24 мамыр. Тұлғалар туған күн

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 24 мамырда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарға есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

5 1 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасының Жоғарғы аудиторлық палатасының төрайымы Наталья Николаевна ГОДУНОВА дүниеге келді.

Орал қаласында туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын (экономист мамандығы бойынша), Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Қаржы академиясын бітірген. Еңбек жолын 1993 жылы «Орал Агроөнеркәсіпбанкте» экономист болып бастаған. Батыс Қазақстан аумақтық мемлекеттік мүлікті және активтерді басқару комитетінің жетекші маманы, бөлім бастығы, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі, Батыс Қазақстан облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры (1997 - 2005); Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілідігінде кеңесші-экономист (2005-2006 ); Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі (2006-2009); Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілдігінің консультанты, орынбасары, міндетін атқарушы (2009-2011); Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі (2012-2013); Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, экономика, қаржы және жұмыспен қамту мәселелеріне жетекшілік етті (2013-2015); «Нұр Отан» партиясының хатшысы, «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесі Бюросының мүшесі (2015-2017); Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі (2017-2018); Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрайымы (2018-2022).

2022 жылғы қарашадан бері қазіргі қызметінде. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы (2008) және «Құрмет» орденімен (2016) марапатталған.

51 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері жоғары қолбасшылығының өкілі, авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Жанайдарұлы ҚАРБЕНОВ дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Екатеринбургтегі Суворов әскери училищесін (1989); 1994 жылы Качинск жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесін; 2001 жылы Ю.А. Гагарин атындағы РФ ҚМ Әскери-әуе академиясын; 2011 жылы РФ ҚК Бас штабының Әскери академиясын бітірді. 2001 жылғы шілдеде академияны тәмамдаған соң авиациялық базаның авиациялық эскадрилья командирі болып тағайындалды. Содан кейін штаб бастығы - авиациялық база командирінің орынбасары, әрі қарай авиациялық база командирі қызметін атқарды. 2011 жылғы желтоқсанда Әскери-әуе күштері қолбасшысының бірінші орынбасары - ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштері штабының бастығы болып тағайындалды. 2013 жылғы қарашадан бастап Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының (жауынгерлік даярлық жөніндегі) орынбасары - ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасы жауынгерлік және дене даярлығы басқармасының бастығы лауазымында қызмет атқарды. 2016 жылдың қаңтарынан желтоқсанына - ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары, 2016-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары лауазымында қызмет атқарды. 2017-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Мерейтойлық және еңбек сіңірген жылдары бойынша 6 медаль иегері.


35 жыл бұрын (1988) ауыр атлетикадан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Илья Александрович ИЛЬИНдүниеге келді.

Қызылорда қаласында туған. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетін бітірген. 2001 жылғы желтоқсанда Семейде өткен ел чемпионатында Қызылорда қаласының мектеп оқушысы 13 жасар ауыр атлет арнайы жүлдеге ие болды. 2005 жылы 17 жасында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы болды. Сол жылы 15 қарашада Катардың Доха қаласында 2005 жылғы чемпионаттың таңдаулы ауыр атлеті атанды. 2006 жылы Қытайда жастар арасындағы әлем чемпионы атанды. Осы жылы Санто-Домингода 94 келі салмақ санатында әлем чемпионы болды. 2006 жылдың желтоқсанында Катардағы Азия ойындарында 94 келі салмақта 401 келі нәтижемен чемпион атанды. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында жеңімпаз болып, алтын медальды жеңіп алды. 2010 жылы Қазақстанның және Азия ойындарының чемпионы. 2011 жылы Парижде үш дүркін әлем чемпионы атанды. 2012 жылы Лондон Олимпиадасының чемпионы атанды, 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында төртінші рет жеңіске жетті. 2016 жылы допинг дауына байланысты екі Олимпиададағы нәтижелері қайта қаралып, ХОК тәртіптік комиссиясының шешімімен Олимпиаданың алтын медальдарынан айырылды.

Еңбек жолы: Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» кешенінің директоры (05.2020-09.2020); Қазақстан спортшылар одағының Қызылорда филиалының басшысы (2020 жылдың қыркүйегінен).

«Құрмет», «Барыс» ордендерімен марапатталған.

29 жыл бұрын (1994 жыл) әлемдік деңгейдегі танымал әнші, композитор, мультиинструменталист Димаш (Дінмұхаммед) Қанатұлы ҚҰДАЙБЕРГЕН дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында туған. Димаштың ата-анасы – танымал әншілер Қанат және Света Айтбаевтар. Ол алғаш рет спектакльде ойнап, көпшілікке таныла бастады. Бес жасында тұңғыш рет музыкалық колледж сахнасында ән салған. Алты жасында «Айналайын» республикалық байқауының «Фортепиано» номинациясында жеңімпаз атанды. 2010 жылы «Байқонырдың Әсем дауыстары» Халықаралық фестивалінің І жүлде лауреаты атанды. 2012 жылы «Жас қанат» Республикалық жас ән орындаушылар байқауының Гран-при жүлдесіне ие болып, осы жылы «Восточный базар» Халықаралық байқауында І жүлде лауреаты атанды. 2013 жылы Димаш Құдайберген «Мейкин Азия» І Халықаралық фестивалінің жеңімпазы болды. Сонымен қатар Витебск қаласында өткен XXIV Халықаралық эстрадалық ән орындаушылар «Славян базары-2015» байқауында Гран-при жеңіп алған. 2015 жылы 28 қазан күні Ыстанбұлда Димаш Құдайберген «Abu TV» Халықаралық Азия-Тынық мұхит фестивалінда Қазақстан Республикасының атынан алғаш рет қатысты. Ол 2014 жылы Димаш Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде академиялық ән орындау сыныбын тәмамдап, Қазақ Ұлттық өнер университетінің «эстрада өнері» факультетіне түсті. Димаш қазақ, ағылшын, орыс, қытай, серб, итальян, француз, тағы басқа тілдерде ән орындайды. Димаш Құдайбергенов Қытайдың I am a singer (Мен әншімін) телебайқауына қатысып, сайыстың барлық кезеңінен өтіп екінші орынды жеңіп алды. Аталған жобаны Қытайдың ең ірі Hunan TV телеарнасы көрсетеді. 2017 жылы Азияның «Грэммиі» саналатын «Top Chinese Music Award» сыйлығын «Азияның ең танымал әншісі» аталымында жеңіске жетті. Көптеген халықаралық жүлделердің иегері.


Соңғы жаңалықтар