24 қаңтар. Тұлғалар туған күн

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 24 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

72 жыл бұрын (1951) жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асылбайұлы АСҚАРОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

1975-1986 жылдары «Білім және еңбек» (қазіргі Зерде) журналының көркемдеуші редакторы, әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болған.

1986-1991 жылдары - «Өнер» баспасының бас редакторы, 1991-1993 жылдары – ҚР Президенті мен Министрлер Кабинеті Аппараты ішкі саясат бөлімінің аға референті.

1993-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары, бірінші орынбасары болған.

1997-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мемлекеттік баспа бағдарламаларын ұйымдастыру департаментінің директоры.

2003-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Ақпарат министрлігі Баспа және полиграфия департаментінің директоры, Минск қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің Мерзімді басылымдар, кітап басу ісі, және полиграфия саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Халықаралық Кеңестің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі, бас инспекторы болды; ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры (2012-2014) қызметтерін атқарған.

«Құтмекен», «Тайга толғауы», «Жасыл әлемге саяхат», «Ерте түскен бозқырау», «Ағалардың әзілі, құрдастардың қалжыңы», «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», «Родники рождаются в горах», «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Назеркеге хат», «Скрип соленого сердца», «Социализм әңгімелері», «Социализм хикаяты», «Стон дикой долины», «Кешегі күннің хикаясы», «Шабанбайдай жер қайда», «И смех, и слезы, и любовь...», «АЛТАЙ-алтын бесік, ата жұрт», «Надейся и жди!», «Көңілдің көк дөнені» атты кітаптары жарық көрген. Медальдармен марапатталған.

70 жыл бұрын (1953) кинорежиссер, актер, сценарист, продюсер, Қазақстан Республикасының өнер қайраткері Ермек Бектасұлы ШЫНАРБАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында дүниеге келген. Бүкілодақтық кинематография институтының 1974 жылы актерлік, 1982 жылы режиссерлік бөлімдерін бітірген.

1974-1977 жылдары «Қазақфильм» кино-студиясында актер болды. 1981 жылы алғашқы қысқаметражды «Қаралы сұлу» көркем фильмін түсіріп, ол «Бастау» республикалық бәйгесінде Бірінші жүлдені иеленеді.

1990 жылдары Шынарбаев «Қазақфильм» киностудиясының «Әлем» шығармалық-бірлестігінің көркемдік жетекшісі болды.

«Әпкем менің Люся» (1985), «Орманнан алаңға шығу» (1987), «Кек» (1989), «Сұр үш сайлы баскиімдегі орын» (1992), «Нәзік жүрек» (1993), «Періштеге жазылған хаттар» (2009) және көптеген тағы басқа көркем фильмдердің; 20-ға жуық деректі фильмнің, оның ішінде «Рояль жанындағы монологтер», «Дуэт», «Прованс күнделігінен» фильмдерінің режиссері.

Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі (1986 жылдан). «Әлем» бірлестігінің шығармашылық жетекшісі (1989 жылдан), Алматыдағы Ұлттық продюсерлік орталықтың директоры (1996 жылдан), «Eurasia Film Production» компаниясының арт-директоры мен режиссері (2005 жылдан).

«Жігер» шығармашылық жастар байқауының лауреаты (1983). «Орманнан алаңға шығу» кинофильмі үшін Халықаралық кино байқауындағы (Амьен қаласы,Франция, 1987) сыйлықтың, А. Ланглуа атындағы Халықаралық кино байқауындағы (Тур қаласы, Франция, 1992) Халықаралық мәдениет, өнер мен киноның дамуына көмек көрсету ұйымы СИДАЛК сыйлығының, Халықаралық кино байқауындағы «Алтын қабылан» сыйлығының (Локарно қаласы, Швейцария, 1993) және тағы басқа жүлделердің иегері.

55 жыл бұрын (1968) Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Қоңырбайұлы АСАНОВдүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. 1992 жылы К. Скрябин атындағы Мәскеу ветеринарлық академиясын бітірді. 2003 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде заңгер дипломын алды. 2009 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген. 2019 жылы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясында білім алды. Іскерлік әкімшілендіру докторы. Мамандығы бойынша ветеринар, заңгер, экономист.

