24 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 24 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

null

24 қыркүйек, ДҮЙСЕНБІ

Дүниежүзілік жүрек күні

2001 жылдан бастап Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен Жүрек ауруларының қауіптілігін насихаттау мақсатында атап өтіледі.

Гвинея-Бисау Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1973)

Гвинея-Бисау - Солтүстік-Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігі Сенегалмен, шығысы мен оңтүстігі Гвинеямен, батысы Атлант мұхитымен шектеседі. Мемлекетке 60-қа жуық аралдар кіреді. Астанасы - Бисау қаласы. Мемлекеттік тілі - португал тілі. Ақша бірлігі - песо.

Бүкіләлемдік теңіз күні

1978 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Х сессиясының шешімімен қабылданған.

Бүкіләлемдік теңіз күнінің мақсаты - теңіздер мен мұхиттарда балықты шектен тыс аулаудың, суаттарды ластау мен жаһандық жылынудың қаншалықты орны толмас зиян шектіретініне халықаралық қоғамдастық назарын аудару. Маңызды екі міндет - теңіздегі қауіпсіздікті арттыру және теңіз аумағын, соның ішінде мұнаймен ластаудың алдын алу.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1934 жылы Ұйғыр музыкалық комедия театры құрылды. Театр 1941-1961 жылдары Еңбекші қазақ ауданында болған, кейінірек Алматы қаласына қоныс аударған. 1964 жылы атауы Республикалық ұйғыр музыкалық драма театры деп өзгерген.

1993 жылы ТМД мүше-елдерінің мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кездесу барысында Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан мен Өзбекстан елдерінің басшылары ТМД-ға мүше-елдерінің экономикалық өзара қарым-қатынасының жаңа мазмұны толтырылған 18 құжатқа қол қойды. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ТМД елдері арасындағы жаңа өзара тиімді экономикалық қатынасты қалыптастыратын Экономикалық одақ құруды атап өтті.

1997 жылы Франция ұлттық типографиясында жаңа қазақстандық пошта маркасы жасалды. Онда Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың суреті мен республика картасы бейнеленген.

2005 жылы Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінде қазақстан-неміс есептеуіш ғылым және жоғары өнімді есептеп шығару тақырыбындағы алғашқы семинар болып өтті.

Семинардың негізгі мақсаты - есептеуіш ғылымы саласындағы соңғы жетістіктерді талқылау және Қазақстан мен Германия ғалымдары арасындағы тығыз ынтымақтастықты дамыту.

2005 жылы  Петропавлда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылды.

Жобаның авторы - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Хасен Абаев. Петропавлда ескерткіш орналасқан жерде бұрын Халықтық Ішкі істер комиссариатының ғимараты орналасқан болатын. Ескерткіштің іргетасына шойын жолға бекітілген пирамида орнатылған. «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына» деген жазу қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Үшбұрышты пирамида - бұл бәріне белгілі адам символы болып табылады. Ол шойын жолға бекітілген сияқты, сол жолмен кезінде репрессияға ұшырағандарды Қазақстанға жеткізген. Шетінде - үш жол, ол жарлық шығарған сталиндік «үштікті» бейнелейді. Композицияда үш түс пайдаланылған: қара түс - өлім, қызыл түс - қан, ақ түс - болашаққа деген сенім мен үміт. Ескерткіш орнатылған алаңда қазіргі заманғы талаптарға сай жасалған шағын бақ ашылды.

2007 жылы  Астанадағы Жастар сарайында жаңадан жабдықталып ашылған кинозалдың тұсаукесері өтті.

2007 жылы  Павлодар облысының Баянауыл ауылында академик Әбікен Бектұровтың (1901-1985) ескерткіші орнатылды.

Ә.Бектұров қазақтың алғашқы академигі Қаныш Сәтбаевпен бірге Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастыруға қатысты, бүгіндері өзінің есімімен аталатын Химия ғылымдарының институтын құрып, оған басшылық етті.

2008 жылдың шілдесінде Алатау ауданының бой көтеруіне байланысты, Алматы әкімшілігінің және мәслихатының ХІ сессиясы шешімімен Жетісу әкімшілік аймағының жаңа шекарасы белгіленген.

2009 жылы  Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында Ақпараттық даму орталығы ашылды.

Бұл орталық Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Дүниежүзілік банк, Орталық Азиядағы аймақтық экономикалық ынтымақтастық департаменті, Еуразия даму банкі, Ислам даму банкі, Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты халықаралық ұйымдармен серіктестігі нәтижесінде құрылды.

