24-30 маусымда бос жұмыс орындарының онлайн жәрмеңкесі өтеді – Еңбек министрлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 24-30 маусым күндері бос жұмыс орындарының алғашқы онлайн-жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірінші кезектегі мәселе – жастарды жұмысқа тарту. Бұл үшін ірі және орта кәсіпорындардағы бос жұмыс орындарына онлайн жәрмеңке өткізу арқылы жастарды еңбекпен қамтуды қолға алдық. Биыл мамыр айында ERG компаниялар тобымен бірлесіп, білім беру ұйымдарының түлектерін және 35-ке дейінгі жастарды жұмысқа орналастырудың онлайн-жәрмеңкесі пилоттық режимде өтті. Компания 350 жұмыс орнын ұсынды. Бір апта ішінде жұмыс берушінің талаптарына сай келетін 159 жас іріктеуден өтіп, жұмысқа қабылданды. Олардың арасында еліміздің барлық өңірінің өкілдері бар», - деді Т. Дүйсенова Үкімет отырысында.

Пилоттық жобаның қорытындысын Білім және ғылым, Ұлттық экономика, Цифрлық даму министрліктері, тау-кен, металлургия саласындағы кәсіпорындар және «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының өкілдері жан-жақты зерделеген.

«Соның нәтижесінде бұл компаниялармен «осы жыл соңына дейін электронды еңбек биржасына 20 мың бос жұмыс орнын орналастыру туралы» келісімге келдік. Оның ішінде IT саласы мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы да бар. Бос орындардың алғашқы онлайн-жәрмеңкесі 24-30 маусым аралығында өтеді. Келешекте ай сайын тұрақты түрде ұйымдастыру көзделіп отырған жәрмеңке тек кәсіпорын орналасқан аймақ тұрғындарына ғана емес, барлық қазақстандықтарға бірдей қолжетімді болуын, жұмысқа қабылдау процесінің ашықтығын, жұмыс іздеушінің мақсатты таңдауын және жұмыс берушілердің сапалы іріктеу мүмкіндігі болуын қамтамасыз етеді», - деді Тамара Дүйсенова.

Осыған дейін Қазақстандағы жұмыс күшінің 60% миллениалдар мен Z буын еншісінде екені жазылды.



Соңғы жаңалықтар