Еңбек жолы: «Нұра» АҚ ветеринарлық дәрігер (1992); «АЗиЯ» ЖШС директоры (1996-2006)); Қарағанды қаласының Ауыл шаруашылығы, жер қатынастары дербес бөлімдерінің бастығы (2006-2009); Қарағанды облысы жер қатынастары басқармасының жерді жоспарлау, болжау және пайдалану бөлімінің бастығы (2009-2011); Қарағанды облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басқармасының бастығы, бастығының орынбасары (2011-2013); ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаменті халықты жұмыспен қамту саясаты басқармасының бастығы (01.2013-10.2013); Қарағанды облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы (2013-2016); ветеринария басқармасының басшысы Қарағанды облысының әкімі (2016-2017); Қарағанды облысы Абай ауданының әкімі (2017-2022).

2022 жылдың желтоқсаннан бастап қазіргі қызметінде.

49 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі Жалпы мәселелер бөлімінің меңгерушісі Расұл Қабдолұлы ОРАЗҒҰЛОВдүниеге келген.

Павлодар облысында туған. Ақмола қаржы-экономикалық техникумын (1994); Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін (2000); С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін (2010) бітірген.

Еңбек жолы: Павлодар облыстық қаржы басқармасының жетекші маманы, бас маманы (1994-1998); ҚР Қаржы министрлігінің АӨК және қоршаған ортаны қорғау басқармасының экономисі, жетекші экономисі, бас маманы, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары (1998-2002); ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Салалық органдардың шығындарын жоспарлау департаменті директорының орынбасары, басқарма басшысы (2002-2006); Қарағанды облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры (Басқарма басшысы) (2006-2009); Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары (2009-2010); «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты басшысының орынбасары (2010-2014); Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы (2014-2018). 2018-2019 жылдары Астана қаласының Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болған. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары (2019-2021).

2021 жылғы наурыздан бері қазіргі қызметінде.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған.

48 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Мадияр Темірұлы БАЛКЕН дүниеге келген.

Алматыда туған. Қ. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін (1996); Қазақ мемлекеттік заң академиясының аспирантурасын (1999) бітірген.

Еңбек жолы: «Әділет» Жоғары құқық мектебінің оқытушысы, аға оқытушысы, доценті (1996-2005); «Еуразия СТ» заңгері, «TURKUAZ» компаниялар тобының кеңесшісі, заң қызметінің директоры (2001-2005); Оңтүстік Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы (2006-2009); Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы (2009-2012); Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы (2012-2015); Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы (2015 жылдан); БАҚ-пен ықпалдастық жөніндегі үйлестіруші судья (2016), Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының халықаралық байланыстар жөніндегі үйлестіруші судьясы (04.2016-09.2016); Қазақстан Республикасы Судьялар кеңесінің хатшысы (2016 жылдан).

43 жыл бұрын (1980) ҚР Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезекұлы ЕЛГЕЗЕК дүниеге келді.

Семей облысы Шұбартау ауданы Мәдениет ауылында Е. Рахмадиев атындағы орта мектепті бітірген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің тарих факультетінің түлегі.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан «Серпер» жастар сыйлығының, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың және Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, «Алтын қалам» қоғамдық сыйлығының иегері.

«Қазақ әдебиетін қолдау» қоғамдық қорының жетекшісі. «Кентавр» ұлттық әдеби апталығының негізін қалаушы. «Көлеңкелер күбірі» атты жыр жинағы жарық көрген. Иван Бунин, Дмитрий Мережковский, Варлам Шаламов, Владимир Высоцкий, Гийом Аполлинер шығармаларын аударған. Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қалалық ішкі саясат департаменті қоғамдық-саяси бөлімінің бас маманы болып бастаған.

2003-2015 жылдары «Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі президентінің кеңесшісі, Алматы қалалық ақпараттық-талдау орталығының директоры, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жастар бірлестіктерімен жұмыс істеу бөлімінің бастығы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығының бас редакторы, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығы Адамның үйлесімді дамуы институтының директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің аппарат басшысының орынбасары лауазымдарын атқарған.

Оңтүстік Қазақстан (Түркістан) облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары (2016-2017); ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі (2022 жылдан бастап).


Соңғы жаңалықтар