23 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды - ІІМ

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылғы қыркүйектің 14-19-ы аралығында республика аумағында ішкі істер органдары «Тұрмыс» жедел алдын алу шараларын өткізді. Шара барысында 23 мың 555 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен дәстүрлі брифинг барысында мәлім болды,

   деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің ұсынған мәліметтеріне қарағанда, ауқымды шараға ішкі істер органдарының 13 мыңнан астам қызметкері, оның ішінде 5 мың учаскелік полиция, 1,5 мың кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік, криминалдық полицияның қызметкерлері жұмылдырылған. Бұдан басқа, шараға кәсіпорындар мен ұйымдардың қоғамдық көмекшілері, құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымның мүшелері, білім беру және денсаулық сақтау органдарының өкілдері атсалысқан.

Кешенді шара барысында тұрғылықты жері бойынша 124 мыңға тарта адам тексеруден өткен. Олардың 33 мыңы отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықпен аты шыққандар, 79 мыңға жуығы спирттік ішімдіктерді ұдайы пайдаланатындар болса, 12 мыңға жуығы жағдайы нашар отбасылардан болып отыр. Нәтижесінде 23 мың 555 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұның ішінде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қарсы іс-әрекеттер үшін - 2096 адам, баланы тәрбиелеу бойынша міндетін орындамау - 594 адам, кәмелетке толмағандарды мас күйіне жеткізуге қатысты 142 адам, спирттік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болу - 19 мың 557 адам, тыйым салынған орындарда сыра ішкені үшін - 5 мың 545 адам тартылды. Ата-ананың немесе басқа тұлғаның кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуі бойынша міндеттерін толық орындамау фактісіне сәйкес 8 қылмыстық іс қозғалды.   

Соңғы жаңалықтар