық денсаулық мәселелеріне аудару үшін жыл сайын атап өтіледі. Бүгінде бұл халықаралық датаны ауруды диагностикалау, емдеу және зерттеумен тікелей байланысты мамандардың кең ауқымы атап өтуде. Оларға психологтар, психотерапевттер, психиатрлар, мамандандырылған медицина студенттері, психологиялық мәселелермен күресуге көмектесетін әлеуметтік қызметкерлер кіреді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1976 жылы Семей қаласынан 70 шақырымда орналасқан Шүлбі су электр стансасының құрылысы басталды. Ол Ертіс бойындағы үшінші әрі белгіленген қуаттылығы жағынан Қазақстандағы ең ірі СЭС.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Куба Республикасының арасында дипломатиялық қатынастарды орнату туралы ноталар алмасылды.

2000 жылы Қызылорда облысының Жаңа Қазалы қаласына Әйтеке би есімі берілді.

2006 жылы Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасына Кавказ халықтарының Х ғасырдан бергі тарихы туралы 170 кітап тарту етілді. Кітаптарды ресейлік профессор, Халықаралық гуманитарлық миссия делегаты Магомед Мальсагов өзінің жеке кітапханасынан алып сыйға тартты. Бұдан тыс, М. Мальсагов Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасына ХІІІ-ХХ ғасырлардағы 12 әскери-тарихи картаны да қоса сыйлады. Оларды реставрациялау үш жылға жалғасты.

2014 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағына қазақстандық «Қазсат-3» спутнигі жеткізілді. Телекоммуникациялық «Қазсат-3» ғарыштық аппараты Қазақстан мен шекаралас мемлекеттер аумағында байланыс, телехабар тарату және жоғары жылдамдықтағы Интернет қызметтерін ұсынуға арналған. Спутник «Республикалық ғарыш байланысы орталығы» АҚ-мен (Қазақстан Республикасы) келісуім-шарт бойынша жасалып, әзірленген. Спутник 28 Ku-диапазоны транспондерлерімен жабдықталған. Спутниктің белсенді өмір сүру кезеңі 15 жылды құрайды.

2017 жылы Екібастұздың 64 жастағы тұрғыны Анатолий Пырлик экспедиция құрамында мұз үстімен Байкал көлінің (1 642 метр) терең нүктесіне дейін жетті және Павлодар География үйінің жалауын көтерді.

2020 жылы Қазақстан мәдениетін дамытуға қосқан ерекше құнды үлес деп танылған, әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармалары үшін Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктерге берілетін Абай атындағы Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы тағайындалды.

2020 жылы қазақстандық жас әнші Данэлия Төлешова Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО клубтарының музыкалық челленджінде бірінші болып өнер көрсетті. Челленджге қатысушыларға Қазақстан ЮНЕСКО Клубтарының әнұранының бір бөлігін кез келген ыңғайлы тілде (қазақ, орыс және ағылшын) әндетіп, өздерінің Instagram парақшаларына #ЕдинствоКлубовЮНЕСКО деген белгімен жариялау қажет болды. Әннің сөздері ЮНЕСКО-ның мақсаттары мен мұраттарын қамтиды және адамдарды бүкіл әлемде бейбітшілікті жақсартуға және сақтауға шақырады.

2022 жылы Дубай EXPO 2020 халықаралық көрмесінің қазақстандық павильонында күн энергетикасы, электроника өнеркәсібі, азық-түлік қауіпсіздігі және медицина салаларында қолданылатын қазақстандық әзірлеушілердің бірегей технологиялары ұсынылды.

Технологиялар инвесторларды тиімділік, шығындарды азайту, өзіндік құнды азайту және түпкілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру тұрғысынан қызықтырды.

2022 жылы Түркістанда Қазақстанда баламасы жоқ экобазар ашылды. Экобазардың жұмысы жергілікті туризмді дамытуға мүмкіндік береді, себебі ол автовокзал маңында, әуежайға барар жолда орналасқан және туристер осы жерден «Made in Turkestan» брендімен сүйікті тауарларын сатып ала алады.

2022 жылыПрагада қазақ ғалымы, ағартушы, қоғам және саяси қайраткер Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына, сондай-ақ Алаш қозғалысының мәдени мұрасына арналған дөңгелек үстел өтті.

Алғаш рет чех және ағылшын тілдеріне аударылған кітапқа қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткерлері мен ғалымдардың еңбектері енген.

Қазақтың көрнекті лингвист және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО-ның 2022 жылы тойланатын айтулы даталар күнтізбесіне енді.


Соңғы жаңалықтар