Ақпараттық даму орталығының міндеті - Қазақстанда тіркелген халықаралық ұйымдардың озық тәжірибелері мен жинақтаған білімдерін барша жұртшылыққа кеңінен тарату. Орталық даму саласындағы ақпараттарға ашық және ақысыз қол жеткізуге мүмкіндік береді және барлық мүдделі тұлғаларға қазіргі заманғы үнемі жаңартылып тұратын ресурстарды, халықаралық ұйымдардың озық білімдері мен тәжірибелерін пайдалануды ұсынады.

2009 жылы  Алматыда Жетiсу ауданының «Құлагер» ықшамауданында орналасқан жаңа әкiмшiлiк орталығы ашылды.

2010 жылы Астанадағы Конгресс-холда «Базар жоқ» бағдарламасымен әзіл-сықақ театрының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шығармашылық топқа театр директоры әрі ұжымның шығармашылық жетекшісі Тұрсынбек Қабатов, танымал қазақстандық сатирик Нұржан Тұтов, Ерболат Төлегенов, Аманғали Сыпабеков және т.б. әзілкештер кірді.

2010 жылы танымал қазақстандық ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов «Жәңгір» тарихи драмасының сценарисі және продюсері атанды.

2012 жылы  Павлодарда Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потанинге арналған ескерткіш ашылды.

XIX ғасырда тұрып, Қазақстанның мәдениеті, ғылымы және әдебиетіне үлкен үлес қосқан екі көрнекті тұлға, екі дос қоладан жасалған мүсіндік композицияда мәңгі есте қалдырылды.

«Ш. Уәлиханов пен Г. Потанин» мүсіндік композициясының биіктігі 3,6 метр, ол танымал қазақстандық мүсінші Мұрат Мансұровтың жұмысы. Оның тұғыры өңделген гранитпен қапталған.

2013 жылы 26 елдің 200-ден астам ғалымы Алматыдағы «Ядролық физика институты» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны базасында өткен «Ядролық және радиациялық физика» атты 9-шы Халықаралық конференцияға қатысты.

Конференция жұмысының екі күнінде ғалымдар бірқатар маңызды мәселелерді, атап айтқанда, жаңа заманның ядролық-энергетикалық құрылғыларын құру және ядролық энергетика қауіпсіздігін қарастырды.

2013 жылы «Шал» фильмінің сценарисі әрі режиссері Ермек Тұрсынов XXII ашық кино фестивалінің бас жүлдесін - «Алтын лозаны» жеңіп алды. «КиноШок-2013» - ТМД, Латвия, Литва және Эстония елдерінің ашық фестивалі.  Байқау қорытындысы бойынша, бас жүлде қазақтың «Шал» фильміне берілді. Ал аталған фильмде басты рөлді сомдаған Ерболат Тоғұзақов «Үздік ер адам рөлі» аталымындағы жүлдені жеңіп алды.

2015 жылы Қазақстандағы цианид өндіруші жалғыз зауыт Қаратау қаласында орналасқан «Talas Investment Company» ЖШС өзінің алғашқы өнімін берді.

2000 жылы  Берлиндегі Мысыр мұражайында Клеопатра қолтаңбасының әлемдегі жалғыз данасы табылды

2007 жылы  БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде климаттың өзгеру проблемаларына арналған жоғары деңгейдегі кездесу болып өтті.

Президенттер мен үкімет басшылары, сондай-ақ өкілдер делегациялары климаттың өзгеруінің салдарын жұмсарту, зиянды ауа қалдықтарының ауаға шығарылуын азайту сияқты тақырыптарын, сондай-ақ аталмыш проблемалардың техникалық және қаржылық аспектілерін талқылады. 1992 жылы Рио-де-Жанейрода әлемнің 180-нен астам елі қол қойған Климаттың өзгеруі туралы БҰҰ-ның негізгі конвенциясы қабылданған болатын. Ол келісімде климаттың өзгеру проблемасы бойынша қатысушы елдердің ортақ іс-қимыл қағидалары көрсетілген. Тараптардың нақты міндеттемелері зиянды газ квоталарының тетігін анықтайтын Киото хаттамасында жазылған.

2014 жылы  Венециядан 45 шақырым жерде орналасқан 4 жұлдызды SPA-қонақүйінде әлемдегі ең терең бассейн ашылды.

Оның тереңдігі - 40 метр, ал ені - 20 метр. Ондағы судың температурасы әр уақытта 32-34 градус деңгейінде болып тұрады.

 

Соңғы жаңалықтар